Қазақтану ғылымы әлі институттық дәрежеде дами алмай отыр - Жақан Молдабеков
АЛМАТЫ. 12 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Соңғы жылдары еліміздің мәдениеті мен қоғамдық өмірінде көрнекті із қалдырған белгілі бір тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын зерттеуде жаңа ғылым салалары қалыптасып жатыр.
Алайда Алаштанудан бастау алатын осы іс-шаралар көп жағдайда жүйесіз жүргізіліп жатқандай болады. Біз осыған орай бұл сауалды белгілі қазақтанушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің мәдени антропология кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Жақан Молдабековке қойған едік.
- Жақан Жанболұлы, Қазақстан дербес ел ретінде өз тәуелсіздігін жариялағанына 20 жылдай уақыт өтті. Қазақтану ғылымында атқарылып жатқан іс-шараларға көз жүгіртіп өтсеңіз?
- Тәуелсіздіктің 20 жылы қарсаңында қазақты ұлт ретінде және оның перзенттерінің кәсіби деңгейі мен олардың келешек ұрпағының болашағы туралы әрқилы ойлар айтылып жатыр. Бұл заңды нәрсе деп есептейміз. Олар өмірдің талабынан туындап жатқан және әрбір азаматтың көкейінде жүрген мәнді, маңызды ой-пікірлер деп айтуға болады. Бірақ осы ой-пікірдің аясында кей жағдайда кімнің, нені, не себептен, қалай айтып жатқанын ұқпай жатқан, естімей жатқан, білмей жатқан жағдайымыз да жиілеп бара жатқан секілді көрінеді. Ең үлкен ойланатын нәрсеміз: енді осы мәселенің идеялық рухани және әдістемелік негізін қалыптастыру мәселесі деп ойлаймын. Идеялық жағында жақсы, құнды пікірлер айтылып жатыр ғой. Маған да ол бір жүйеге келтірілмеген сияқты көрінеді. Әдістемелік жағына, рухани тереңдігіне бойлауды енді-енді қолға алып жатырмыз.
- Қазақтану деген ғылымның керектігін және онда кешенді ізденістің қажет екенін әрдайым айтып, жазып жүрген ғалымдардың бірі өзіңізсіз. Оған қалай келгеніңізді және ғылымның бұл жаңа саласы неге қарқынды түрде дамып кете алмай отырғанын айтып бере аласыз ба?
- Рас бұл мәселені көтеріп, осы бағытта ізденісте жүргеніме 15 жылдың жүзі болды. Докторлық диссертациямды қорғағанға дейін мен диалектикалық материализммен, ғылыми таным методологиясымен шұғылданғам. Қазақтану мәселесін зерттеуге Сәбетқазы Ақатай да, Аманжол Қасабек пен басқа да көптеген ғалымдар әртүрлі жолмен келдік. Бәріміз де бұрын Мәскеуде оқыдық. Бірақ сыртта басқа мәселемен шұғылданып жүріп, бәріміздің бір бағытқа оралуымыздың өзі маған қазір ойланарлық және арнайы зерттейтін мәселе сияқты көрінеді. Осы мәселе енді ойыма кеп жүр. Бұл салада Мұхамедияр Серікбекұлы алғашқылардың бірі болып бұрын-соңды тұжырымдалып айтылмаған тың идеяны көтеріп кетті. Оның көлемі шағын болса да мазмұны терең, тың зерттеу еңбегі бәрімізді де елең еткізді. Ғылымда проблеманы қою өз алдына бір ерлік, ал оның маңызды екенін көрсете білу өзінше бір жаңалық. Жалпы тың материалдарды азды-көпті тарихшылар мен археологтар ғана білетін шығар. Сондай тарихшылардың бірі біліп, бірі білмейтін, ал философтардың көбі білмейтін архивте жатқан, әлі ғылыми айналымға енбеген материалдарды орныменен сауатты пайдалана білу, өзінің идеясына ұштастыра, үйлестіре, көрсете білу бізде тапшы болып тұр.
Қазір тану деген сөз көбейіп бара жатыр, орынды. Алаштану, Абайтану, Бауыржантану дейді мен бәрін де қолдаймын. Соңғы жылдары тұлғалық немесе әлеуметтік өміріміздегі атышулы кезеңдерді шоғырланып, топтасып зерттеу үрдіске айналды. Бұл - қажет дүние. Бұған дейінгі әл-Фараби, Дулати, Жамбыл үлкен көштің бастамасы болды. Ол алдағы уақытта одан әрі жалғасып кете береді деп ойлаймын. Бірақ мен таңғалатын бір жағдай бар. Бәрін айтып келіп, «бізге қазақтану керек пе», деген кезде ғалымдардың біреуі мойындайды, енді біреуінің оған келгенде тілі күрмеліп қалады. Бұл қалай? Мұның бәрі қазақ үшін айтылып жатыр ғой. Егер арыстарымыздың біреуімен шектеліп қалсақ, біз өз мәдениетіміздің өрісін тарылтпаймыз ба? Ешкімді төмендетпейік, бірақ бәрінің түбірінің, бағытының ортақ екенін неге айта алмаймыз. Бұл сұрақты әріптестеріме ашық қойып жүрмін, бірақ мені қанағаттандыратын жауап сирек. Бірақ көш басталып, осы әңгіме қозғалғаннан кейін ол ертелі-кеш өзінің арнасын табады деген ойдамын.
Жалпы қазақтануды ғылым ретінде бір адам ғана қалыптастырмайды. Онда үлкен ұжым болып әртүрлі мамандардың бас қосуы керек. Осыған дейін қазақтану мәселесіне байланысты жеке өзім 6-7 кітап шығардым. Қазақтану ғылымы бар ма, деген кезде, бар, не жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Мен үшін ол бар. Ал институттық дәрежеде жоқ. Бұрын бізде академик Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика орталығы болған. Енді оны Қазақтану және ұлттық тәлім-тәрбие орталығына айналдыруды ұсынып отырмын. Бұл идеяны қазір ректорат та қолдап жатыр. Бұл жаңа орталық құрылса, оған барлық жанашырлардың басын қосқым келеді.
- Тілегініңіздің орындалуына біз де тілектеспіз. Уақытыңызды бөліп, ой-пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет.