Қазақстанның Қысқы Олимпиада тарихындағы жетістіктері қандай
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тәуелсіздіктен бері қарай Қысқы Олимпиада ойындарындағы жалғыз алтын медальді көңілге демеу етіп келеді. Спортшыларымыздың алдағы - XXIII Олимпиадаға қатысуына үш айға жуық уақыт қалды. Кезекті Қысқы ойындар 2018 жылғы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. Осы орайда, қазақстандық спортшылардың байрақты дода тарихындағы өнерлерін еске алуды жөн көрдік, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қысқы Олимпиада ойындары тарихында Қазақстан үшін алғашқы медальді қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин жеңіп алған болатын. Гаранин 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль жеңіп алды. Ал 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарында шаңғышылар Владимир Саханов - күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медаль алды.
Ал 1994 жылы өткен XVII Қысқы Олимпиадаға Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль салған болатын. Бұл үш медальдың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алды. Осы жүлделердің арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 12-орынға орналасты.
Міне, сол уақыттан бері Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді.
1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ Ойындарға тағы да шаңғышы Владимир Смирнов қатысып, «қола» еншіледі. Сондай-ақ конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды.
Өкінішке қарай, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ-ыншы және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ-ыншы Ойындарда отандастарымыздың ешбірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.
Ал 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды.
2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен соңғы Қысқы ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.
Қазақстанның Қысқы Олимпиада ойындарында алған медальдар саны:
|
Ойвндар |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
Орыны |
|
Лиллехаммер 1994 |
1 |
2 |
0 |
3 |
12 |
|
Нагано 1998 |
0 |
0 |
2 |
2 |
20 |
|
Солт-Лейк-Сити 2002 |
0 |
0 |
0 |
0 |
0 |
|
Турин 2006 |
0 |
0 |
0 |
0 |
0 |
|
Ванкувер 2010 |
0 |
1 |
0 |
1 |
25 |
|
Сочи 2014 |
0 |
0 |
1 |
1 |
26 |
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Пхенчхан Олимпиадасына спорттың 9 түрінен қатысады . ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, ойындарға әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңнан аса спортшының және ресми тұлғалардың қатысуы жоспарланған. Спорттың 15 түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандықтар спорттың - биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру, шаңғы, шана спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, фристаил, акробатика могул түрлері бойынша сынға түседі.