Қазақстанның автошиналар, қосалқы бөлшектер мен сервис нарығы 2 млрд. долларды құрайды

АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанның автошиналар, қосалқы бөлшектер мен сервис нарығының 50 пайызы көлеңкелі экономикада. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Қазақстанның автонарығын дамытудағы үрдістер, болжамдар мен мәселелер туралы дөңгелек үстел жиынында айтылды.

Қазақстанның автошиналар, қосалқы бөлшектер мен сервис нарығы 2 млрд. долларды құрайды

«Елімізде автомобильдерді реттеу, сату мен өндіріс біршама жақсы ұйымдастырылған. Бірақ құрамына қосалқы бөлшектер, автошиналар мен сервис кіретін сатудан кейінгі қызмет көрсету онша дамымай отыр. Мәселен Қазақстанның автошиналар, қосалқы бөлшектер мен сервис нарығы 2 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл жеткілікті деңгейде салмақты нарық», - дейді «СВС Транс» компаниясының бас директоры Олег Туркин. Оның айтуынша, бұл нарықтың 50 пайызға жуығы көлеңкеде. Бұл қызмет кәсіби емес ұсақ шеберханаларда ел аумағына заңсыз әкелінген қосалқы бөлшектер арқылы жүргізіледі. Ал одан бюджет тек салық түрінде алынатын 200 млн. доллардай қаражаттан қағылып отыр. Жалпы ондағы сапасыз қызмет пен жасанды бөлшектер көліктердің жол қауіпсіздігінде әсері мол. Сондықтан бұл мәселеге үкіметтің назарын көбірек аудару керек.