Қазақта қыз баланың көркі ибалы мінезімен өлшенген — Бұлбұл Тілеуқабылқызы
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда тұратын қандасымыз, дизайнер, стилист, визажист-кәсіпкер Бұлбұл Тілеуқабылқызы ұлттық нақышты заманауи сәнмен шебер үйлестіріп, қазақы болмысты жаңа қырынан танытып жүр.
Біз сұхбат барысында оның шығармашылық жолы, қазақ қызының сұлулық құпиясы және сән мен кәсіптің үйлесімі туралы кеңінен әңгімелестік.
— Қазақ қоғамында бұрын қыздың сұлулығы қалай бағаланған? Қазақ арулары сол уақыттарда сұлулық күтімін қалай жасаған?
— Қазақ халқында сұлулық ұғымы ешқашан тек сыртқы келбетпен ғана шектелмеген. Қыз баланың көркі оның тәрбиесімен, әдептілігімен, ибалы мінезімен өлшенген. Халық ауыз әдебиетінде қыз сұлулығы ерекше көркем тілмен бейнеленген. «Қолаң шаш», «ай десе аузы, күн десе көзі бар» деген теңеулер — соның айғағы. Әсіресе ұзын, қалың, күтімді бұрым қыздың басты сәні саналған. Сол себепті шаш күтімі қыз тәрбиесінің ажырамас бөлігі болған.
Этнограф-ғалымдардың деректеріне сүйенсек, қазақ қыздары сұлулықты табиғи жолмен күткен. Бет күтімі үшін сүт, айран, қаймақ секілді табиғи өнімдерді пайдаланған. Бұл өнімдер теріні жұмсартып қана қоймай, оны нәрлендіріп, табиғи жылтыр береді. Ал шаш күтімінде қымызбен немесе шөптің қайнатпасымен шаю, табиғи майлар жағу кеңінен қолданылған. Мұндай тәсілдер шаштың түсуін азайтып, оның жылтыр әрі қалың болуына ықпал еткен.

Сонымен қатар, қыз-келіншектер кей жағдайда қастарын табиғи өсімдік бояуларымен қоюлатып, еріндерін жеңіл реңмен әрлеген. Бұл бүгінгі косметиканың қарапайым, бірақ табиғи баламасы деуге болады. Арша, жусан сияқты хош иісті шөптерді пайдалану арқылы киім мен шашқа жағымды иіс беру де ұлттық эстетиканың бір бөлігі болған.
Бүгінде де қазақ қыздарының табиғилыққа, ұлттық ерекшелікті сақтауға деген қызығушылығы артып келеді. Бұл — тамырымызға қайта оралу, ұлттық болмысымызды жаңғырту деп білемін.
— Бүгінгі күні ұлттық киім киген қазақ қызының табиғи сұлулығын айқындау барысында қолданатын макияждың негізгі құпиялары қандай? Қандай түстер мен тәсілдерді жиі пайдаланасыз?
- Ұлттық образ жасаудағы ең басты қағида — табиғилық пен үйлесімділік. Себебі ұлттық киімнің өзі өте бай, көз тартатын элементтерге толы: ою-өрнек, зергерлік бұйымдар, сәукеле, шашбау — мұның бәрі өз алдына бір өнер туындысы. Сондықтан макияж осы байлықтың көлеңкесінде қалып қоймай, керісінше оны толықтырып тұруы керек.
Мен өз жұмысымда макияжды ешқашан ауыр қылып жасамаймын. Жеңіл, нәзік, табиғи реңктерді қолданамын. Жылы түстер — қазақ қызының болмысына өте жақын. Олар нәзіктік пен инабаттылықты айқын көрсетеді. Негізгі мақсат — бет терісін барынша таза, табиғи күйде көрсету.
Тағы бір маңызды дүние — макияжды киімнің түсімен, ою-өрнегімен сәйкестендіру. Әшекейдің көлемі мен ерекшелігіне қарай макияж қарқындылығын реттейміз. Осылайша ұлттық киім, әшекей және макияж бір-бірімен үндесіп, тұтас, үйлесімді образ қалыптасады.
Қазіргі әлемдік трендтердің өзі табиғилыққа қайта бет бұрып жатқанын ескерсек, біздің ұлттық стиль бұл бағытпен өте жақсы үндеседі деп ойлаймын.

— Өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз. Сұлулық саласына қалай келдіңіз?
— Мен Қытайдың табиғаты көркем Іле аймағындағы қазақ ауылында дүниеге келіп, сол жерде өстім. Ата-анам — қарапайым, еңбекқор жандар. Олар бізге адал еңбектің қадірін үйретіп, әрдайым ақ тілегін айтып отырды.
Анам ұлттық қолөнермен айналысатын, сырмақ, текемет тігетін өте шебер кісі болды. Бала кезімнен жанында жүріп, ою-өрнектің мәнін, түстердің үйлесімін, қол еңбегінің қасиетін бойыма сіңірдім. «Ана көрген тон пішер» деген сөздің шындығын өз өмірімнен көрдім десем болады.
Кішкентай кезімде құрбыларымды жинап алып, оларды сәндеп, өзімізше «сән көрсетілімін» ұйымдастыратынбыз. Бұл менің алғашқы шығармашылық қадамдарым еді. Кейін сурет салуға қызығушылығым оянып, бейнелеу өнері курстарына қатыстым. Сол жерде түс пен форманы сезінуді үйрендім. Негізгі мамандығым — хореография, яғни би өнері. Би де — сұлулықтың бір көрінісі. Ол да эстетика, үйлесім. Сондықтан бұл мамандық менің қазіргі бағытыма үлкен әсер етті деп айта аламын. Уақыт өте келе осы қызығушылықтарым мені сұлулық индустриясына алып келді.

— Бір данамен тігілетін эксклюзивті киімдерге сұраныс қандай? Клиенттер көбіне нені бағалайды?
— Қазіргі қоғамда адамдар даралыққа ұмтылады. Сондықтан «Аяулым» брендімен шығарылатын киімдер бір данамен тігіледі. Бұл сапалы және дизайны екінші рет қайталанбайтын киімдер. Ол тұтынушыға «менде ғана бар» деген ерекше сезім сыйлайды. Көп адамдар өзінің киіп жүрген киімін басқаның үстінен көргенді қаламайды. Осы арада кәсібіме «Аяулым» атауын қалай қойғанымды да атай кетейін. Аяулым — қызымның есімі. Қазақтың сүйкімді, нәзік, мейірімді сөздерінің бірі. Сол себепті де мен қазақ қыздарына да ұнайтын, жарасатын, мағынасы терең сөзбен қызмет көрсеткім келді. Менің арман-мақсатыма да осы сөз күш-қуат береді, көңілге сенім, үміт, жылу сыйлайды.

— Сіздің киімдеріңізде ою-өрнектер ерекше орын алады. Әр өрнекті таңдауда қандай мағына мен философияға сүйенесіз?
— Ою-өрнектер қазақтың ұлттық қолөнеріндегі негізгі көркем элементтердің бірі. Ою тек әсемдік үшін ғана емес, терең мағына мен символды білдіреді. Ол халқымыздың дүниетанымын, сенімін білдіретін рухани тіл.
Шебер апаларымыз ою-өрнек адамның көзі түскен кезде сөйлеп тұру керек деп айтатын. Оюларда өсімдік, су, тау бейнелері кездеседі. Бұл — табиғатқа деген құрметтің белгісі. Өсімдік тектес оюлар — көктемді, жаңаруды, өмірдің жалғасуын бейнелейді. Мысалы, өзім көп қолданатын «қошқар мүйіз» оюы — байлықтың, молшылықтың, күш-қуаттың нышаны болып келеді.
Сондықтан қасиетті өрнектеріміздің сапасын түсіріп жібермей, мән-мағынасын танып, нақышын, сәнін келтіріп пайдаланғанымыз дұрыс. Киімнің кез келген жеріне жапсыра бермей, орнын тауып қоюымыз керек.

— Қазақстанда бизнес ашу жоспарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
Барлық адам сұлулықты жақсы көреді. Қазақстанға келгенде қазақ қыздарының табиғи сұлулығы мені қатты шабыттандырды. Сондықтан өзімнің қазіргі күні шығарып отырған халқымыздың бет терісінің ерекшелігіне сай жасалған 11 түрлі косметика өнімдерімді, ұлттық киімдерімді ұсынсам, оны өзім жасаған макияжбен үйлестіріп, қазақ қызының әдемі ұлттық образын жасасам деген ой-арман туды. Қазақ елінде де кәсіп бастаймын деп мақсат қойдым.
Менің басты арманым – қыз-келіншектерге дайын, үйлесімді образ ұсыну. Яғни, олар бір жерден киімін де, косметикасын да, макияжын да таңдай алады. Бұл – уақытты үнемдейді әрі стильді дұрыс қалыптастыруға көмектеседі.
— Сапа мен баға арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
— Сапа — мен үшін басты қағида. Киімнің материалы сапалы, жұмсақ әрі ыңғайлы болуы керек. Сонымен бірге ұлттық киімдердің ою-өрнегін таңдап, жобалап, қолмен сызып, тігу көп жұмысты, еңбекті қажет етеді. Сондықтан ұлттық киімнің бағасын түсіреміз деп сапалық құнын, қадір-қасиетін түсіріп алмауымыз керек. Басқа киімдерден бағасы жоғары болатынын түсініп, қабылдауымыз тиіс.

— Қазіргі әлемдік макияж трендтері қандай?
— Қазіргі таңда әлемдік макияжда табиғилық бірінші орынға шықты. Адамдар артық бояудан гөрі, өз табиғи келбетін сақтауға тырысады.
Қытайда көзді үлкейтіп, эмоцияны айқын көрсететін стиль танымал болса, Еуропада керісінше, табиғи қас, жеңіл макияж трендте. Сонымен қатар көзді көлденең бағытта ұзартып көрсету тәсілі де кеңінен қолданылып жатыр. Бұл макияжда әлемде Тайландтық өнімдердің сұранысы жоғары.

— Сізге шабыт беретін тұлғалар кімдер?
— Маған шабыт беретін тұлғалар аз емес. Қазақстандық актриса, продюсер Баян Мақсатқызы мен Димаш Құдайбергеннің жеке бет әрлеушісі, визажист Сәнді Бексырғаның талғампаз өнері, үздіксіз ізденісі, батыл әрі жігерлі еңбегі мен үшін үлкен үлгі.
Ал Қытайда Жина есімді танымал визажист бар. Кезінде одан арнайы білім алу үшін үш күндік сабаққа қатысып, 43 мың юань (шамамен 3 миллион теңге) төлеген болатынмын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі кәсіби дамуыма серпін берген маңызды кезеңдердің бірі болды.

— Сіздің табысқа жету құпияңыз қандай? Кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге қандай кеңес айтасыз?
— Шәкірттеріме асыл арманың болсын және оны соңына дейін орындап шығатын жігерің болсын деймін. Ең бастысы — қорықпау және алғашқы қадамды жасау. Көп жағдайда бізді тоқтататын — өзіміздің күмәніміз немесе өзгенің теріс пікірі. Сондықтан басқалардың пікірін аз тыңдау керек. Ал шын мәнінде, әрбір үлкен жетістік кішкентай бастамадан құралады.
Өзіңізге ұнайтын істі таңдаңыз. Сонда ғана шаршамай, шабытпен жұмыс істей аласыз. Үнемі ізденіп, үйренуден жалықпаңыз. Нәтиже бірден келмесе де, тоқтамаңыз. Ең бастысы — өзіңізге сеніңіз. Қазақ қыздарының бойында үлкен күш пен талант бар. Сол мүмкіндікті пайдалана білсе, кез келген биікті бағындыруға болады.
— Сұхбатыңыз үшін рақмет!