Қазақстанның ұсынысы бойынша Ресейден Кеден одағының басқа елдеріне тауарлар экспорттауда қосымша құн салығы бойынша нөлдік ставкамен үстеме бекітілетін болады
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қазақстан салықшыларының ұсынысы бойынша Кеден Одағының Комиссиясы Ресейден Кеден одағының басқа елдеріне тауарлар экспорттауда қосымша құн салығы бойынша нөлдік ставкамен үстеме бекіту туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қыркүйектің 15-16-сында Мәскеуде өткен «Жанама салықтар» сарапшылар тобының кезекті отырысында қазақстандық топтың жетекшісі - Салық комитетінің төрағасы Дәулет Нұрғожин ресейлік тасымалдаушылардың Кеден одағының аясында халықаралық тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсету жөніндегі айналымдарға қосымша құн салығы бойынша нөлдік ставка салуы туралы мәселені көтерген болатын.
Істің мән-жайына келетін болсақ, Ресей аумағынан Қазақстанның аумағына теміржол көлігімен жүк тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсету кезінде, ресейлік тасымалдаушы - «Ресей темір жолдары» ААҚ көрсетілген қызмет үшін 18 пайыз көлемінде қосымша құн салығы қоса есептелген шот-фактурасын береді. Бұған дейін, 2010 жылдың шілде айының 1-іне дейін, Ресей аумағынан тыс жерлерге жүк тасымалдауда салық нөл пайыздық үстемесі бойынша салынып келген болатын. Және ілеспе құжаттарға тауарлардың экспорттық кедендік режіміне жатқызылғанын айғақтайтын кеден органдардың белгісі қойылатын. 2010 жылы шілденің 1-інен бастап Кеден одағында кедендік ресімдеу жүргізілмейтіндіктен, аталған қызметтерге, яғни, халықаралық тасымалдауларға, шілденің 1-інен бастап 18 пайыз қосымша құн салығының ставкасы салынып отыр.
Бірақ та, ресейлік тасымалдаушылар осындай қызметтерді үшінші елдерге көрсету кезінде, қосымша құн салығын нөл пайыз үстемемен салып отыр.
Айта кету керек, салық заңнамасының нормаларына сәйкес, Қазақстанда республика аумағынан Кеден одағына мүше елдердің аумақтарына халықаралық тасымалдаулар жасалған кезде қосымша құн салығының нөлдік үстемесі қарастырылған.
Жоғарыда айтылған мәжілістің қорытындысы бойынша және қазақстандық тараптың ұсынысына сәйкес, Кеден Одағының Комиссиясы қыркүйектің 20-сында №390 шешімін қабылдады, оған сәйкес ресейлік тарапқа заңнамалық актілерге Кеден одағының аясында халықаралық тасымалдаушылар жасаған кезде қосымша құн салығының нөлдік үстемесін қолдануға қатысты өзгертулер енгізу ұсынылды.