Қазақстанның өңірлік держава болуының нақты алғышарттары бар – грузиялық ғалым

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның өңірлік держава болуының нақты алғышарттары бар, дейді Кавказ халықаралық университетінің профессоры Вахтанг Маисай.

Қазақстанның өңірлік держава болуының нақты алғышарттары бар – грузиялық ғалым

Бұл пікірін ол Грузияның жетекші жоғары оқу орнындарының бірі Сухуми мемлекеттік университетінде Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістер, сондай-ақ алдағы президенттік сайлауға арналған дөңгелек үстел барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны, жазушысы мен ойшылының 175 жылдық мерейтойына орай ашылған Абай Құнабайұлы атындағы аудиторияда университеттің студенттері, профессор-ұстаздар, саясаттанушылар мен Грузияның жетекші сарапшылары Қазақстанның жаңа саяси-экономикалық реформаларымен танысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру тұжырымдамасы туралы грузин тілінде ақпараттық фильм көрсетілді.

Сухуми мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, саясаттану ғылымдарының докторы, дипломат Зураб Хонелидзе өз сөзінде әлемдегі геосаяси ахуалдың даму үрдісін және әлемдік үлгінің көпполярлы моделін қалыптастыруды ескере отырып, Қазақстандағы саяси қайта құрудың уақтылылығын атап өтті.

Ғалым сөзінде Қазақстанда алдағы президенттік сайлау сәтті өтетініне сенімді екендігін, Грузия, достас ел ретінде қазақ халқының таңдауын құрметтейтінін және қолдайтынын жеткізді.

Саясаттану ғылымдарының докторы, Кавказ халықаралық университетінің профессоры Вахтанг Маисайдың пікірінше, Қазақстанның өңірлік держава болуының нақты алғышарттары бар, ол көпвекторлы сыртқы саясаттың прагматикалық моделімен және әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық жағдайдың турбуленттілігіне бейімделетін «байсалды» экономикамен нығайтылады.

Грузияның еңбек сіңірген журналисті, саясаттанушы Бадри Начкебийдің бағалауы бойынша, реформалар тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа кезең ашады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, «Қазақстан халқына» қорының жұмысы, монополиясыздандыру бойынша қабылданған шаралар басқа елдер, соның ішінде Грузия үшін үлгі бола алады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстанды одан әрі саяси, экономикалық және институционалдық жаңғырту жөніндегі батыл шешімдеріне қызығушылық танытты, сондай-ақ реформалардың әлеуметтік аспектісін атап өтіп, халықтың әл-ауқатын арттырудың маңыздылығына назар аударды.

Талқылау барысында дипломатиялық қатынастарына 30 жыл толған Қазақстан-Грузия ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Тараптар Қазақстандағы жаңа саяси және экономикалық реформалар өзара іс-қимылдың барлық салаларында қазақ-грузин қатынастарын жандандыратынына сенім білдірді.