Қазақстанның шығысындағы түзеу мекемелерінің бірінде нан табаларын дайындайтын учаске ашылды
АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Қазақстанның шығысында ІІМ-нің түзеу мекемелерінің бірінде алюминий нан табаларын дайындайтын учаске ашылды,
деп хабарлады Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.
ҚР ІІМ ҚАЖК-нің бөлім бастығы Бақытжан Базарбаевтың айтуынша, түзеу мекемесіндегі жаңа өндіріс орны Мемлекет басшысының қаңтардағы Қазақстан халқына арналған Жолдауын жүзеге асыру аясында ашылды. Аталған Жолдаудың «Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы» бөлімінде жаңа кәсіпорындардың құрылысын салу міндеті қойылған болатын.
2011 жылы түзеу мекемелеріндегі сотталғандар үшін жұмыс орындарын ұлғайту мақсатында өндірістің жаңа 26 түрі ашылған еді. «Ағымдағы жылдың жазында ғана Атыраудағы түзеу мекемесінде қоқыс жәшіктерін шығаратын, ал Шымкенте металпластик бұйымдар шығаратын өндіріс орны іске қосылды», - деді ол.
Өскемен қаласындағы жалпы режімдегі колонияда, «Еңбек-Өскемен» РМК базасында күні кеше ашылған алюминий нан табаларын дайындайтын аталған учаске республиканың түзеу мекемелерінде 27-ші өндіріс орны.
Қазіргі уақытта нан табаларын дайындайтын барлық құрылғылар орнатылды. Өндіріс орны ондаған сотталған азаматтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.