Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы сындарлы ынтымақтастықты жолға қою үшін жаңа мүмкіндіктер ашады - Қ.Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті
Шынтуайтында, бұл ЕҚЫҰ «үштігі» жұмыс төрағаларының мүшесі ретінде ғана емес, біздің мемлекетіміздің осы Ұйымның болашақ төрағасы ретіндегі өзіндік бір күш-қарымын байқау іспетті болды. Мұның біз ойлағандай болғанын атап өткен жөн, өйткені, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы, Швеция Парламентінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Й.Леннмаркердің Қазақстан - Еуразия кіндігіндегі үздік ел ретінде көп ұзамай ЕҚЫҰ үлкен отбасының назарында болады, деген пікірінің өзі көп нәрсені аңғартады.Мұның сыртында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Ж.Соарештің, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азия бойынша өкілі К.Кильюненнің, Еуропарламенттің басқа да салмақты өкілдерінің дуалы пікірлерін қосуға болады. Қазақстанның және оның көшбасшысы Н.Назарбаевтың атына Австрия жоғары басшылығының тарапынан жылы лебіздер білдірілді. Сапардың барысына шетелдік ақпараттық агенттіктер оң тұрғыдан түсініктемелер берді. Әдетте ішкі сезімін сыртқа шығара бермейтін, халықаралық ауқымдағы дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де журналистермен кездесуде, өзінің зор халықаралық байланыстар тәжірибесіне қарамастан, сапар ол үшін барлық жағынан да қызықты, барынша мазмұнды, жемісті болғанын және оның нәтижелеріне риза екенін айрықша мәлімдеді. Бүгін ҚР Парламенті жоғарғы палатасының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ҚазАқпарат қонағы және бұл тақырыпта толығырақ әңгімелесуге мүмкіндік бар.
- Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясында таза ағылшын тілінде сөйлеген жарқын сөзіңіз, ҚР Парламенті делегациясы атынан жасалған тамаша қабылдау мен Қазақстан өнер шеберлерінің қызықты концерті, Сіздің Австрия Республикасының президентімен және парламенттегі әріптестеріңізбен ойдағыдай өткен келіссөздеріңіз көп жағдайда Венада бізге достық пен ізгі ниетті рәуіштің орнауына зор ықпал етті. Осынау игі сезім менің есіме бұдан жарты ғасыр бұрынғы жайды еріксіз еске түсіріп отыр. Сол кезде Лондонда халқымыздың даңқты ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өзінің сымбатты тұлғасымен, кенен ақыл-парасатымен жаһандық ауқымдағы саясаткер Уинстон Черчилльдің таңданысын туғызып, қазақ ұлты жөнінде жарқын әсер қалдырған болатын. Парламенттік делегацияның осы бір сапарының мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берсеңіз?
- Жылы лебізіңіз үшін рахмет. Ал сапардың өзіне келетін болсақ, оны екі түрлі кеңістікте қарастыруымыз қажет. Біріншісі - ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы отырыстарына парламенттік делегация басшысы және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті ретінде қатысуым. Сессия барысында біз «Еуропаға жол» бағдарламасын таныстырдық. Екіншісі - Парламенттің қос палатасының спикерлерімен екіжақты келіссөздерді, сондай-ақ Австрия президенті Хайнц Фишермен кездесуді қамтыды. Алғашқы мәселеге байланысты айтар болсам, қысқы сессияға қатысуымыз ойдағыдай болды. Таныстырылым тиісті деңгейде өтті. Қалай болғанда да, таныстырылым аяқталғаннан кейінгі айтылған пікірлер ойға алған мақсатымызға жеткенімізді аңғартады. Еуропалық қоғамдастықтың пікірінше, біз осы жолдың бастауында тұрмыз және болашаққа үлкен негіз қаладық. Әрине, Еуропалық қоғамдастық біздің оның мүшесі болуға ұмтылысымызды және ЕҚЫҰ стандарттары мен құндылықтарын жақтайтынымызды жоғары бағалайды. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы мүлтіксіз жүзеге асырылуға тиіс деп санайды. Иә, бізден «Еуропаға жол» бағдарламасын күткен болатын және оны тыңдауға ерекше ықыласты болды. Бағдарламаны қысқаша түрде баяндадық, өйткені оның кеңейтілген нұсқасы өзге де Қазақстан жайлы таныстырылымдық материалдар сияқты еуропалық парламентшілер арасында алдын ала таратылғанын ескердік. Мен өз сөзімде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға болашақ төрағалығындағы басты басымдықтарға тоқталдым. ЕҚЫҰ-да, атап айтқанда, парламентшілер арасында бұл тұжырымдар лайықты қабылданды. Біз Ұйымда қандайда бір түбегейлі өзгерістер жасау мақсатын көздемейміз. Біз ЕҚЫҰ әлеуетін нығайта түсу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды, қауіпсіздіктен бастап экономикалық, қоршаған ортаны қорғау, соның ішінде әрине, адами өлшемдерді қоса алғанда, әртүрлі бағыттарда оның мандатын күшейтуді жақтаймыз. Мен бұл бағыттардың бірде-бірін жоққа шығармайтынымызды мәлімдедім. Керісінше, біз осы үш өлшемді ілгері қарай жылжытып, нығайта түсетін боламыз. Иә, аймақтағы қауіпсіздіктің үлкен маңызы бар. Атап айтқанда мен Ауғанстанды мысалға келтірдім, ал шындап келгенде ЕҚЫҰ тұрғысынан Орталық Азия аймағы келешекте ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан алғанда тиісті назар аударуды қажет етеді. Екіжақты байланыстар жөнінде айтар болсам, маған үлкен әсер еткен Австрия президенті Хайнц Фишермен кездесуімді ерекше бөліп көрсеткім келеді. Ол Гарвардта оқыған және ағылшын тілін еркін меңгерген. Сондықтан біздің келіссөздеріміз ағылшын тілінде өтті. Мен біздің Президентіміздің оған сәлемі мен игі тілектерін жеткіздім және екі жақты ынтымақтастықты жалғастыру үшін Қазақстанда австриялық президенттің сапары асыға күтіліп отырғанын атап өттім. Осы ретте мына бір жайға көңіл бөлген жөн. Австрия жас Қазақстанға елеулі қаржылай көмек көрсеткен алғашқы мемлекет болды ? сол кездегі Австрия канцлері Враницкийдің шешімімен 300 миллиондық несие берілді. Біздің осы бір игі іске деген ыстық ықыласымыз Вена тарапынан ризашылыққа бөленуде. Бұл түсінікті де. Жақсының жақсылығын айту, қалай болғанда да, адамның нұрын тасытып, жанын жадырататыны құпия емес. Біз екіжақты қатынасымызда біраз нәтижеге қол жеткізгенімізді қанағаттанғандық сезіммен атап өттік. Қазір сауда айналымы бір миллиард доллардан асып отыр. Австрияның энергия ресурстары қажеттілігінің 20 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстаннан өтеледі. Бүгінде қазақстандық нарықта 50-ге тарта бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Мәселен, австриялық «Vamed» медициналық компаниясы Астанадағы Ана мен бала орталығына менеджмент жасау үшін оңтайлы келісімшартқа отырды. Астана мен Вена арасында тікелей әуе қатынасы ашылып, екі ел арасындағы қатынастардың елеулі серпін алуына оң ықпал тигізіп отыр. Австрия «Nabucсo» жобасын жүзеге асыруға мейлінше мүдделі болғандықтан мен Қазақстанның бұл тұрғыдағы принциптік негізге құрылған ұстанымын толық күйінде ұсындым. Жалпы Қазақстан мұнай құбырларының көп болғанын жақтайды. Сондықтан біз де «Nabucсo» жобасына елеулі маңыз беріп отырмыз. Бұл мәселе Еуроодақ ұйымының төрағасы, Чехия Премьер-министрі Мирек Тополанектің жақында болған Астанаға сапары кезінде де егжей-тегжейлі талқыланған болатын. Мен Австрия президентіне бұл жобаны жүзеге асыру үшін Каспий теңізінің түбімен құбыр тарту қажет екендігін және Ресей мен Иранның бұған деген ұстанымдарын ескере отырып, түйінді мәселелер туындайтынын айттым. Мұның сыртында мына бір бір мәселені де ескеру қажет, ол - бірқатар орталықазиялық елдердің басқа елдерге энергия ресурстарын жеткізу жөніндегі міндеттемелері. Атап айтқанда, әңгіме Түркіменстанның Ресейге едәуір көлемде мұнай мен газ беріп отырғанын және ҚХР-ға 40 млрд. текше метрге дейін газ жеткізу жөніндегі міндеттемесі туралы болып отыр. Жалпы алғанда шешімін табуға тиісті мәселелер жеткілікті. Дейтұрғанмен, Қазақстан бұл мәселенің оң шешімінің түрлі нұсқаларын талқылауды жалғастыруға әзір. Бұл тақырып біздің Австриямен екіжақты қатынастарымызда да үнемі көтеріліп отырылатын болады. Саяси тұрғыдан келгенде, біз көптеген халықаралық ұйымдарда бірлесе іс-қимыл жасаймыз. Қазақстан Австрияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі кандидатурасын қолдағаны белгілі. Австрия тарапынан біздің бұл шешіміміз зор алғыспен қабылданғанын Хайнц Фишер ерекше атап өтті. Австрия президенті «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасына зор ықыласын білдірді. Ол бұл бағдарламаны таныстыру барысында менің баяндамамда қандай негізгі мәселелер жөнінде айтылғаны, Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға болашақ төрағалығы кезінде қандай басымдықтарға назар аударатыны жөнінде кеңінен айтып беруімді өтінді. Ол сонымен қатар орталықазиялық аймақтағы жағдайға, ядролық қаруды таратпау режімі бойынша, атап айтқанда Иран және оның ядролық бағдарламасы бойынша біздің ұстанымымызға да ден қойды. Көтерілген мәселелер төңірегінде оған толыққанды ақпарат берілді. Біз Австрия президенті Қазақстанға өзіне қолайлы уақытта келуі жөнінде уағдаластық. Менің Австрия парламенті палаталарының скиперлерімен болған келіссөздерім де мазмұнды, пайдалы және қызықты болды. Біз Қазақстан мен Австрия арасындағы екіжақты қатынастардың жалпы кешенінде парламенттердің өзара үн қатысуы өте маңызды екеніне келістік. Олардың парламенттік ынтымақтастық пен диалогқа мүдделі болып отырғанын атап өткен жөн. Біздің Сенат пен Мәжілістегі сияқты олардың Парламентінде де ынтымақтастырушы топтар жұмыс жасайды. Сондықтан да, менің ойымша, парламенттік ынтымақтастық алдағы уақытта өзінің оңтайлы жалғасын табады.
- Қысқы сессияның тағы бір тақырыбы туралы әңгімелессек. Мәселе Ресей мен Франция президенттерінің еуропалық қауіпсіздіктің жаңа сәулетін жасау жөніндегі бастамалары туралы болып отыр. Жалпы бұл тақырып қызу пікірсайыс туғызғанын және парламентшілердің пікірі екіге жарылғанын айту қажет. Егер бір жақ ЕҚЫҰ-ны түбегейлі реформалауды ұсынса, екінші жақ Ұйымды реттеу тетіктері онсыз да жеткілікті екенін алға тартты. Бұл тұрғыдан Қазақстанның ұстанымы жайлы не айтуға болады?
- Жоғарыда атап өткенімдей, біз ЕҚЫҰ-ның әлеуеті жетілдіріле түсуі үшін оны жаңартуды жақтаймыз. Яғни Ұйымды бүлдіруге әкеп соғатын түбірлі өзгерістер жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес. Ресей ұстанымына, атап айтқанда оның президентінің француз президентімен бірлескен тұғырнамасына келетін болсақ, біз "Медведев-Саркози" жоспарына оң қараймыз. Расында да, Ұйымда реформалар жасау қажет. Шындап келгенде біз бұл мәселені Ресейден де,Франциядан да бұрын көтерген болатынбыз. Жалпы ЕҚЫҰ-ны әртүрлі кезеңдерде өздерінің жеке мүдделерін өткізу үшін құрал ретінде пайдалануға тырысқан сәттердің болғаны құпия емес. Егер Ресей 90-шы жылдардың басында ЕҚЫҰ-ны НАТО-ға қарсы күш есебінде қарастырса, АҚШ оны сайлау үдерісін және басқа да мәселелерді бақылайтын таза гуманитарлық ұйымға айналдыруға күш жұмсады. Бірақ та жағдай өзгерді, бұл Ұйымға деген көңіл толмаушылық ұлғая берді. Осы уақытқа дейін заңгерлер Варшавадағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының қаншалықты заңды екендігі туралы пікір таластыруда. Югославияның мемлекет ретінде таралуы, оның бұрынғы аумағындағы жаңадан пайда болған мемлекеттердегі электоралдық үдерістер де өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Қазір пікірталастар мүлдем басқа арнада өрбуде, атап айтқанда таяу болашақта Ұйым қандай болмақшы және жалпы алғанда Еуроатлантикалық қауіпсіздік дегеніміз нені білдіреді? Ресейдің негізгі ұстанымы - қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігіне саяды. Бұл орайда Қазақстан Ресей Федерациясын қолдауы тиіс және мен бұл ұстанымның жеткілікті негізі бар деп санаймын. Сондықтан да біз ЕҚЫҰ ауқымында да Ресейдің жақтасы болып қала береміз. Ресейдің ЕҚЫҰ-ға артатын негізгі кінәсі - Казказдағы жанжалдар кезінде ол қарекет жасамады, сөйтіп, өз миссиясын орындамады. Мұнымен де келісуге болады. Алайда, бұл орайда біздің ұстанымымызда да белгілі бір түйткілдер бар, оның мәнісі мынада: біріншіден, біз ЕҚЫҰ қызметінің шеңберіне Орталық Азияны тартқымыз келеді, екіншіден, нақты шешімдер қабылдауда олардың тиімдірек болғанын қалаймыз. Бұл әрине, Ұйымды толықтай жаңартуды қажет етеді. Бірегей географиялық жағынан алғанда Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты алып жатқан ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның қатысуы орынды деп білеміз, өйткені біздің аумағымыздың бір бөлігі Еуропада жатыр. Басқа орталықазиялық республикалардың 90-шы жылдардың басында бұл ұйымға кіруі талас туғызғаны рас. Дегенмен бұл Ұйымның мейлінше ерекше екендігін ескерсек, күн тәртібінде бұл мәселе қазір тұрған жоқ, керісінше, олардың бұл Ұйымда болуы оның күш-қуатын арттыруда. Соңғы кездері ЕҚЫҰ қызметінде бетбұрыстар бар. Егер бұдан бес жыл бұрын ЕҚЫҰ-да тек қана электоралдық үдерістер, демократия мәселелеріне көңіл бөлінген болса, бүгінде оның күн тәртібінде қауіпсіздік, экономикалық, қоршаған ортаны қорғау сияқты жаңа өлшемдер пайда болды және олар күн өткен сайын күш ала түсуде. Мұның өзі оң құбылыс ретінде қабылдауға тұрарлық, сондықтан да біз бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыра беруге ниеттіміз.
- Осы өзгерістерді ескере отырып, Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының перспективалары жөнінде не айтуға болады. Парламенттік Ассамблеяның осы институтпен қарым-қатынасы бұдан әрі қалай құрылады?
- Менің пікірімше, гуманитарлық өлшемдер, яғни адам құқықтары ЕҚЫҰ үшін әрқашан да өзекті болмақ. Алайда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының арасында белгілі бір кедергілер бар және олар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы отырысының ашылуы кезеңінде де байқалды. Парламенттік Ассамблея өзін толыққанды қабілетті орган санайды және сайлауға бақылау жүргізу сияқты мәселеде штаб-пәтері Варшавада орналасқан Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросына басымдық беруге ниетті емес. Бұл орайдағы Қазақстанның ұстанымы айқын. Біз Парламенттік Ассамблея өзінің маңызды рөлін атқаруы тиіс деп санаймыз, оның үстіне мен осы құрылымның вице-президентімін ғой. Дейтұрғанмен, Бюроның да маңызын жоққа шығаруға болмайды, сондықтан да Қазақстан онымен барлық кешенді мәселелер төңірегінде ынтымақтасуға әзір. Мен өз сөзімде Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының мандатын толық қуаттайтынымызды арнайы атап көрсеттім. Жалпылай айтқанда, бейресми және жеке әңгімелерде, бейресми басқосуларда біз туралы «Қазақстанның ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясындағы орны ерекше» деген пікірлер жиі естілді. Мұндай баға әрине, біздерді марқайтып қана қоймай, тың салада белсендірек әрекет етуімізге итермелеуге тиіс.
- "Жақсы сөз - жарым ырыс" деген ғой. Дегенмен, алда тұрған міндеттердің де аз емес екендігі белгілі. Оның үстіне Қазақстан ЕҚЫҰ «Үштігіне» кірісіп кетті. Бұл жөнінде бүгін қандай да бір нәтижелер туралы айтуға бола ма?
- Шынында да, 2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы төрағалығының «Үштігі» құрамына енді. ЕҚЫҰ рәсімдерінің ережелеріне сәйкес «Үштік» Ұйымның қазіргі (Грекия), бұрынғы (Финляндия) және келесі (Қазақстан) төрағаларынан құралады. «Үштік» іс-қимылдарды үйлестірудің және ортамерзімдік жоспарлаудың маңызды құралы болып табылады. Бұл орган Ұйым қызметінің сабақтастығын қамтамасыз етеді және қазіргі қызметтегі төрағаға кеңес береді. Қазақстан тарапынан жұмыстар басталды және ол Сыртқы істер министрлігі тарапынан жүргізіліп отыр. Сыртқы істер министрлігінде арнайы топ құрылып, ағымдағы мәселелермен айналысуда. Жалпы төрағалық ету деген мейлінше жауапты іс екендігін ашып айтқан жөн. Ол барлық еуроатлантикалық кеңістіктегі он тоғыз миссия қызметіне шолу және бақылау жасау деген сөз. Мұның өзі жалпы жағдайды ғана біліп қоймай, ЕҚЫҰ-ның ерекшеліктері туралы да деректерді меңгеруді қажет ететінін сөзсіз. Біздің миссиямыз қызметін қамтамасыз ету үшін техникалық тұрғыдан да жарақтануымыз қажет. Кім біледі, мүмкін, біздің «Үштікке» қатысуымыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз Қазақстанда электрондық үкіметті құру үдерісін жеделдетуге септігін тигізер. Қалай болғанда да, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық тарихи оқиға ғана емес, құрметті әрі жауапты миссия. Сонымен қатар 2011 жылы Ислам Конференциясы ұйымына да төрағалық ететінімізді естен шығармауымыз керек. Мен өз сөзімде бұл туралы арнайы атап өттім. Менің бұл мәлімдемем едәуір сілкініс тудырды, көбі Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететінімізден хабарсыз болып шықты. Ал бұл ұйым сипаты жағынан ЕҚЫҰ-дан мүлдем өзгеше. Қорыта келгенде, Қазақстан өзінің сыртқы саяси ұмтылыстары бойынша көпфункциялы мемлекет екенін көрсетеді. Ең керегі де - осы.
- Мен бәрімізге ізгілікті ұмтылыстарымызға табыс тілей отырып, Сізге мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахметімді айтамын!