Қазақстанның шахматшы қыздары мен әлем құрамасы арасындағы матч басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы матчы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жарыс 19 сәуірге дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында рапид және блиц түрлері бойынша өтеді.

Ұлттық команданы гроссмейстер Гүлмира Дәулетова, әлем құрамасын гроссмейстер Дана Рейзниеце-Озола басқарады. Әр команданың құрамында 8 адамнан бар.

«Осымен бірнеше апта бойы Қазақстан астанасында әлемдік тарихи оқиға өтіп жатыр. Әлемдік шахматшылар – Ян Непомнящий мен Дин Лижень арасындағы жарысты дүние жүзі бақылап отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ойын өткізу мүмкіндігін бергені үшін ФИДЕ-ге және оны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін біздің қазақстандық шахмат федерациясына алғыс айтқым келеді. Бүгін жылдам шахматтан, рапидтен алғашқы ойын өтеді. Біздің үздік шахматшы қыздар сайысқа түседі, оларға үлкен сәттілік тілеймін. Менің ойымша, бұл шара өскелең ұрпаққа үлгі болады. Сіздерге қарап, біздің жас шахматшылар қатарыңызды толықтыратынына және елімізде интеллектуалды ойлайтын адамдар көп болатынына сенімдімін», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов матчтың ашылу салтанатында.

Шахмат аренасында Қазақстан атынан Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Зарина Нұрғалиева бақ сынайды.

Қазақстандық ойыншыларға қарсы қытайлық шахмат жұлдызы, төрт дүркін әлем чемпионы және FIDE рейтингінде №1 шахматшы, 29 жастағы Хоу Ифань, сондай-ақ атақты Нана Загнидзе (Грузия), Харика Дрюнавалли (Үндістан), Гюнай Мамезаде (Әзірбайжан), Нургюль Салимова (Болгария), Жока Гаал (Венгрия), Шри Б. Савита (Үндістан), сондай-ақ Афруза Хамдамова (Өзбекстан) шығады.

Сонымен бірге, салтанатты ашылу рәсімінде жеребе тартылды, онда Қазақстан құрамасынан Динара Сәдуақасова Хоу Ифанға қарсылас болатыны анықталды.

Екінші тақтада Харика Друнавалли Меруерт Камалиденоваға қарсы ойнайды.

Үшінші тақтада Бибісара Асаубаеваға қарсы Гюнай Мамезаде ойнайды.

Төртінші тақтада Нана Загнидзе Жансая Әбдімәлікке қарсы ойнайды.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрлов дәстүр бойынша матчтың алғашқы жүрісін жасады.


Соңғы жаңалықтар