Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттама Сенат отырысында талқыланады
Айта кетейік, биылғы жылдың маусым айында Қазақстанның көп жылдар бойы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы жүргізген келіссөздері аяқталған болатын. Ал 27 шілдеде ДСҰ-ға кіру туралы хаттамаға Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Женева қаласында қол қойды. Осыған орай, еліміздің ДСҰ-ға енуі үшін ішкі мемлекеттік рәсімдер жүзеге асуы керек, соның ішінде Парламент аталған хаттаманы ратификациялауы тиіс.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстанның ДСҰ-ға кіру бойынша келіссөздері негізгі төрт бағытта жүзеге асқан. Соның ішінде бірінші бағыт - көпжақты ауыл шаруашылық саласына мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көлемі туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ-ның 55 мүше-мемлекеттерімен арада жүргізілген. Екінші бағыт - көпжақты Қазақстанның сауда-экономикалық саясатының ДСҰ шарттарына сәйкестігін анықтайтын келіссөздер. Үшінші бағыт - Қазақстанның қызмет нарығында шетел компанияларының жұмыс жасау шарттары туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ шеңберіндегі 15 мемлекетпен жүргізілген. Төртінші бағыт - Қазақстанның тауарлар нарығына импортталатын кедендік баждардың ең жоғары мөлшері туралы келіссөз, бұл ДСҰ-ның мүшесі болып табылатын 30 мемлекетпен жүргізілген.
Тұтастай алғанда ДСҰ мүшелігі елімізге көпжақты сауда келіссөздеріне қатыса отырып, сауда-экономикалық стратегияларын жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашатын болады. Бұдан бөлек, Қазақстан үшін ДСҰ-ның басқа мүше-мемлекеттеріне сол елдердің ішкі транспорттық тарифтері бойынша тауарлар экспорттауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстанның ДСҰ-ға енуі бірлескен шетелдік кәсіпорындар құруға, зияткерлік меншік объектілерімен алмасуға, экономиканың түрлі салаларына жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға септігін тигізеді. Айта кетерлігі, осы хаттама күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға мүше болады.
Комитет мүшелері заң жобасын палатаның алдағы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.