Қазақстанның танымал тұлғалары латын әліпбиіне көшуге жасалған нақты қадамға қолдау танытты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Елбасы бекіткен бастамаға қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалар қолдау танытты. ҚазАқпарат тілшісі бірқатар елге белгілі азаматтарға хабарласып, пікірлерін білді.

Қазақстанның танымал тұлғалары латын әліпбиіне көшуге жасалған нақты қадамға қолдау танытты

Олимпиада ойындарының жүлдегері Ислам Байрамуков:

«Жалпы, бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу үшін, ғылым мен көркем өнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар, білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы Әзербайжан, Түркия елдері осыған өтті. Шетелден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекенжайларды оқу, олармен пікір алмасу оңай болады».

ҚР Халық әртісі Сәбит Оразбаев:

«Ең басынан бастап латын әліпбиіне өтуді қолдадым. Алайда бір үрей болды, бұл процесс көпке созылып кетпей ме деген. Бүгін алдағы уақытта біз жұмыс істеп, білім алатын әліпбидің нұсқасын бекітті дегенде өте қатты қуандым. Көпке созбай, жұмысты жинақылықпен жүргізгендеріне ризамын.

Әлем елдерінің 70% латын әліпбиін қолданып, жетістікке жетіп жатыр. Біз неге көштен қалуымыз керек? Негізінде менің және басқа да замандастарымның туу туралы куәлігі, алғашқы оқыған кітаптары латын әліпбиінде жазылған болатын. Сондықтан аға буын өкілдеріне де латын қарпімен жазып, оқу қиындық тудырмас».

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев:

«Бұл тақырыпқа байланысты біздің ұжымда, яғни, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында митинг ұйымдастырылды. Институт директоры Уәлихан Қалижанұлы сөз сөйледі, мен өлең оқыдым, тағы бірнеше ғалымдар, соның ішінде Еркін Ғалымов деген жас ғалым пікірімен бөлісті. Латын графикасына көшу - бұл жаңа құбылыс, жаңа бір дәуірдің басталғандығы. Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді міне, тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймыз. Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар қаріп. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасын ақын ретінде, азамат ретінде қолдаймын».

Еске сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында

«Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.

Бұл - сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз.  

Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз.  

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­семіз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауы керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.      

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.  

Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады», - деп жазған болатын.