Қазақстанның солтүстік-батысында дымқыл қар жауып, оңтүстігінде күн күркіреп, шаң көтерілуі мүмкін

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның солтүстік-батысында дымқыл қар жауып, оңтүстігінде күн күркіреп, шаң көтерілуі және қатты жел соғуы мүмкін, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидромет мәліметтеріне сілтеме жасап.

Қазақстанның солтүстік-батысында дымқыл қар жауып, оңтүстігінде күн күркіреп, шаң көтерілуі мүмкін

«Қазақстанның көптеген облыстарының ауа райына ауа ағыстары әсер етіп, республиканың солтүстік-батысында жаңбыр соңы дымқыл қарға айналып, оңтүстіктің кей жерлерінде күн күркіреп, шаң көтерілуі, қатты жел соғуы мүмкін», - делінген ведомство ақпаратында.

Қостанай облысында жылдамдығы секундына 15-20 метрге жететін жел соғады деп күтілуде.

Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел екпіні секундына 15-23 метрге жетеді.

Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде күн күркіреп, секундына 15-20 метрлік жел соғады.

Күндіз Алматы, Қызылорда облыстарының, түнде Оңтүстік Қазақстан облысының жекелеген аудандарында күн күркіреп, екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады, ал Қызылорда облысының кей жерлерінде шаң көтеріледі.

Маңғыстау облысының кей жерлерінде жел жылдамдығы секундына 16 метрге жетіп, түнде тұман түседі. Сондай-ақ Павлодар облысында да жел қуаты секундына 18 метрге жетеді.