Қазақстанның НАТО және ЕАӘК қатысуы қауіпсіздікті ұжымдық қамтамасыз етуге кепілдік береді - сарапшы пікірі

АТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат  /Серік Қойбағаров/ - Алдағы шілденің 24-25-інде Астанада өтетін ЕАӘК қауіпсіздік форумы дипломаттардың, ғалымдардың, саясаткерлердің ықыласын туғызып отыр. Әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мара Ғұбайдуллина Форумның мақсаты мен міндеттері туралы ҚазАқпарат тілшісімен ой бөлісті.

Қазақстанның НАТО және ЕАӘК қатысуы қауіпсіздікті ұжымдық қамтамасыз етуге кепілдік береді - сарапшы пікірі

  - ЕАӘК - Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесі бұрынғы САЫК (Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесі) орнын басқанына көп уақыт болған жоқ. Форумның атын өзгертудің өзі НАТО қызметінің еуропалық, дәлірек айтқанда еуроазиялық векторға қарай ойысқандығын көрсетеді.

НАТО-ның Оңтүстік Кавказ және Орталық Азияны өзінің стратегиялық басым бағыттарына қосу туралы шешімімен байланысты Форум мақсатын - Еуразиядағы халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша ұжымдық пікірталастар өткізуге қарай бұрды. ЕАӘК форумы кең көлемде өткізілуде. Былайша айтқанда, НАТО-ға мүше мемлекеттер Бейбітшілік үшін серіктестік бағдарламасы бойынша серіктестермен бірге, ал олардың саны - 20, қатарында Қазақстан және аймақтың басқа да елдері бар, күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылайды.

Еуразияның төсінде орналасқан Астана 50-ден астам елден келетін қатысушылар үшін тұңғыш рет пікір алысу алаңына айналғалы отыр. Елбасы Н. Назарбаевтың  Форумды осында өткізу туралы бастамасы НАТО қызметінің еуразиялық бағытқа деген сеніміне көпір болу ниетінен туындаса керек.

Тәжірибе ЕАӘК форум ретіндегі қызметін, өзінің маңыздылығына қарамастан, нақты саяси және әскери-саяси шешімдерді НАТО мемлекеттерімен және олардың серіктестерімен бірлесе отырып қабылдағысы және жүзеге асыру ниетінің жоқтығын көрсетеді. ЕАӘК форумы, ең алдымен, НАТО мүшелерімен және Бейбітшілік үшін серіктестік бағдарламасына қатысушылармен арадағы пікір алысу жөніндегі көпжақты кеңесші институт ретінде қызмет атқарады. Сонымен бірге, қатысушылар арасында жеке екіжақты бейресми консультациялар өткізуді көздейді. Астанада сондай-ақ сарапшылық пікірлер де ортаға салынады ғой деп ойлаймын және олардың БАҚ-та кеңінен көрініс тапқаны орынды.

- Осы шарада қандай мәселелер талқыланады деп жоспарлануда?

- Форумның «Серіктестік арқылы қауіпсіздік» деген тақырыпта өтетіндігі айтылған. НАТО-ның Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия бағытына қарай мақсатты міндеттері мен стратегиялық бағыт-бағдарына орай Форум міндетіне саяси және экономикалық саладан бастап, әскери салаға дейінгі  айтылған аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талқылау, іс жүзінде соңғы он жылдықта дәстүрге айналған Ауғанстан мәселесі және  екі аймақ үшін де біршама тұрғыдан жаңалық болып табылатын энергетикалық қауіпсіздік мәселесі кіреді.

Кавказдағы жанжалды ахуалды талқылау қандай бағытта жүретіндігі, саясаткерлер мен сарапшылар энергия ресурстары проблемасын, әскери жанжалдарды таратпау және алдын алуды энергетикалық  қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемасымен қалайша байланыстыратындығы назар аударуға тұрады.

Қазақстандық тарап «арағайын» болып, ал  ЕАӘК форумы текетірес жағдайында тұрған Грузия мен Ресей арасындағы саяси диалог пен  келіссөздерге жан бітіре алар ма екен? Бір кездері, 2002 жылы Алматыдағы АӨІСШК саммитінде біздің Президенттің осылай істеу қолынан келген еді. Сол кезде бір-біріне алакөз болып отырған Израиль мен Палестина, Үндістан мен Пәкістан өкілдері дөңгелек үстел басында бас қосты. Ал бұл елдерде ахуал айтарлықтай шиеленіскен болатын. Шешім қабылданбағанымен, диалогқа бастапқы жол салынды.

Сондай-ақ өзбек жағын да тыңдаған қызықты болар еді. Ал олардың соңғы онжылдықтағы НАТО-мен және жетекші Батыс елдерімен  қарым-қатынасы орнықты болып отырған жоқ. Өзбекстанның іс-қимылы Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайлардың даму тұрғысынан талқылануы мүмкін. Шамасы, Альянстың Ауғанстандағы бітімгершілік операцияларына тікелей қатысуы  мәселесі бойынша  Қазақстанның ұстанымы да айқындалуы мүмкін.

Форумға әртүрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде. Таяуда Екатеринборда - бұл жер де Еуразияның географиялық орталығы болып табылады -  ШЫҰ саммиті аяқталды. Осы ұйымға қатысушы іс жүзінде барлық мемлекеттер (Қытайдан басқалары) НАТО-ның, оның үстіне ҰҚШҰ серіктестері болып табылады. Осы аталған үш ұйым да сол немесе басқа да тұрғыда әскери-саяси қауіпсіздікті қамтамасыз етуді өздерінің мақсаты деп біледі.  Жаһандану қаупінің шапшаң дамуы жағдайында  барлық мүдделі тараптар арасында кең диалог пен ынтымақтастықты дамыту үшін  қандай алаң және қандай  формат барынша қолайлы болып табылатындығы көптеген сарапшылар үшін басы ашық мәселе болып қала береді. НАТО, ҰҚШҰ және ШЫҰ арасындағы айқындамалар бір-бірімен жақындаса ма, әлде ұйымның әрқайсысы ғалами және аймақтық ығыттарда өздерінің жеке бағыттарын ұстана ма? 

- ЕАӘК қауіпсіздік форумы посткеңестік кеңістікте және тұтастай алғанда Азия құрлығында тұңғыш рет өткізіліп отыр және 2009 жылы біздің еліміздің аумағында өткізілген аса ірі іс-шаралардың бірі болады. Ал бұл Қазақстан үшін қаншалықты маңызды?

- Иә, форум азиялық құрлықта тұңғыш рет өткізіліп отыр. Дегенмен, жоғары деңгейлі кездесулер бұған дейін де болған. Айталық, 2000 жылы Астанада ҚР Президенті Н. Назарбаев сол кездегі НАТО-ның Бас хатшысы Дж. Робертсонмен кездескен. Егер бұдан да әріге көз салсақ, 1990 жылдардың басында Алматыға орталықазиялық аймақпен жан-жақты танысқан Батыстың жоғары лауазымды тұлғаларының бірі НАТО басшысы Манфред Вернер келген болатын. Оның белсенділігі арқасында Қазақстан НАТО-мен көптеген шаралардың және келісімдердің қатысушысы, Бейбітшілік үшін серіктестік бағдарламасының әріптесі болды.  М. Вернер біздің жоғарғы оқу орнымызда болған НАТО-ның алғашқы жоғары лауазымды өкілі екендігін біреу біліп, біреу білмес. Бізде ол постбиполярлық әлемдегі  қауіпсіздік туралы дәріс оқыған болатын. Бұдан біршама кейін, 2003 жылдың көктемінде НАТО Бас хатшысының көпшілік дипломатиясы жөніндегі көмекшісі Ж. Фурне Еуразия медиа-форумына қатысуы кезінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болған.

Тұтастай алғанда, Қазақстан үшін Форумның маңызы туралы айтқанда ынтымақтастық, дәлірегінде, НАТО-ның әртүрлі құрылымдарымен тығыз байланыс Қазақстанның әлемдік саяси үдеріске жақындай түсуі тұрғысынан пайдалы болып табылады. Серіктес ел ретінде біздің еліміздің НАТО-ның әскери операцияларына қатысуы міндетті емес деп есептеймін. Дегенмен, бітімгершілік, постдағдарыстық үдерістерде біліктілік пен тәжірибе алу үшін бұл маңызды және пайдалы. Өкінішке орай, әлемде тұрақтылық жоқ және қоғам үшін қауіпті дағдарысқа немесе табиғат апаттарының болмауына ешкім де кепілдік бере алмайды.

Егер алда, Астанада өтетін іс-шараның маңызы туралы айтсақ, онда қазірдің өзінде ел тарихына енген қол жеткен нәтижелер туралы айтпай кетуге болмайды. 1992 жылдан НАТО-мен ықпалдаса отырып ҚР Үкіметі қауіпсіздіктің қосымша кепілдіктеріне қол жеткізді. Бұрынғы Кеңес Одағының жаңадан пайда болған мемлекеттері тарапынан, ал олардың аумақтарында стратегиялық  қару-жарақтар орналасқан болатын, АҚШ және олардың альянс одақтастары, ең алдымен ядролық державалар ядролық қауіп тәуекелін  барынша бәсеңдетуге мүдделі болды. Мұны біздің басшылығымыз да түсінді және біршама уақыт өткен соң Қазақстан ядролық мәртебесінен бас тартты. Ал бұл өз кезегінде, халықаралық қауымдастықтың толық құқылы мүшесі болуға мүмкіндік берді.

1994 жылы Бейбітшілік үшін серіктестіктің Негізгі келісімі құрамына  мүше болу республикаға аймақтық және әлемдік қауіпсіздікке ықпал ететін  қазіргі әлемдік үрдістің ортасында болуға қосымша мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан алғанда 1998 жылы ашылған НАТО жанындағы ҚР дипмиссиясы біздің еліміздің альянсқа серіктес ретінде қатысуын нығайта түседі. Бұдан кейін НАТО-да Кавказ және Орталық Азия бойынша өзінің арнайы өкілі лауазымы енгізілді. Қазіргі кезде бұл қызметте Роберт Симмонс отыр. Ал ол аймақта үлкен белсенді қызмет атқаруда.

НАТО-мен ықпалдастықта Қазақстан, Жоспарлау және талдау процесінің  10 мақсатын қоса алғанда, Серіктестік бағдарламасының барлық бағыттарын дамытуда, Альянс мемлекеттерінің әскери құрылымдарымен тұрақты және шұғыл байланыстар жасайды, бірнеше мәрте бірлескен әскери  жаттығуларға қатысты.

«Талибан» қозғалысының экстремистеріне қарсы соғыс жүгізіп жатқан НАТО-ның Ауғанстандағы әскери күштерін жабдықтау үшін жүктердің транзитіне  Қазақстанның жақында берген рұқсатын Альянс жоғары бағалады. Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесі аясында жеке әріптестік бағдарламасы Қазақстан үшін мұндай әріптестік тек әскери салаға ғана қолданылмайды. Біздер үшін жуырда Қазақстанда басталған НАТО-ның, атап айтқанда, «Ғылым - бейбітшілік үшін», «Экология», «Қоршаған орта» бағдарламалары маңызды және кейбіреулердің санасында ұялап қалған қырғи-қабақ соғыс тұрғысынан ойлаудан арыла қоймағанына және НАТО-ны қауіп-қатер ретінде қабылданатындығына қарамастан, жұршылық бірте-бірте жағымды қабылдауда.

Астанада өтетін Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесініңфорумы ғылым мен білім беру бағыттарында ынтымақтастыққа жаңа серпін бергенін қалар едік. Мысалы, ғылыми және оқытушылар кадрларымен алмасу тұрғысында, менің пікірімше, іске асырылмаған өте көп мүмкіндіктер бар. Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесі бағдарламасы аясында оқытушылармен алмасу жақсы нәтижесін берген болар еді. Біздердің мамандарымыз НАТО-ның оқыту орталықтарында өз өңірлерін барынша нақтылы және кәсіби тұрғыда көрсетіп, НАТО елдерінің ғалымдары - оқытушылары - біздің студенттерімізге тек әскери сала жағынан ғана емес, азаматтық жоғары оқу орындарында да тиісті курстар оқыған болар еді.

- Осы Форумға даярлық бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің жанындағы НАТО туралы ресурстық ақпараттық орталық қандай жұмыстар жүргізіп отыр?

- Халықаралық қатынастар факультетінде бірнеше жылдан бері НАТО туралы ресурстық ақпараттық орталық жұмыс істеп келеді және сонымен қатар, Орталық Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесініңфорумына материалдар даярлауда. Мысалы, бірқатар оқу курстары қауіпсіздік бойынша тақырыптарды қамтиды. Форумның нәтижелері «Халықаралық ұйымдар», «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Халықаралық қатынастардың қазіргі проблемалары» және т.б. сияқты пәндерді оқытатын біздің оқытушыларымыз назардан тыс қалмайтын шығар деп ойлаймын.

Жоғары оқу орнында жұмыс істейтін зерттеушілер үшін Қазақстан мен Орталық Азияда НАТО-ның алғашқы үлкен іс-шарасын өткізу фактісі нақтылы қатерді айқындау және ынтымақтастықтың жаңа нысандарын дамыту үшін аймақтағы қаупсіздік жағдайын талдауға негіз бола алады. Біздер үшін Форум туралы бұқаралық ақпарат құралдары тарататын ақпараттардың барынша шынайы және біздердің зерттеу сұрауларымызға сәйкес келуі маңызды.

Форум аясында маусымның 24-інде Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде «Ғылым - бейбітшілік және қауіпсіздік үшін» бағдарламасының Қазақстандағы және аймақтағы жетістіктеріне негізделген НАТО-ның «Ғылым - бейбітшілік және қауіпсіздік үшін» деп аталатын бағдарламасы жөнінде Ақпарат күні өтеді. Орталық Азияның қауіпсіздік және ғылым салаларындағы бірінші кезектегі міндеттері мен проблемалары талқыланатын болады.

- Мұның алдындағы форумдар 2005 жылы Швецияда (Оре қаласы) және 2007 жылы Македонияда (Охрид қаласы) өтті. Астана форумы да осындай форматта өтетін бола ма? Сіздің пікіріңізше, іс-шараларды өткізу тәртібіне өзгерістер енгізіле ме?

- Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесінің Форумын Астанада өткізудің бастамашысы Қазақстан Республикасының Президенті болғандықтан және Альянс мақұлдағандықтан, әрине, оның форматы өзгертіледі. Оның Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетініне сенімдімін. Мұның алдындағы форумдарға Мемлекет басшысы қатыспады, бірақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты. Ореде өткен Форумда НАТО-ның стандарттары бойынша «Қазбат» бітімгершілік батальонының жауынгерлік даярлығын арттыру және жарақтандыру бойынша Қазақстанның жұмыстарына жоғары баға берілді. Әріптестік іс-қимылының жеке жоспарын қабылдауға даярлық басталды, атап айтқанда «НАТО+Қазақстан» форматында тікелей ынтымақтастықтың және диалогтың басталуына негіз қаланды.

Швециядағы Форумда орталықазиялық өңірдегі қауіпсіздік проблемалары мен қатері туралы, Еуразия кеңістігінде сенімді және тұрақтылықты нығайту бойынша елдердің басшылары қабылдап отырған іс-шаралары, әріптестіктің жаңа міндеттеріне деген Қазақстанның көзқарасы туралы мәселелер көлденең тұрды. Бұл мәселелер өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ, олар Астана Форумында да көтерілетін болады.

Охри Форумының күн тәртібінде НАТО-ның құрамына Балқан түбегінің барлық елдерін және Украинаны қосу туралы мәселе тұрды. Қорытынды құжатта осы үміткер мемлекеттерсіз Еуроодақ та және НАТО да «толыққанды» болмайтыны атап айтылды. НАТО-ға Грузияның мүшелігі бойынша нақтылы Іс-қимыл жоспары және тәуелсіз Косовоның жағдайы қаралды. Бұл мәселелер қарау үшін жеке енгізілген жоқ, дегенмен қауіпсіздік проблемаларының контексінде айтылуы мүмкін. Македониядағы Форумда болашақта энергетикалық қамтамасыз ету туралы мәселе қойылған еді, Астанада ол тағы да көтерілетін болады.

- НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффердің өтініші бойынша Қазақстан НАТО үшін аймақтағы шешуші ел болып табылады. Сіздің пікіріңізше Қазақстан қашанға дейін осы рөлде қалуы мүмкін? Мұның ел үшін де және аймақ үшін де маңызы бар ма?

- НАТО әлемдегі оқиғаларды жіті бақылап отыруға тырысады. НАТО-ның мұның алдындағы Бас хатшысы Дж. Робертсон өзінің сайлауы өтер алдында көлемі ауқымды орталықазиялық өңірге халықаралық қауіпсіздік картасында небәрі азғантай ғана орын берілетінін мойындаған болатын. Бүгінгі күні Орталық Азия НАТО-да шешуші стратегиялық маңызды аймақ ретінде қабылданады.

Әзірге Ауғанстан проблемасы орын алып отырған жағдайда аймаққа деген жіті назар аудару әлсіремек емес. НАТО-ның күштері тұрақтылыққа және қауіпсіздікке қол жеткізу бойынша Ауғанстан халқына көмек көрсету мақсатында Альянстың дәстүрлі шекарасынан тыс әрекет етіп келеді. Әзірге Қазақстанда энергетика ресурстары бар кезінде біздің елімізге деген жоғары қызығушылық сақталып қала бермекші. Біздің елімізге деген қызығушылық саяси және әлеуметтік тұрақтылық факторына да негізделген.

Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ШЫҰ-ға және ҰҚШҰ-ға мүше болып тұрған кезінде НАТО-ның аймаққа деген қызығушылығын таныта беретін болады. Қытай мен ШЫҰ-ны, Ресей мен ҰҚШҰ-ны НАТО-ның тәуекелдігі бар деп қарайтыны құпия емес. Стратегиялық әріптестікке барлық тараптар мұқтаж.

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі қарсаңында Форумның біздерге берері бар ма?

 - НАТО мен ЕҚЫҰ - қызмет аясы қауіпсіздік болып табылатын әлемдегі танылған екі ұйым. Егер ЕҚЫҰ үшін - бұл сала саяси консультациялар мен ұсыныстар болса, ал НАТО үшін - қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен күштерді іске асырудың барынша нақтылы, іс жүзіндегі мүмкіндік болмақшы. Екі ұйым да қауіпсіздік бойынша іс-шаралардың кешенін қамтамасыз етеді, өз беттерінше бір-біріне қайшы келмейді, тек олардың әрқайсысының өз қызмет аясы және атқару деңгейі бар.

Менің пікірімше, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ЕҚЫҰ-ның еуразиялық кеңістіктегі орталықазиялық доминантын растай түскені болады. Саяси дәйектемесі айқын көрініп тұр. Бір кездері алыс аймақтар болған - Еуропа мен Орталық Азияның жақындасу қарқыны байқалады. Небәрі бірнеше жыл ішінде Еуроодақ пен Орталық Азия бір-біріне барынша жақындай түсті: бұл жерде үлкен бастамалар және іске асырылатын шағын және орта жоспарлар бар.

Бірақ бүгінгі күні біздерге ЕҚЫҰ қауіпсіздігінің «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» оның трансатлантикалық бөлігі саяси формуласын қабылдау әлі ерте. Еуро-Атлантикалық әріптестік кеңесі аясында Қазақстанды НАТО-мен жақындастыра түсу - Орталық Азия аймағының Еуропамен шектесетін Батыс күштерінің қауіпсіздігі саласындағы, іс жүзінде күш жұмсай отырып дамуды талап ететін трансатлантикалық формуласының қалған бөлігі болмақ.

Қазақстан үшін НАТО-мен ынтымақтастықтан және әріптестіктен бас тарту -  шындыққа жанаспайды, өйткені Еуро-Атлантикалық альянс Еуроодақтың, тиісінше басқа да еуропалық құрылымдар мен ұйымдардың әріптесі болып келеді және ұзақ уақыт бойы әріптес болып қала бермек. Ал, ЕҚЫҰ - бұл тек біз оған мүше ғана емес, біз оны басқаратын да ұйым. ЕҚЫҰ мен НАТО - бұлар бірін-бірін толықтыратын құрылымдар.

Қазақстанның екі ұйымға да қатысуы қазіргі жаһандық бейбітшіліктің проблемалары жағдайында әріптестік қауіпсіздігін ұжымдық қамтамасыз етуге кепілдік береді, дәл осы жағдайлар мен проблемалар Қазақстанда қолданылатын екі ұйымның да көптеген бағдарламаларын жақындастыра түспекші.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет.