Қазақстанның жетімі жоқ елге айналуға барлық мүмкіндігі бар - «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің директоры

АЛМАТЫ. 28 қазан. ҚазАқпарат - 16 жылда 340 жетім баланы тәрбиелеп шыққан Алматы облысындағы «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің директоры «Алтын жүрек» сыйлығының иегері атанды.

Қазақстанның жетімі жоқ елге айналуға барлық мүмкіндігі бар - «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің директоры

«Мен қайырымдылықпен 1998 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақытқа дейін 23 қызымды тұрмысқа беріп, 19 ұлымды үйлендірдім. Олардан 15 шақты немерем бар. Қазіргі таңда қанатымның астында 110 бала бар. Оның 100-і жоғары оқу орнын бітірді. Біз бәріміз үлкен ұжым болып бірге тұрамыз. Енді өз алдына шаңырақ көтеріп, отбасын құрғандарына біртіндеп үй салып бермекпіз. Қазір бұл жұмыс басталып кетті», - дейді Т.Есхожина. Биыл мамыр айында қайырымдылық ісі үшін ҚР Президентінің қолынан алтын медаль алған алтын жүректі асыл азамат енді қайрымдылық саласындағы бірден-бір қоғамдық сыйлық саналатын «Алтын жүрек» белгісіне ие болып отыр.

«Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған елде тірідей жетім қалып, тастанды атанған балалардың болмауы керек. Оған елімізде барлық жағдай бар. Балалар үйінің тәрбиеленушілері қазір ас пен киімнен таршылық көрмесе де, ата-ана мейірімін аңсайды. Бала үшін ана махаббаты мен әкенің асыл сөзін өмірде ешкім алмастыра алмайды. Олардың жанын жараламай, отбасында тәрбе алуына барша азамат өз үлесін қосуы керек. Бұған ұйтқы болатындардың бірі жекеменшік қайырымдылық отбасылық балалар үйі болуы тиіс. Соғыс жылдары ата-анасынан айрылып қалған немістің де баласын бауырына басып, қатарға қосқан халқымыз енді өз баласын шетке қаңғыртпаса екен», - дейді «алтын жүректі» Тұяқ Есқожина.