16:13, 07 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасы Шығыс Еуропа, Түркия және Орталық Азия елдерінің қызығушылығын тудырып отыр
;АЛМАТЫ. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Басқаларға қарағанда кезінде қор жинай алған елдерде дағдарысты еңсеру оңайға түсіп отыр. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Шығыс Еуропа, Түркия және Орталық Азия мемлекеттеріндегі экономикалық дағдарыстың әлеуметтік салдары туралы конференцияда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дағдарыс бұдан ары жалғасатын болса, Қазақстан оған дайын деп есептейміз. Өйткені республикалық бюджетте келесі жылға «Жол картасы» мен басқа да дағдарысқа қарсы шараларды жалғастыруға қажетті қаражат қарастырылған. Әлеуметтік төлемдерге де өткен жылға қарағанда 150 миллиард теңгеге артық қаражат қаралып отыр», дейді Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова. Оның айтуынша, өзге елдерден келген барлық әріптестері Қазақстан тәжірибесіне ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Егер ол өзге елдердегі ахуалды жақсартуға септігін тигізетін болса, бұл барлық тараптар үшін де ортақ қуаныш болмақ. Жалпы мұндай шаралар көршілес Ресей мен Әзірбайжанда да атқарылып жатыр.