Қазақстанның гүлденген экономикасы босқындарды өзіне тартып отырған магнит іспетті - А. Гутерриш

АЛМАТЫ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін атап өту қажет, дейді БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутерриш босқындарды қорғау мен халықаралық көші-қон мәселелеріне арналған министрлік конференциясының баспасөз мәслихатында.

Қазақстанның гүлденген экономикасы босқындарды өзіне тартып отырған магнит іспетті - А. Гутерриш

"Мемлекет экономикасының дамуы, гүлденуі нәтижесінде адамдарды өзіне қарай тартуда. Бұл жақсы жаңалық, өйткені көп елдер халықтың өз шекарасынан шығуына байланысты мазасыздануда. Менің ойымша, халықтың елден қашқанынан, елге келгені әлдеқайда жақсы", - деді ол.

«Қазақстан Орталық Азияда басты орын алады. Сонымен қатар, Қазақстанда құқықтық жүйе тұрғысынан халықаралық деңгейде көшбасшы болуға барлық жағдай жасалған», - деп атап өтті А. Гутерриш. Сонымен бірге ол жақында ғана ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевпен кездескендігін айтты.

«Біздің комиссия адам құқығы жөнінде ұсынған бірқатар ұсыныстарды Қазақстан Президенті мақұлдады», - деп мәлімдеді Жоғарғы комиссар.

Бүгінгі конференцияға қатысып отырған мемлекеттер адам құқығының қорғалуын, баспаналы болу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, аймақтық диалогты кеңейтуге, тұрақты миграциялық арналар бойынша орын ауыстыруға жәрдемдесу үшін көші-қон саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісім берді.

Конференцияны Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның және БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасының қолдауымен ҚР Үкіметі ұйымдастырды және қаржыландырды.