Қазақстанның сүті ресейлік сүтпен бәсекелесе алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі отандық табиғи сүт өндірушілерге ресейлік бәсекелестерімен бағаны теңестіріп, өндірісті кеңейтуге көмектеседі.
None
None

Ағымдағы жылдың 25 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстанның ет-сүт өнімдері одағының атқарушы директоры Сансызбай Өмірбеков осындай пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық сүт өндірушілер жыл басынан бері ресей ақшасының екі рет құнсыздануы салдарынан үлкен қиыншылыққа тап болған.

«2015 жылы Ресей рублі екі рет құнсызданған кезде біз үлкен қиыншылыққа тап болдық. Себебі, біздің сүтіміздің 1 литрінің құны 115 теңгеден 70 теңгеге дейін, іс жүзінде 40 пайызға арзандады. Егер де 1000-нан 1200-ге дейін мал басын ұстайтын орташа бір кәсіпорынды (мысалы, күн сайын 15 тоннаға жуық сүт жинайтын өнеркәсіптік өндіріс) алатын болсақ, оның шығындарының көлемі күніне 700 мыңнан 1 млн-ға дейін теңгені құрады. Бұл көрсеткішті жылдық есепке шақсақ, 200 млн. теңгеге жуықтайды. Көптеген кәсіпорындар өндірісінің көлемін кеңейтуді жоспарлағанымен, қалыптасқан жағдайда оған қол жеткізе алмады»,- деп түсіндірді ахуалды С. Өмірбеков.

Атқарушы директордың пайымдауынша, ұлттық ақшамыздың еркін айырбас бағамына көшуі отандық табиғи сүт өндірушілерге ресейлік әріптестерімен бағаны теңестіруге көмектеседі. «Яғни, импорттық өнімдер бұрынғыдай өте арзан болмайды. Атап айтарлығы, бізге бұған дейін Ресейден табиғи сүт емес, сүт ұнтағы ғана әкелінді. Қазақстанның аумағында оны қайтадан өңдеп, нарықтарға жеткізіп отырды. Бүгінгі таңда супермаркеттерде сатылатын сүттің негізгі бөлігі табиғи сүт өнімі емес. Біз осынау сүт өнімінің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық тәртібіне сәйкес келмейтінін көріп отырмыз»,- деп мысал келтірді Қазақстанның ет-сүт өнімдері одағының өкілі.

Ол сондай-ақ, сүт өнімдерін өңдейтін зауыттардың арзан сүт ұнтағымен қалай жұмыс істейтінін ашып түсіндірді. Мәселен, сүт ұнтағынан өндірілген сүттің 1 литрінің құны 48-50 теңгені құрайды. Сол себептен, қазіргі кезде сүтті қайта өңдейтін зауыттарға табиғи сүттің орнына, әрі құны арзан, әрі қолжетімді сүт ұнтағымен жұмыс істеу тиімді. Сансызбай Өмірбеков Қазақстан әлі күнге өзінің ішкі нарығын сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отырғанына қынжылды. Алайда, алдағы 5-7 жылда осы мәселені оңынан шешуге мүмкіндік мол екенін ескертті.

«Қазақстан қазіргі таңда өз нарығына қажетті сүт және сүт өнімдерінің 60 пайызға жуығын ғана өндіреді. Қалған 40 пайызын сырттан импорттаймыз. Біз күнделікті супермаркеттердің сөрелерінен жарамдылығы 1 жылға жететін сүт өнімдерінің самсап тұрғанын көріп жүрміз. Яғни, ол табиғи сүт емес. Ал нағыз табиғи сүт дегеніміз - ол жергілікті жерде өндірілетін, жарамдылығы 3-7 күнге жететін өнім. Неге екенін білмедім, біздің нарығымызды сапасы түсініксіз импорттық өнімдер жаулап алған. Оның сапасыз екенін біле тұра, сатып аламыз. Соның әсерінен отандық сүт өндірісіміз тұралайды. Сондай-ақ, ұлтымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын да ұмыт қалдырамыз»,- деді С. Өмірбеков. Оның айтуынша, «Агробизнес 2020» бағдарламасы арқылы Қазақстанда 2020 жылға дейін 100-ге жуық отбасылық сүт кәсіпорындары (100-150 басқа дейін асырайтын), 20-ға жуық ірі кәсіпорындар (1-1,2 мың басқа дейін асырайтын) ашу жоспарланған. Осындай шаралардың нәтижесінде еліміздегі сүтке деген сұраныстың 90-95 пайызын отандық өндірістің есебінен қамтамасыз етуге болады.

Соңғы жаңалықтар