Қазақстанның көмір өндірісі халықаралық техникалық реттеу жүйесіне көшеді - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанның көмір өндірісі халықаралық техникалық реттеу жүйесіне көшеді. Бұл туралы бүгін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде «Шахтерлер күні» мерекесіне орай өткізілген салтанатты жиында ведомство басшысының орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі отандық заңнамалар мен стандарттарды әлемдік талаптарға сәйкестендіру науқанын бастап кетті. Осы мақсатта ҚР «Техникалық реттеу туралы» Заңына сәйкес, министрлікпен отандық көмір саласын халықаралық стандарттарға сай ету жөніндегі бағдарлама жасақталды.
«Аталмыш бағдарламаны орындау аясында халықаралық талаптарға жауап беретін 78 нормативтік құжат, оның ішінде мемлекеттік стандарттарға қатысты 58 құжат дайындалды. 2011 жылы жаңа стандарттарды жасақтау жұмысы аяқталады. Соның арқасында елдің көмір саласына қатысты өнімнің жалпы классификаторы құрастырылады», деп атап көрсетті Д. Тұрғанов.
Вице-министрдің атап көрсетуінше, осы қадамдардың арқасында Қазақстанның көмір өндірісі халықаралық техникалық реттеу жүйесіне көшіп, әлем нарығындағы оның бәсекеге қабілеттілігі артып, көмір саудасының алдындағы техникалық кедергілер алынып тасталады. Заңнаманы жетілдіру елде сапалы әрі қауіпсіз көмір өндірісін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.