ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ: Ұлы Отан соғысына еліміздің шамамен 20 пайыз халқы қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сонау сұрапыл соғыс жылдарында толарсақтан қан кешіп, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған майдангер ардагерлеріміз бен тылда еңбек еткен ерендерімізді мәңгі жадымызда сақтау үшін зор жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі әрі келешек ұрпақ ата-бабаларының фашистік Германияның басқыншылық соғысына қарсы Кеңес одағы құрамында ерлікпен шайқасқанын еш ұмытпауы тиіс. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та сан мәрте айтып келеді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ: Ұлы Отан соғысына еліміздің шамамен 20 пайыз халқы қатысты

«Біз бейбітшіліктің құнын терең түсінуге тиіспіз. Егер біздің бабаларымыз сол кезде жеңіске қол жеткізбеген болса, біз бүгінгі тәуелсіздікті көрер ме едік, көрмес пе едік. Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек, ал жастар ардагерлерге әрқашан қамқор болуы қажет. Өз кезегінде, мемлекет те оларға жан-жақты көмек көрсетеді және оны одан әрі жалғастыра береді», - деген еді Мемлекет басшысы.

Сонымен тарихта Ұлы Отан соғысы ретінде таңдалған бұл бес жылға созылған шайқасқа Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жөнелтілген еді. Еліміздің аумағында жасақталған бұл әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар барынша ерлік көрсетіп, үлкен құрметке ие болды. Тарихи деректерге жүгінсек, Мәскеу бағытындағы негізгі жолдардың бірі - Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Панфиловшы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің "Волоколамское шоссе" повесі Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. И.Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан М.Ғабдуллин 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ресей астанасы түбіндегі шайқастарда Т.Тоқтаров, Р.Жанғозин, Р.Елебаев сынды қазақстандықтар асқан ерлік танытты.

Ал Сталинград бағытындағы шайқастарға 292-ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72 гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар бригадасы қатысты.

1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сыпатаев пен Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды.

1943 жылдың 5 шілдесінде басталған Курск шайқасы шілденің аяғында кеңестер әскерінің жеңісімен аяқталды. Курск иіні мен Днепр шайқастарына көптеген қазақтандық әскери құрылымдар қатысты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды.

Соғыстың шешуші жеңіс нүктесін қойған Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік танытты. Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы - Х.Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004 жылы Президенттің Жарлығымен Х.Д.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді.

Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене қатысты. Тек Украина аумағындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты, олардың қатарында Қасым Қайсенов те бар.

Жалпы, бұл соғыс сол бір кезеңде әр қазақстандықтың отбасына қасірет төндіргені сөзсіз. Мәселен, соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам қоныстанса, кейбір деректерге қарағанда соның ішінде қолына қару алып, майданға аттанған адамдар саны 1 млн. 200 мыңға жетіп қалады. Ал соның тең жартысы сұрапыл соғыстан отбасына орала алмады. 528 адам ерен ерлігі үшін Кеңес одағының ең жоғары атағы Кеңес Одағының батыры атанса, бірнеше мыңдаған қазақстандық түрлі орден, медальдармен марапатталды.