Қазақстанның сыртқы саясаты өзге елдерге үлгі боларлық ? АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінде Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жылға жуықтады. АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ричард Хоугланд екі ел ынтымақтастығының болашақ бағыттары мен маңызды тұстары турасында әңгімелейді.
- Хоугланд мырза, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында ішкі және сыртқы саясаттың қандай бағыттарында белсенді жұмыс жасауы қажет? - 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі тарихи оқиға болмақ. Біріншіден, ТМД-ға мүше елдердің бірі бұл ұйымға бірінші рет басшылық етпек. Екіншіден, 2010 жыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын құруға негіз болған Хельсинки келісімінің 35 жылдығына дөп келіп тұр. Білуімше, Қазақстан атаулы мерейтойды атап өтудің тиісті жолдарын қарастыруда. Ол - адам құқықтарын қорғау, экономика саласындағы ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету - ЕҚЫҰ-ның негізгі үш қағидатын тағы бір дәлелдей түсетін шолу конференция болуы мүмкін. Біз осы аталған қағидаттарды қайта қарап, жаңартып, оларды дәлелдей түсетін бастамаларды қашанда құптаймыз. Және Қазақстан үкіметімен ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындық кезеңінде және тарихи оқиғаның барысында тең әріптес ретінде кеңесу мүмкіндіктерін асыға тосудамыз. - Қазақстан басшылығының әлемдік қаржы дағдарысына қарсы күрес бағытында қолға алып жатқан шараларын қалай бағалайсыз? - Алдымен, мен экономист емес екенімді айтып өтейін. Дегенмен, мен Елшіліктің қызметкерлерімен бірге, халықаралық қаржы институттары мен халықаралық коммерциялық құрылымдардың өкілдерімен, банкирлармен, Қазақстан үкіметінде жұмыс жасайтын экономикалық сырапшылардың ауқымды тобымен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келемін. Барлық сарапшылардың ортақ пікірі Қазақстан жаһандық экономикалық дағдарыстан шығудың икемді, реалистік және жауапты жолдарын таңдады дегенге тоғысады. Тосын «сыйлықтар» әлі де шығып жатыр, әсіресе банк секторында. Бірақ біз Қазақстан үкіметіндегі экономистердің жоғары біліктілігіне сенімдіміз. АҚШ-ты қоса алғанда, әлем бойынша көптеген елдер экономикалық дағдарыспен, сол елдің азаматтары өздерін қамқорлықта сезінуі үшін және нәтижесінде әлемдік экономикалық құрылымдар дағдарысқа дейінгі кезеңнен де әлдеқайда күшті болуы үшін күресуде. Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлшегі болғандықтан, менің ойымша, ол дағдарыстан бұрынғысынан да қуатты болып шығады. - Сіз Қазақстанда өткен жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейсіз, елдің ішкі және сыртқы саясатын қалай бағалайсыз? Қандай салалардағы жетістіктерді ерекше атап көрсете аласыз? - Әлемдік державалармен қарым-қатынасты сенімді теңгеріп отырған Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, өзге елдер қолдана алатындай сәтті үлгі болып табылады. Аймақтық ауқымда Қазақстан өз көршілеріне ешбір қауіп төндірмейтін және тұрақты негізде аумақтық қана емес, кең ауқымдық деңгейде жауапты көшбасшы ретінде шығуға әзір, сенімді әрі бейбітшіл ел.
Қазақстан жаппай қырып-жою қару-жарақтарын таратпау сынды маңызды салада мойындалған әлемдік лидер және бұл көшбасшылық ұстанымдарын нығайтудың жолдарын іздестіру үстінде. Атап айтсам, Қазақстан МАГАТЭ-ның қолдауымен өз жерінде ядролық отын банкін орналастыру ұсынысымен шықты. Бұл батыл қадам, оны АҚШ жылы қабылдап, қолдап отыр. Сондай-ақ АҚШ Қазақстанға Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісіне басқа халықаралық әріптестермен бірге қатысудың тиімді жолдарын іздестіріп жатқандығы үшін де разы. Ішкі саясатта Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде, толеранттық және келісім идеяларын қорғайды. Бұл аймақтық елдер үшін ғана емес, сөзсіз бүтін әлем ұқсап-бағуға тұрарлық үлгі. - Қазақстандағы демократиялық өзгерістерге қатысты пікіріңізді білсек? - Мен демократия - өте ұзақ әрі қиын үрдіс деп қашан да айтып келемін. Әр елдің демократиясы өзінің тарихы, дәстүрі мен мәдениеті негізінде органикалық түрде дамуы тиіс. Үндістанның демократиясы Германия немесе Оңтүстік Корейдің демократиясынан өзге. Қазақстан өз демократиясын өзінің жеке ұлттық жолдарымен дамытады. Бұл сұрақ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында өте орынды. Бұл аса маңызды әрі жауапты қызметке дайындық кезеңде Қазақстан алғашқы қадамдар жасай отырып, сайлау, саяси партиялар және БАҚ туралы заңдарға толықтыруларды қабылдады. Біз бұл қадамдарды қолдаймыз және одан кейінгі қадамдарына қатысты тығыз ынтымақтастыққа ұмтылудамыз. Мысалға, Қазақстан БАҚ мәселелері бойынша жала жабуды декриминализациялау мүмкіндігін қарастыра алады. Азаматтық қоғам мен тіркелген барлық партиялар өкілдерінің басын біріктіретін - толығымен тәуелсіз сайлау комиссияларын құруға заңмен кепілдік беру, сайлау туралы заңның келесі қадамы ретінде қарастырылса, өте пайдалы болар еді. Бүгінгі таңда аса алаңдауға тұрарлық жәйт - қазір Парламенттің қарауында жатқан Интернет туралы заң. Интернетті реттеу мүмкіндігінің жоқтығын қарапайым факті ретінде келтіруге болады. Өйткені веб-сайттар жаңа доменді, ал пайдаланушылар олардың жаңа мекен-жайын тауып алатындай көптеген техникалық айналма жолдар бар. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындалып жатқан қазіргі уақытта Қазақстанға бос әурешілік болып қалатындай интернетті реттеуге ұмтылу сияқты әрекеттерді жасамауды ұсынар едім. - Сіздің пікіріңізше, Құрама Штаттардың сыртқы саясатында жаңа басшының келуімен қандай өзгерістер болды? Біздің елдердің екіжақты ынтымақтастығының болашағы қандай? - Президент Обама мен Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонды қоса алғанда, оның сыртқы саясаттағы командасы жалған сенімдер мен идеологияға емес, толығымен ақиқатқа негізделген сыртқы саясат идеясын ұстанады. Менің ойымша, бұл АҚШ-тың көпжақты әріптестердің қолдауымен және басқаларға құрметпен қарауға негізінделген, ұлы сыртқы саяси дәстүрлерге қайта оралуына септігін тигізетін жағымды мәлімдеме. Сонымен қатар Президент Обаманың мұсылман әлемімен жаңа қарым-қатынастарды орнатуға ұмтылысы да аса қызығушылық тудырып отыр. Жуырда Түркияның Парламентінде сөйлеген сөзінде: «Мен, Американың мұсылман әлемімен өзара байланысы лаңкестікке қарсы күреске тірелмейтінін және солай болмауы тиістігін қадап айтқым келеді. Біз өзара мүдделер мен өзара ізеттілікке негізделген жанасудың жаңа бағыттарын іздестірудеміз. Біз бір-бірімізді ілтипатпен тыңдап, қателіктерді түзейміз және ортақ келісімдерді іздейтін боламыз. Біз бір-бірімізбен келіспеген жағдайда да, бір-бірімізге құрметпен қарайтын боламыз», - деген еді. Мен америкалық-қазақстандық байланыстардың жаңа маңыздағы айналымға, аса жоғары деңгейдегі консультацияларға, сондай-ақ анағұрлым белсенді ынтымақтастыққа дайын екеніне сенімдімін. Анығында, біздің байланыстарда айырғыш факторларға қарағанда біріктіруші факторлар көп. Біз осы жағымды серпіндерді дамыту үшін қажырлы еңбек ететін боламыз. Біз берік ынтымақтастық пен өзара сыйластыққа негізделген, ғизаттық, кеңестік және кемелденген қатынастарды орнату бағытында жұмыс істейтін боламыз. - Әңгімеңізге рахмет!