Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин - 60 жаста

Адам баласының жан-жүрегін тербеп, сезім қылын шертетін нәзік те сырлы халық әнін тыңдағанда ертеде өткен бабаларымыз бен аналарымыздың мұң мен қайғысын, өмірге деген сүйіспеншілігін түсініп, ой елегінен өткіземіз. Қуанышына қарай шаттанып, мұңына ортақ боламыз.
Әрине, киелі өнер кез келген адамға қона берсе қадірі де болмас еді. Бәйгеге шапқан жүйріктей топты жарып алға шыққан, шеберлігімен көзге түскен орындаушының ғана жұлдызы жарық болмақ.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын тесері бар,
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, - деп Абай атамыз жырлағандай, жақсы ән тыңдағанда адамның жаны жадырап, ерекше күйге бөленеді.
Міне, осындай киелі өнерді жас кезінен арман етіп, бала қырандай қанатын қомдап, биікке талпынған әншілерімізідң бірі - жаңаарқалық Ғалым Мұхамедин.
«Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты «Ескене» аулының әр үйінде домбыра тартылып, ән айтылатын. Осы бір қасиетті өнерге құштар жандар той-думанның көркі де еді.
Ағасы Қарақойшының домбыраға қосылып ән салғанына қызығып жүріп, Ғалым естіген әндерін тез қағып алатын. Әсіресе, осы өңірдің әншісі Игілік Омаров, күйшісі Фазыл Тұтқабеков, гитарашысы Қорабай Есеновтердің өнерін тамашалай жүріп, ән әлеміне деген құштарлығы артты. Ол кезде Қазақ радиосынан берілетін әндердің өзі бала көңілдің талпынуына ерекше әсер етті. Бала Ғалым, әсіресе, Жүсіпбек Елебековтың орындаған әндеріне қызығушылықпен қарап, ән орындалып болғанша сілтідей тынып тыңдаушы еді.
Ғалым Талдыбұлақ сегізжылдық мектебін тамамдағаннан кейін Жаңаарқа аудан орталығындағы орта мектепті ойдағыдай бітірді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде де әнші бала атанып, аудандық, облыстық көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрді.
Той алдында әншімен арнайы жолыққанымызда :
- Жүсекеңе шәкірт болам деген талпыныс қай кезден бастау алды?- деген сұрағымызға әнші Ғалым Мұхамедин толғана отырып әңгімесін бастады:
...1967 жылы біздің ауылға Жүсіпбек Елебеков бастаған «Қазақконцерттен» концерттік топ келді. Өзімнің Қарақойшы деген ағам бар. Сол екеуміз кешке қарай концертке бардық. Жүсекең баянның сүйемелдеуімен үш ән айтты. Олар «Қарамашы, қадамашы көзіңді», «Тракторшы қарындас», «Көгаршын» әндері...
- Ой, Жүсіпбек, домбыраңды алмайсың ба? - деген дауыстар шықты. Содан Жүсіпбек домбыраны қолына алды. Жүсекеңнің бірінші бастайтын әні «Екі жирен», «Қарқаралы», «Қарғамаудан» бастайтын.
... Жүсекең 1969 жылы тағы келді. Бөлімше бастығының үйіне келгенде Қарақойшы екеумізге өлең айтқызды. «Мына балаларды бізге жіберсейші» деп еді. Қарақойшы оқуға бара алмай қалды. Әкей «барсаң бар, Жүсіпбектей әншіден тәлім алсаң жаман болмайсың» деген. Жүсекең ауырып жүр екен. Бізден Ғарекең, Бекен Жылысбаев, Кәукен Кенжетаев емтихан алды. Мен Біржанның «Жонып алды» деген әнін айттым...»
Сөйтіп, жас әнші 1973 жылы Республикалық эстрада студиясына түсіп, Жүсекеңе шәкірт болады. Қиындығы мен қызығы бір студенттік кездің алғашқы күні ұстазы Ғалымнан қандай ән білетінін сұрап ортаға шығарды. Біржанның «Жонып алды», Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әндерімен қоса ауыл арасында айтылатын қырғыздың «Қызыл өрік», халықтың «Қызылқұмда ауылым» әндерін тізе бастап еді, ұстаз балаң әншіге күлімсірей қарады.
- Мен Үкілі Ыбырайды көзіммен көрдім. Әндерін өз аузынан тыңдағам. Ол кісінің «Гәккуін» саған үйретейінші, - деп әннің домбыраға келетін екінші түрін Жүсекең Ғалымға үйрете бастады.
- Бұл әнді екпіндетіп айтпасаң, әннің мағынасы ашылмай қалады. Сондықтан әр әннің мазмұнын ашып, ерекше сезіммен орындау керек,- деді ұстаз.
Ғалым ұзақ уақыт ізденіс пен еңбектенудің арқасында бұл әнді шеберлікпен орындайтын болды.
Жүсекең басқа ұстаздарға қарағанда әнді түсініп, ерекше сезіммен айтуға баса көңіл аударатын. Әсіресе, домбыраны ойнаудағы шеберлікке көңіл бөлуші еді. Ән айтқан сайын шерте отырып, әдемі қағыстарды қосуды талап ететін. Жүсекең шәкірттеріне домбыраны теріс бұрауға келтіріп, Жаяу Мұсаның «Құлбай бай», «Сапар», «Гауһар қыз», «Қыздарай» әндерін үйрететін. Бірде Ғалымға «Құлбайбай» әнін үйретіп ұстаз еріксіз күліп жіберді: - Ой, алланың әмірі-ай, кейбір ән орындаушысын тапқанда әсерлі шығады, қарашы, осы сенің орындайтын әнің еді,-деп ерекше тыңдағаны әлі есінде. Ғалым бұл әнді үлкен сахнада талай рет нәшіне келтіре орындаған.
Ғалым Мұхамедин 1975 жылы студияны тамамдап, Жезқазғанның облыстық филармониясының жанынан құрылған «Жезкиік» ансамбліне әнші болып қабылданады. Ел аралап өнер көрсетеді, ұстаздан алған тәлім-тәрбиесінің жемісін көреді. Әнші ән айта жүріп, ел ішінде сирек орындалатын әндерді жинап, өз ән бағдарламасына қосты.
Ғалым: «Ұлытау киелі жер ғой. Халықтың кейбіреуі келіп: «Ғалым, мынандай өлеңдер айтылмай жүр» деп әндерін сыйлап жатады. Сен елдің арасында жүресің, үйреніп алшы» деп көп әндерді береді. «Угай-ай», «Алтын кесе» деген әндер. Сосын Қаратау жағынан келген «Көк айдай», «Жалғыз жусан» деген әндер. Бұның бәрін Жанғали Жүзбаев деген азаматымыз бар. Созақ елінен әкелдім деп маған үйреткен...»
Ғалым облыстық филармонияның жанынан құрылған «Ән көңілдің ажары» тобына жетекшілік ете жүріп қаладағы саз колледжіне ұстаздық етеді. Шалғай жатқан алыс облыстардан, әсіресе, Қызылорда , Қостанай, Арқалық және Семей облыстарынан келген жас талапкерлерді ән орындау шеберлігіне шыңдап, тәлім-тәрбие береді. Тәжірибелі ұстаз Жүсекеңнен үйренген домбыра қағысын, әннің мағынасын ашу сырын үйретіп, дауыс мүмкіндігіне жүрек лүпілін қосып орындау тәсілін шәкірттеріне түсіндіре үйретеді.
Ғалымның көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бүгінде Жезқазған саз драма театрының актрисасы Қарлығаш Байдалина, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Аққалқа Ахметова, консерватория студенттері Амангелді Қожамұратов, Амангелді Күзеубаев, Жезқазған облыстық филармонияның әншісі Дәрігүл Алдажановалар Ғалым Мұхамединнен тәлім-тәрбие алған түлектер.
Ғалым соңғы кезде Тайжан ақынның ән-термелерін репертуарына қосып, халық алдында насихаттап жүр. Осы жөнінде ой бөліскен ол сөзін былай жалғастырды.
Ғалым: Тайжан жазықсыз жапа шеккен бабаларымыздың бірі ғой. 1937 жылы нақақтан атылып кеткен.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде шымылдығын ашқан Тайжекең екен. Ол кезде бұл кісінің әнін, өлеңін оқыған адамдарды соттаған. Жүсекеңнің айтуымен Тайжекеңнің әнін іздедім. Ақыры ел арасынан 10 шақты әнін тауып құрастырып жатырмыз.
Әнші Ғалым Мұхамединнің Қазақ радиосының алтын қорында жиырмадан астам әні бар. Жалпы қай әншінің болмасын, өзінің бағын ашатын әндері болады. Мысалы, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Ақансерінің «Балқадишасы» немесе Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиігі» әншінің дауыс мүмкіндігін ашқан әсерлі әндер деуге болады. «Жезкиік» әншінің дауыс мүмкіндігін ашқан әсерлі әндер деуге болады. «Жезкиік» әнін Ғалым Жәкеңнің қасына үш жыл еріп жүріп үйренген. Бір күні сазгерге осы әнді тыңдатқанда «Ғалым, бұл әнді бұдан былай сен орындашы, мен айтпай -ақ қояйын» дегені бар еді. Ғалымның еңбегі ерекше бағаланған кездерін атап өтсек, ол Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауының жеңімпазы, халық әндерін үздік орындаушы номинациясының иегері, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының «Алғыс хаты» мен Ақпарат және мәдениет министрлігінің, қазақтың ән өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» грамотасымен марапатталған.
2002 жылдан бері Жезқазған қаласының құрметті азаматы».
Әнші Ғалым Мұхамединнің көп жылғы еңбегі бағаланып, 1992 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алды.
Жуырда Жаңаарқа өңірінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің 60 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Дәстүрлі ән думанына айналған сол бір тамаша дүбірге Семейден жезтаңдай әнші Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимов, белгілі гитарашы әнші Қорабай Есенов, дәулескер Мұхамеджан Тілеуханов пен Фазыл Тұтқабековтер той көрігін қыздырып, шертпе күйлерді шебер орындады. Сондай-ақ Ғалымның төл шәкірттері Амангелді Күзембаев, Амангелді Қожамұратов, Ардақ Мұқышев, Еркебұлан Ахметовтар мерекелік концертке қатысып, жақсы әндерімен көпшілік көзайымы атанды.
Кереку өңірінің тамаша әншісі Ербол Айтбаев пен Қарағандылық Жақсыгелді Кемалов әнші ағаларын арнайы құттықтап, ән шашуларын арнады. Осы тойдың кешін үш жарым сағат жүргізген Жақсыгелді Кемалов өзінің сөз шебері екендігін дәлелдетті.
Осының бәріне мұрындық болып жүрген Жаңаарқа ауданыының әкімі, белгілі әнші Игілік Омаровтың ұлы Ғабдырахман Игілікұлының атқарған ұйымдастыру жұмыстары, аудандық мәслихат хатшысы Дүйсенбай Жұмасейітовтың сіңірген ерен еңбегін ерекше атау абзал. Әнші Ғалым Мұхамединның торқалы тойына ат мінгізіп, шапан жапқандарда сан жоқ. Елі елеп, халқы құрметтеген әнші сол күні өз бағасын алып, ерекше мәртебесі өсті.
Ескене бойын, Иманақ баурайын, Сарысу сағасын ән дүбіріне бөлеген осы мереке тұлпарлар дүбіріндей көрерменді рухани шынықтырып, көңіл-күйін көтерді, халық ел ішінен шыққан Ғалымдай азаматтың өнеріне тағы да тәнті болды.
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,- деп Абай атамыз айтқандай, 40 жылдан астам сахна төрінде ән шырқап, тәжірибе жинақтаған Ғалым белгілі әнші, ұлағатты ұстаз. «Ата көрген оқ жонар» дегендей, осы бір киелі өнерді ән атасы Әміреден Жүсекең үйренсе, Жүсекеңнен Ғалым, ал Ғалымнан кейінгі ұрпақ үйреніп жатса ән дәстүрі жалғасын тапқаны емес пе?!