Қазақстанның үздік спортшыларын алғаш рет жанкүйерлер анықтайды
Байқау Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Дауыс беру ҚР ҰОК-ның www.olympic.kz ресми сайтында 28 қарашаға дейін жалғасады. Байқау қорытындысы 30 қарашада салтанатты түрде шығарылмақ.
Нақтырақ айтқанда, үздік спортшыларды анықтау жанкүйерлерге 9 аталым бойынша тапсырылып отыр.
«2017 жылдың спорт күнтізбесі жаңалыққа толы. Біздің спортшыларымыз қатысатын халықаралық сайыстар биыл өте көп. Ұлттық спорт жүлдесін анықтауда жанкүйерлерді белсенді болуға шақырамыз», - деді Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин.
Әр аталымға 3-6 үміткерден ұсынылған. Үміткерлер арасында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, велошабандоз Алексей Луценко, Универсиада жеңімпазы фристайл-могулшы Юлия Галышева, сондай-ақ шорт-трек, биатлон, бокс, таэквондо сынды бірқатар спорт түрінен құрама командалардың бас жаттықтырушылары бар. Сонымен қатар, жанкүйерлер үздік Дене шынықтыру және спорт басқармалары мен жылдың үздік командасын анықтайтын болады.
«Бұған дейін Ұлттық спорт жүлдесін арнайы комиссия анықтаса, биыл жанкүйерлер таңдайды. Сондықтан, биылғы Ұлттық спорт жүлдесі жаңа форматта, телевизия форматында көрермен қолдауымен өткізілгелі отыр», - дейді Данияр Әбілғазин.