Қазақтың ақбас тұқымын экспорттық шектеуден босату керек — фермер
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың ақбас тұқымын және басқа да отандық асыл тұқымды ірі қараны шетелге шығаруға қойылған шектеуден босату ұсынылды. Бұл туралы Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры, фермер Бахтияр Өтелбаев BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Оның айтуынша, асыл тұқымды малды шетелге шығаруды ет экспортымен тең қарастыруға болмайды. Мұнда отандық тұқымды тарату, селекциялық жұмысты дамыту және генетика алмасу мәселесі бар.
— Біз де осындай ұсыныспен шыққан едік. Қазақтың ақбас тұқымы — ұлттық өніміміз, отандық тұқымымыз. Елімізде басқа да ірі қара тұқымдары бар. Соларға шектеу қоймай, асыл тұқымды мал ретінде көрші елдерге сатуға мүмкіндік беру керек, — деді Бахтияр Өтелбаев.
Ол Қырғызстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Өтелбаевтың сөзінше, көрші ел мал экспортына шектеу қойғанымен, өзінің «Арашан» тұқымын бұл талаптан босатқан.
— Отандық тұқымды шетелге шығару — генетикалық, селекциялық жұмыс. Мұнда ет емес, асыл тұқымды мал сатылып отыр, — деді ол.
Фермердің айтуынша, отандық асыл тұқымды малдың көрші елдерге таралуы генетика алмасуға мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстан көрші елдерге асыл тұқымды бұқа сатып, қажет болған жағдайда сол елдерде жүргізілген селекциялық жұмыстың нәтижесін өз шаруашылықтарында пайдалана алады.
Бұған дейін қазақтың ақбас сиыры туралы кітап жарыққа шыққанын жазғанбыз.