Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі сауданың үлесі алдағы жылы да төмендеуі мүмкін

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан халықаралық сауда көрсеткіші бойынша әлемде 182 орында келеді. 

Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі сауданың үлесі алдағы жылы да төмендеуі мүмкін

 Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстанның сауда кәсіпорындарының І конгресінде  талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бүгінгі құраммен алғаш рет жиналып отырмыз. Бүгінгі конгрестің пішіні әдеттегідей емес. Оның идеясын Үкімет басшысы  ұсынып отыр. Елімізге Қырғызстан Республикасының  Премьер-Министрі келуіне орай Астанада Министрлер кеңесінің мәжілісі өтіп жатқандықтан, бұл шараға Кәрім Мәсімов бейне конференция арқылы қатыспақ», дейді Қазақстан кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов. Онда Zertteu DC Group-тың зерттеулер жөніндегі директоры Марат  Қайырленов «Сауданы дамытудың 2009-2010 жылдардағы макроэкономикалық перспективалары» туралы өз таныстырылымын  жасады.  Оның айтуынша, 2010 жылы сауданы дамытудағы негізгі факторлар - қаржыландыру жағдайының нашарлауы, жоғары қарыз жүктемесі, халық кірісінің қысқаруы болмақ. Өйткені кәсіпорындардың айналым қаржысы төмендеп, екінші деңгейлі банктердің несие қоржынының сапасы  нашарлап, сауданы қаржыландыру мәселесі де шешілмеуде. 8 айдың қорытындысына қарағанда, халықтың сұранысы ағымдағы жылы 25-30 пайызға немесе 4-5 миллиард долларға  азаюы мүмкін. 2010 жылы 2008 жылдың деңгейіне жету үшін қосымша 1,8 -2,8 миллиард доллар қажет.  Тұтыну нарығын дамыту үшін бюджеттік қызметкерлердің жалақысын ұлғайту шілдеде емес, қаңтар айынан басталатын болса нарыққа 0,3 миллиард доллар түсіп,  төмендеп бара жатқан халық сұранысын жан-жақты қолдауға мүмкіндік береді.