Қазақстанның Венгриядағы Елшілігінде «ДИАҚБ» Сайлаулар жөніндегі департаментінің басшылығымен кездесу өтті
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) бастамасы бойынша 2010 жылғы қаңтардың 29-да Қазақстанның Венгриядағы Елшілігінде «ДИАҚБ» Сайлаулар жөніндегі департаментінің басшылығы Беата Мартин-Розумилович және Игорь Долгихпен кездесу өтті,
деп хабарлады Қазақстанның Венгриядағы Елшілігінен.
Будапештте сапарда болған «ДИАҚБ» миссиясының мақсаты Венгрияның сайлауалды ахуалын бағалау мен осы елде биыл сәуірде жоспарланған парламенттік сайлауларды бақылау әдістемесіне ұсыныстар дайындау болып табылады.
Венгрия Президенті Ласло Шойомның жарлығына сәйкес, елдің Парламенті - Мемлекеттік жиналыс сайлауының бірінші айналымы - биыл 11-ші сәуір, ал екінші айналымы - 25 сәуір болып белгіленді.
Бюро миссиясының өтініші бойынша, аталмыш кездесу барысында Венгриядағы қазіргі сайлауалды ахуал мен оның болжамдары жөнінде ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының Елшілігі ретінде өкілдік пікір бөлісті.
Жалпы алғанда, Елшілік тарапынан венгр билік орындарының парламенттік сайлаулар өткізу жөніндегі дайындықтарына оңды баға берілетіні мәлімденді. 1994 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болған және Будапешттегі саммитте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңесті ЕҚЫҰ ретінде атау туралы тарихи шешім қабылданған осы Еуропалық ел, жалпылай қабылданған демократиялық стандарттарға сәйкес сайлау процестерін өткізуде мол тәжірибеге ие.
Сондай-ақ кездесу барысында 2010 жылы 14 қаңтарда Вена қаласында өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 789-шы отырысындағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейне-жолдауы мен Ұйымның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың баяндамасында белгіленген гуманитарлық құндылықтар жөніндегі басым міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында қазақстандық өкілдік пен «ДИАҚБ» арасындағы өзара әрекеттесудің қызметтік сипаттары талқыланды.