10:43, 26 Желтоқсан 2016 | GMT +5
Қазақстанның үш облысында жолдар жабық тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның үш облысында жолдар жабылды, деп хабарлады ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ақпаратына сілтеме жасап.

Алматы облысында қатты жел, бұрқасын мен көру мүмкіндігінің нашарлауы салдарынан Сарыөзек - Көктал (40-80 шақырым аралығы, Қоғалы кенті - Басшы ауылы) трассасы барлық көліктер үшін жабылды. Сондай-ақ, Үшарал-Достық (83-184 шақырым аралығы) автожолы бөлігінде барлық көлік түрлеріне қозғалыс шектелді.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында көліктің барлық түрлері үшін Алматы-Өскемен (973-1073 шақырым аралығы, Өскемен - Қалбатау ауылы) және Күршім-Қалжыр күре жолдары (65-131 шақырым аралығы) жабылды.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында Саумалкөл- Новоишимское автожолының бөлігінде (0-91 шақырым) барлық автокөлік үшін қозғалысқа тыйым салынды.