Қазақстанның уран өндірісінің бір жылдық көлемінің 10 пайызы ізім-ғайым жоқ болып кетсе, ол бірден анықталады - Т.Жантикин
nbsp;АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Соңғы жылдары халықаралық қауымдастық алқаларындағы уран мәселесі күн тәртібіндегі «ерекше мәселе» ретінде танылып келеді. Әрине, бұндағы негізгі әңгіме энергетикалық қамтудан бұрын жаһандық қауіпсіздікке қатысты ойысып тұрғаны сөзсіз. Қуатты ядролық қарудан бас тарта отырып Қазақстан әрі
қауіпті әрі құнды саналатын осы бір «ғасыр отынын» өндіру бойынша әлемде алдыңғы орынға шыққаны белгілі. Ендеше, уран мәселесі бойынша Қазақстанның ұстанымы да, сауда-саттығы да әлемнің жіті назарында болады деген сөз.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, Қазақстанның заңнамалары атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы экспорттық бақылаудың ең қатаң талаптарына сай келеді және бұл әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалған. Дегенмен де, былтырғы жылдың соңына таман «Assosiated Press» агенттігінде «Қазақстан Иранға уран рудасының ірі көлемін жеткізуге ниетті» деген ақпарат жарияланып, бұл мәселеге қатысты алыпқашпа әңгімелер де аз айтылмаған еді. Нақтырақ айтқанда, бірқатар шетелдік БАҚ белгісіз ақпарат көздеріне сілтеме жасап: «Иран Ислам Республикасы Қазақстаннан 450 миллион АҚШ доллары сомасына 1350 тонна көлемінде уран рудасын сатып алуға ниетті және екі ел арасындағы келісімшарт аяқталу үстінде», - деген ақпарат таратқан болатын. Бұл ақпаратты кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен және Энергетика министрлігі ресми түрде теріске шығарып, мәлімдеме жасады.
Ал ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Атом энергетикасы комитетінің төрағасы Тимур Жантикиннің айтуынша, «Assosiated Press» агенттігінің: «Қазақстан Иранға уран рудасын сатады-мыс» - деген ақпараты шындыққа еш жанаспайды. Өйткені уран өнімінің мұндай көлеміне және мұндай сомасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының назарынан тыс келісімшарттарды жасауға және келіссөздерді жүргізуге мүмкін емес. Қазақстан Ядролық жеткізушілер тобының мүшесі болып табылатындықтан, біздің заңнама атом энергиясын қолдану саласындағы экспорттық бақылаудың ең қатаң талаптарына сай келеді және ол әлемдік қоғамдастықпен мойындалған. Яғни, ядролық экспортқа жүргізілетін мемлекеттік қадағалауымыз өнеркәсібі дамыған елдердің талаптарына толығымен сәйкес келеді. Қазақстанның аталмыш топқа қабылданғаны да соның айғақ дәлелі. Өйткені олар біздің заңнамамызды, құқықтық құралдарымыз бен инфрақұрылымымызды жете тексерді», - дейді Т.Жантикин.
Сондай-ақ, Қазақстан Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болып табылады. Екіншіден, Қазақстанда ядролық қызметтің бейбіт бағытта қолданылуына МАГАТЭ-нің берген (Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге сәйкес) кепілдігін қолдану туралы келісім бар. Осы келісімге қоса, сондай-ақ Қазақстан мен МАГАТЭ арасында қосымша протокол жасалды. «Яғни, біз аталмыш халықаралық құқықтық құжаттардың мүшесі болып табыламыз. Олардың ережелерін орындау үшін Энергетика министрлігі ядролық мәселелерге қатысты елдегі барлық деректерді есепке алып, аталмыш ұйымдарға ұсынады. Кез-келген экспорттық-импорттық операциялар туралы біз МАГАТЭ-ні алдын ала ескертеміз және ол мәліметтер халықаралық деңгейде тіркеуге алынады. Бұл - ядролық деректерге қатысты, ал уран концентраты - қағаз жүзінді ядролық деректерге жатпайды. Бірақ Қазақстан олар бойынша да есептерді өз еркімен ұсынуда. Бұл ашық ақпараттар. Сондықтан Қазақстанның уран өндірісінің бір жылдық көлемінің 10 пайызы ізім-ғайым жоқ болып кетсе, ол бірден анықталады», - дейді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасына сәйкес, елде атом энергетикасы саласы мен оның экспортын қадағалаушы құзырлы мемлекеттік органдардан бөлек, экспортпен айналысатын әрбір компанияда өзінің экспорттық бақылау жүйесі болуы тиіс. Мысалға, «Қазатомөнеркәсіп» пен оның еншілес компанияларында осындай жүйе жұмыс істейді. Бұл - экспорттық операцияларды орындау үшін лицензия алудың бірден-бір шарты. Сондықтан Ұлттық компаниялар мен басқа да уран өндіруші компаниялар өз беттерімен қандай да бір келіссөздерді жүргізе алмайтындығы түсінікті.
Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, негізінен, мемлекеттің жекеменшік кішігірім компаниялардың келіссөздеріне араласуына еш құқығы жоқ. Ал мәселе экспортқа келгенде, келісімшарттың жасалу мүмкіндігі құзырлы органдарға алдын ала ескертілуі тиіс. «Компанияларда жұмыс істейтін экспорттық бақылау жүйесі Қазақстанның заңнамаларымен жете таныс адамдардан құралады. Сондықтан олар экспортқа қатысты мәселелер жайында бірінші кезекте мемлекеттік органды хабардар ету қажеттігін біледі. Келісімшарт мемлекеттің назарынан тыс жасалған күннің өзінде, компания экспортқа лицензия алу үшін бәрібір мемлекеттік органға, нақтырақ айтқанда, Индустрия және сауда министрлігіне жүгінеді», - деп атап өтті Жантикин.
Өз кезегінде Индустрия және сауда министрлігі құжатты салалар бойынша келісуге жібереді. Оның ішінде бақылау тізіміне енген - ядролық экспортқа қатысты мәселелер Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне келіп түседі. Энергетика министрлігі ол құжатты бүге-шігесіне дейін талдаудан өткізеді. Алдымен, жалпы компания туралы құжаттар көтеріледі, оның экспорттық қызметпен айналысуға рұқсатының бар-жоғы анықталады. Одан кейін келісімшартқа көшіп, ол қай елге экспортталатыны және оның соңғы жеткізілу нүктесі тексеріледі. Индустрия министрлігі талдау нәтижелерін алғаннан кейін тауар жіберілетін елден растау сертификатын сұраттырады. Жеткізілім расталғаннан кейін ғана барып, тиісті шешім қабылданады және экспорттаушы компанияға уранды шекарадан сыртқа шығаруға лицензия беріледі.
Ал компания экспорттық жеткізілім туралы құзырлы органдарды мәлім етпей, тауарды лицензиясыз шығармақ болған күннің өзінде, оларға кедендік бақылаудан айналып өтуге еш мүмкіндік жоқ және мұндай әрекеттер заңмен қатаң қудаланады. «1300 тонна уранды шекарадан заңсыз алып өту мүлдем мүмкін емес. Бұл үшін бірнеше состав вагон қажет. Оның үстіне, тауарды алдымен бір жерге жинап алу қажет қой. Ал уранның мұндай көп көлемін көпшіліктің назарынан тыс қордалау мүмкін емес», - деп қадап айтты ол.
Оның айтуынша, 2009 жылы қазақстандық компаниялар уранның 13 мыңнан астам тоннасын өндірген (2008 жылмен салыстырғанда өсім 63 пайызды құрады). Сөйтіп, әлемде уран өндірісі бойынша бірінші орынға шықты. Ал үстіміздегі жылы өндіріс қуатын жылына 18 мың тоннаға арттыру көзделуде. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 21 кеніш жұмыс істейді. Табиғи уранның өндірісі экологиялық қауіпсіз және экономикаға тиімді - жерасты сілтілеу жолымен өндіріледі.
Т.Жантикиннің пікірінше, Қазақстанның Иранға уран рудасын саудалау жөніндегі қауесетті араңдатушылық мақсатта мемлекет атынан жеке компаниялар да таратуы мүмкін. «Өз тарапынан МАГАТЭ бұған еш қатысы жоқ екендігін мәлімдеді және «Assosiated Press» агенттігінің қиялдан шығарған ақпаратына бола, бас қатыруды жөн санамады. Қазақстан болса, таратылған ақпарат елдің беделіне нұқсан келтірерліктей болғанымен, осындай ұстанымды ұстамақ. Елде «сары басылымдар» аз ба, қайсыбірімен соттасып жатамыз және де бұл дау-дамай Қазақстаннан бұрын, аталмыш Агенттіктің өзінің беделіне кері әсерін тигізді. «Assosiated Press»-ке енді расталмаған ақпараттарды таратушы - сенімсіз ақпарат көзі ретінде қарайтын болды», - дейді ол.
«Осы ретте бір мысал келтіре кетейін, қателеспесем, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Караван» газеті, кейін «КТК» телеарнасы: «Қазақстан Иранға жоғары байытылған уранды жеткізуге ниетті және Қазақстан өз аумағына МАГАТЭ-нің өкілдерін кіргізбей жатыр»,- деген қауесеттер таратты. Ал «Рейтер» агенттігі ақпаратты бірден көшіріп алып, бүтін әлемге жария етті. Сол кезде де аталмыш бұқаралық ақпарат құралдарын сотқа беру ұсынылды. Егер біз ойдан шығарылып таратылған әрбір жалған ақпаратқа әрекет етіп, соттасатын болсақ, мемлекеттің одан басқа жұмысы қалмайды», - деді.