Қазақстанның визасыз саясаты қытайлық туристерді қызықтыруда – шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет елде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстанның визасыз саясаты қытайлық туристерді қызықтыруда – шетелдегі қазақ баспасөзі

Қазақстанның визасыз саясаты қытайлық туристерді қызықтырады – People.cn

2022 жылғы 8 шілдеден бастап Қазақстан Қытай сияқты елдердің азаматтары үшін ең ұзақ мерзімі 14 күн болатын біржақты визасыз жүйені енгізген болатын. Соған байланысты қытайлық туристердің назары Қазақстанға ауа бастаған. Бұл туралы осы аптада Қытайдың People.cn ақпарат порталы хабарлады.

Аталған басылымның мәліметінше, Қазақстанға визасыз баруға болатынын білгеннен кейін Гуанчжоулық Сяоян есімді саяхатшы Шыңжаңда шаңғы теуіп жүргенде биылғы көктемгі фестивальді Қазақстанда өткізу туралы ой келген. Сөйтіп ол мерекені Қазақстанда өткізеді.

Оның айтуынша, басында шетелге шығу ойында болмаған. Шаңғы тебуді Шыңжаңның солтүстігінде жоспарлаған. Қазақстанға визасыз баруға болатынын білгеннен кейін, сондай-ақ Шыңжаңнан Қазақстанға жол жүру ыңғайлы болғандықтан осы сапарды қарастырған.

Турист Қорғас құрлық шекарасы арқылы өтіп, Алматыға барады.

Қытайдың People.cn ақпарат порталының дерегінше, Сяоян шаңғы спортын жақсы көргендіктен Алматыға деген көзқарасы ерек. «Мұнда Азиядағы ең биік және ең үздік тау шаңғысы курорттары бар. Алматыдағы тау шаңғысы курорттарының құрылғылары мен жабдықтары сапалы, қар жолдары ерекше әрі оған дәмді тамақты қосыңыз. Сондай-ақ жылы ауа райы мен әсем табиғатта демалып, тамаша сезімге бөлендім», - дейді турист Сяоян.

Сяоянға Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматының тарихи тамыры тереңде жатуымен қатар, Алматыда тауар бағасы ел ішімен салыстырғанда төмендігімен ұнаған...

Сондай-ақ People.cn ақпарат порталында «Шыңжаң Қанас: Табиғат тудырған таңғажайып кескіндеме» деген тақырыптағы суретті ақпарат жарық көрді.

Аталған басылымның мәліметіне қарағанда, Шыңжаңның Алтай өңірі мұз бен қардың ерекше ресурстарымен танымал. Соңғы жылдары көркем Қанас аумағы экотуризмді, мәдени және ауылдық туризмді интеграциялау мен дамытуға көп күш жұмсаған. Сонымен қатар қар-мұз туризмінің жаңа қырын ашу, өздерінің негізгі қызметтерін үнемі жетілдіріп отыру шараларын іске асырып келеді.

«Біраздан бері көркем Қанас ауданы күміспен көмкерілді. Нефрит белдеуі сияқтанған Қанас өзені қар мен мұздың арасында шиыршық атып, көз алдыңызға таңғажайып суретті елестетеді. Тау етегіне дейін шөккен бұлттар алыстағы тауды дәл алдыңызға әкеліп қойғандай әсер береді», деп жазады People.cn.

Елші Қазақстан мен Иран университеттері арасында әріптестікті дамыту керегін айтты – Parstoday

Ирандағы Қазақстан елшісі Асқат Оразбай мен оның кеңесшісі Дәуірбек Дүйсебай Шариф технология университетіне барып, осы ЖОО мен Қазақстандағы беделді оқу орындары арасында ғылым мен технология саласында әріптестікті дамыту керегін баса айтты, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған университет пен Қазақстанның үздік ЖОО-лары арасында ынтымақтастықты дамыту мақсатында университет ректоры Расул Джалили бір топ педагогтің қатысуымен жиналыс өткізген.

Иран басылымының дерегінше, жиналыста ұстаз және студентпен алмасу, Қазақстандағы беделді оқу орындарымен бірлесе жобаны іске асыру және Киш халықаралық оқу орталығында екі елге жарамды сертификат берілетін курстарды өткізу сияқты тақырыптар талқыланды.

Аймақ әкіміне Арман Қуанғанұлының кандидатурасын қолдады

Kaznews

9 ақпан күні Баян-Өлгий аймағының Азаматтық өкілдері мәслихатының кезекті XII отырысы өтті. Аймақ депутаттары бірауыздан аймақтың жаңа әкіміне Арман Қуанғанұлының кандидатурасын қолдап, Моңғолия премьер-министріне ұсынды, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, аймақ әкіміне тағайындау туралы өкімді Моңғолия премьер-министрі шығаратын болады.

Айта кетейік, Арман Қуанғанұлы 1983 жылы туған. Гуманитарлық университетті «бизнес, экономист» мамандығымен аяқтап, 2007 жылы бизнес басқару саласының магистрі атанды.

Аймақтық Ақпараттық-коммуникация желісі мемлекеттік кәсіпорнында директор, 2021 жылдан Баян-Өлгий аймағы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ осы аптада моңғолиялық БАҚ-та «Ұланбатырда Қажымұрат Шешенқұлының ән кеші өтеді» деген ақпарат жарияланды.

Kaznews-тің дерегінше, қазақстандық танымал әнші Қажымұрат Шешенқұлұлы ақпанның 8 күні Ұланбатыр қаласы «HOLIDAY INN» мейрамханасында шығармашылық кеш өткізеді.

Айта кетейік, «Қара жорға», «Мақпалжан», «Бүлдірген қыз», «Сені ғана» әндерімен танымал болған Қ.Шешенқұлұлы – Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы Қаба ауданының тумасы. Ол бүгінде өзiнiң әншілік, сазгерлік дарынымен тыңдарманның жүрегіне жол тауып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Әлемдегі ең үлкен балшықты жанартаудың бірі атқылай бастады – ӨзА

Түркіменстанның оңтүстік-батысында әлемдегі ең үлкен балшықты жанартаудың бірі Акпотловук атқылай бастады. Жер астынан топырақ, су, мұнай және шөгінді жыныстардың қоспасынан құралған балшық атқылап, күкіртті сутегінің иісі ауаға таралып жатыр, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, эколог Меретдурди Кичимовтың айтуынша, жанартау әртүрлі себеппен оянуы мүмкін. Газдардың бір жерде жиналуынан жерасты сулары жанартауға жылдам еніп жатқан болуы мүмкін Олар тасты жұмсартады, оны сазға айналдырады. Әзірге бұл атқылау – қауіпсіз. Оның қанша уақытқа созылатынын болжау қиын. Бірақ әдетте ол бірнеше күнге жалғасады.

Айта кетейік, Акпотловук жанартауының биіктігі шамамен 80 м, ал орталық бөлігінде диаметрі шамамен 150 метр болатын белсенді газды-балшықты көл бар. Жанартаудан шыққан балшық емдік мақсатта қолданылады.

Қазақстаннан құтқарушылардың екінші тобы келедіTRT

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.

«Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды», деп жазады TRT.

Аталған басылымда сонымен қатар, «Қазақстаннан Түркияға қолдау келіп жетті» деген тақырыпта ақпаратта жарияланды.

TRT-ның дерегінше, Қазақстаннан Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысатын 41 адамнан тұратын іздеу-құтқару тобы келіп жеткен. Бортында керекті құрал-жабдықтар мен арнайы көліктері бар ұшақ Газиантеп әуежайына қонған.

Апта соңында «Қазақстаннан құтқарушылардың екінші тобы келеді» деген ақпаратты түркиялық басылым «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Еске сала кетейік, тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.

Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының тағы бір борты жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту үшін Түркияға ұшады.

Екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептер бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі бар.

Айта кетейік, 6 ақпан күні Түркияда болған жойқын зілзалада зардап шеккендерге көмек көрсету үшін әлемнің көптеген елі жұмылып жатыр.

Қазіргі уақытта құлаған ғимараттардың үйінділері астында қалған адамдарды құтқару жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда.

Қазақстан парламенті Өзбекстанмен тұтқындарды алмасу туралы келісімді ратификациялады - ӨзА

Қазақстан Республикасының Парламенті Өзбекстанмен тұтқындарды алмасу туралы келісімді ратификациялады.Сенат сайтындағы хабарға сәйкес ҚР Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтің төрағалығымен 9 ақпанда Палата отырысы өтіп, онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады.

Бұл туралы осы аптада өзбекстандық ӨзА ақпарат агенттігі де хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

«Бұл Шарттың мақсаты – сотталғандардың жазасын өз елдерінде өтеуіне, түзеліп, қоғамдық өмірге қайта бейімделуіне жәрдемдесу. Сенат Төрағасы атап өткендей, заң бауырлас екі ел арасында құқық қорғау саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні айтылған ақпаратта», деп түйіндейді өзбекстандық басылым.