Қазақстанның дәрігерлері ер адамдардың денсаулығына алаңдаулы

Бұл мәселе бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Ер адамдардың өмірі қысқарып барады. Сондықтан ерлердің қуық асты безінің ісігіне шалдыққан сырқаттарға көмектесу мен ауруды ерте анықтаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігі туындап отыр. Аталмыш сырқатты емдеу тәсілдері аурудың сатысына байланысты», - дейді Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының Урология, андрология және сексопатология кафедрасының меңгерушісі Болат Шәлекенов.
«Ерлер денсаулығы» қоғамдық бірлестігі қауымдастығы төрағасының айтуынша, қуық асты безі ісігінің жеңіл түрін (І-ІІ стадия) радикалды простатэктомия арқылы емдейді. Қарапайым тілмен айтқанда, простата мен жыныстық бездер, жамбастағы лимфа бездері хирургиялық жолмен алып тасталынады.
Медицина ғылымының докторы Б. Шәлкеновтың сөзіне қарағанда, сырқаттың алдын-алу мақсатында ауруға шалдығу қаупі жоғары топқа жататын бірақ, дені сау ер адамдар құрамында май мен холестерині бар өнімдерден бас тартып, құрамында A, E және D дәрумендері бар жемістер мен көкөністерді пайдалануы қажет. Шылымнан бас тартып, дене тәрбиесімен айналысу және барынша салауатты өмір салтын ұстану арқылы да аурудың алдын алуға болады. Әдетте, бұл сырқатқа жасы 50-ден асқан ер азаматтар шалдығады. Оның бірден-бір себебі: қартайған адамның ағзасында ішкі және сыртқы факторлар әсерінен гормондық тепе-теңдіктің бұзылуы болып табылады. Ішкі факторларға генетикалық тұқымқуалаушылық факторлары да жатады. Туған ағайындарының бірі осы сырқатпен ауырған болса оған шалдығу қаупі кем дегенде екі есеге, егер әулетте ауырғандар саны екі немесе одан да көп болса 5-11 есеге артады. Оған шалдығу көрсеткіші географиялық орналасуына қарай әр аймақта әртүрлі болып келеді. Мысалы, Солтүстік Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш жоғары болса, Оңтүстік-Шығыс Азияда - төмен.