Қазақстанның хирургтері биологиялық тәсілмен өсірілген тері материалдарын пайдаланбақ

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Биопластикалық материалдарды сауықтыру және эстетикалық медицинада қолдану» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«Бүгін Ресей ғалымдары зертханада өсірілген «Гидроматрикс» деп аталатын жасанды теріні таныстыруда. Біз оны өзімізде қолданып көрдік, алғашқы нәтижелері өте жақсы. Біздің мақсатымыз оны Қазақстанда да қолданып, халықты емдеуге пайдалану. Егер бұл міндет орындалса, күйік жарақаттарын емдеуде біраз мәселе шешіледі», - дейді Астана қаласындағы Республикалық жедел медициналық көмек көрсету ғылыми орталығы күйік бөлімінің меңгерушісі Қабылбек Әбуғалиев.
Қабылбек Әбуғалиевтің айтуынша, Қазақстанда қазір биологиялық тәсілмен өсірілген терілер әлі кең қолданысқа енген жоқ. Мұндай материалдар дамыған елдерде жиі қолданылады. Оған бізде де сұраныс бар. Мұндай терілерді күйік емдеуде, құлақ, көз хирургиясында және акушерлік гинекологияда қолдануға болады.