Қазақстанның бірқатар өңірлері аумағындағы республикалық жолдар жабылды

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның бірқатар облыстары аумағындағы республикалық жолдарда көлік қозғалысы шектелді.

Қазақстанның бірқатар өңірлері аумағындағы республикалық жолдар жабылды

Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлайды.

Жамбыл облысы өңіріндегі боранға байланысты бүгін сағат 07.30-дан бастап «Алматы-Ташкент-Термез» жолының 536-593 шақырымындағы «Айша бибі-Оңтүстік обл. шекарасы» аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді.

Қарағанды облысы аумағында да бүгін сағат 09.00-ден бері қолайсыз ауа райы салдарынан «Екатеринбург-Алматы» жолының 1858-1922 шақырымындағы «Балқаш-Сарышаған» аралығында қоғамдық және жүк автокөлік түрлерінің жолға шығуына тыйым салынды.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысындағы боранға байланысты сағат 09.00-ден бастап «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 611-658 шақырымындағы «Ақбиік - Жібек жолы» аралығында да жол жабылды.

Ал Алматы облысы аумағындағы қардың қалың түсуіне орай бүгін сағат 11.05-тен бастап «Қапшағай-Қүрті» жолының 0-68 шақырымы аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына шектеу қойылды.