Қазақстанның еңбек сiңірген әртісі Өмірсерік Қалиұлы дүниеден озды
Марқұммен қоштасу рәсімі Талдықорғанда 17 қыркүйек күні сағат 10.00-де Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында өтеді.
Қалиұлы Өмірсерік 1947 жылы 1 мамыр күні, Алматы облысы Ақсу ауданы Басқан ауылында (Жаңалық ауылының Күлемжарған жерінде) дүниеге келген.
1970-74 жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетінің актерлік бөлімін бітірген.1975 жылдан бастап Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында күні бүгінге дейін актер болып қызмет етті. Осы жылдарда 80-нен астан бейнелерді сомдаған тәжірибелі актер. Атап айтқанда, М.Әуезов «Абай» - Абай, «Қаракөз» - Асан, «Түнгi сарын» - Тәнеке, «Мен бiр партия, сен бiр...» - Есiмбек, «Еңлiк - Кебек» - Еспенбет. Ғ.Мүсiрепов «Ақан серi - Ақтоқты» - Балуан, «Қыз Жiбек» - Бекежан, «Ұлпан» - Артықбай, Б.Майлин «Шұға» - Есiмбек, I.Жансүгiров «Исатай -Махамбет» - Малдыбай, Б.Тоғысбаев «Ақын Сара» - Арай болыс, Д.Исабеков «Кiшкентай ауыл» - Ормантай, А.Шамкеновтің "Уәкілдеріндегі" - Қордабай, Т.Есімжановтың "Жолда қалған жолаушысындағы" - Бөксебай, Т.Қалилахановтың « Абылай аманатындағы « Қабанбай, "Тордағы тотысындағы" - Мүсәпір батыр.Т.Әліпбайдың "Қанды ғасырындағы" -Уәгей, "Соңғы бетпе-бетіндегі"- Ахмет, "О, Аттила,Аттиласындағы" - Рим папасы, К.Әбдірахмановтың "Қабанбайындағы" - Шақалақ және басқа да көптеген қойылымдарда түрлі образдарды сомдаған талантты тұлға.
Бірнеше рет Республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты,1992 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы, 2000 жылы «Парасат» орденімен наградталған.