19:15, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі жетекші ресейлік БАҚ басшыларымен кездесті
МӘСКЕУ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Әділбек Жақсыбеков ресейлік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Кездесуге белгілі журналист, Федерация Кеңесінің мүшесі А.Школьник, РТР саяси шолушысы С.Брилев, «Ресей радиосы» бас директоры В.Умановский, «Аргументы и факты» баспа үйінің басшысы А.Страхов, «Жаңалықтар» ақпараттық агенттігінің, «Мир» телекомпаниясының, «Огонек», «Итоги» журналдарының, «Комсомольская правда», «Коммерсант» газеттерінің және басқа да басылымдардың өкілдері қатысты. Дипломатиялық миссия басшысы Қазақстанның 2008 жылдағы әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси дамуының негізгі қорытындылары, сыртқы саясат саласындағы басымдықтар, атап айтқанда, Қазақстанның «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға және 2011 жылы ? Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуге, 2009 жылы күзде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезіне әзірлігі туралы әңгімелеп берді.Елшінің пікірінше. 2009 жылы қазақстан-ресей ынтымақтастығын одан әрі жеделдету жөнінде алда көптеген жұмыстар бар. Бұл орайда Қазақстан мен Ресей президенттерінің Бурабайдағы кездесуінде белгіленген отын-энергетика кешені, ғарышты игеру, атом өнеркәсібі, коммуникациялар, аграрлық және басқа салалар бойынша нақты 40 бірлескен жобаны жүзеге асыруды көздейтін 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына баса назар аударылды. Бұдан басқа 2009 жылғы сәуірден бастап Ресей, Беларус және Қазақстан кедендік одағы қызметін бастау үшін қажетті құжаттар топтамасы қалыптасқаны атап көрсетілді. Жылы шырайлы әңгіме үстінде Ә.Жақсыбеков Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу және жүзеге асырудағы жинақталған тәжірибесіне, екі елдің дағдарыс пен оның салдарын бірлесе отырып еңсерудегі күш-жігеріне, сондай-ақ басқа да мәселелерге қатысты ресейлік журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды.