Қазақстанның халықаралық резервтері 58,4 миллиард доллар болды
АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазан айында Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 4,2 пайызға өсіп, 28,4 миллиард долларға дейін ұлғайды. Оны Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
"Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 4,2 пайызға өсті.Таза валюта қорлары 4,5 пайызға, алтындағы активтер 2 пайызға өсті. Өткен айда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қосқанда 2,3 пайызға өсіп, 58,4 миллиард доллар болды",- деді Г. марченко.
Оның сөзіне қарағанда, ақша базасы Ұлттық банктің таза сыртқы және ішкі активтерінің өсуі есебінен 8,5 пайызға кеңейді. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7,1 пайызға тарылды.
Қыркүйекте ақша базасы банк жүйесінің таза сыртқы және ішкі активтерінің төмендеуіне байланысты 0,2 пайызға қысқарған болатын. Ал айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 1,6 пайыз өсіп, банк жүйесіндегі депозиттер 0,4 пайызға төмендеді.