Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында «Жеңіске тағзым» атты акция басталды
Акция аясында қазақстандық армияның әскери қызметкерлері еліміздің әр түкпіріндегі әскери бөлімдерге Жеңіс жалауын тапсыратын болады. Жалау тапсыру эстафетасына 7 әскери бөлімнің әскери қызметкерлері қатысады. Жеңіс жалауы эстафетасын бастау Астанадағы 36-шы десанттық-шабуылдау бригадасына бұйырды.
Одан әрі эстафетаны Қарағанды (5 қаңтар), Семей (6 қаңтар), Қапшағай (8 қаңтар), Отар (9 қаңтар), Ақтау (12 қаңтар) және Алматы (13 қаңтар) жалғастырады. Барлық қалаларда акция 11:00-де ашылатын болады.
Айта кетейік, акция аясында ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлері құттықталып, бағалы сыйлықтар алады. Жеңімпаз-жауынгерлерді ҚР Қорғаныс министрлігінің құрметті қарауыл ротасы қарсы алады.
Акция 2015 жылдың 15 қаңтарында аяқталып, Жеңіс жалаушасы Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебіне табысталады.