Қазақстанның екі азаматынан коронавирус табылды - Біртанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш айдан бері біз коронавирусқа Қазақстанда жол бермеу бойынша көп шараны іске асырған едік. Бірақ өкінішке қарай, бүгін бірнеше рет тексергеннен кейін Қазақстанның екі азаматында коронавирус инфекциясы табылды. Бүгін біздің Алматыдағы лабораторияда Қазақстанның екі азаматынан коронавирус расталды. Олар Германиядан келгендер», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл азаматтар карантиндік стационарға жатқызылған.

«Аталған азаматтар Алматы қаласындағы инфекциялық стационарда жатыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, елімізде коронавирус тіркелген жағдайда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. «Б» жоспары бүгін күшін енді. Бірінші пациент 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда келген. Олардың кім екенін жариялай алмаймыз. Бір ер адам мен бір әйел. Екеуі де Қазақстанға ұшақпен ұшып келген. Бортта коронавирусты жұқтырғандармен бірге болғандардың бәрі де карантинге жатқызылады. Яғни, 9 наурызда бірге ұшқан 73 адамның кім екені анықталды. Олар бақылауда. Қайда екенін білеміз. Карантинге жатқызу шараларына кірістік. Олар ауру адамдар емес», - деді Е. Біртанов.

Сонымен қатар ол бортта екі қазақстандықпен ұшып келген жолаушылардың тізімі бар екенін жеткізді. 12 наурызда келген ұшақтағы 12 азамат қазіргі таңда карантинде жатыр.

Қазір барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізіліп жатыр.

Коронавирус инфекциясына шалдықты деп күдіктелген тұлғада аурудың клиникалық белгісі жоқ.

Эпидемияға қарсы барлық қажетті шара қолданылып жатыр, соның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекциялық іс-шара бар.

- карантинге жатқызу үшін төсек орындары әзірленген;

- медициналық препараттар мен дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті;

- медициналық персонал толық дайын;

- сұрақ туған жағдайда, 1406 нөміріне call орталыққа хабарласу керек.


Соңғы жаңалықтар