Қазақтың қариялары өкпесіне суық тиген шешемді қымызбен емдеген — Зелимхан Зубариев

шешен
Фото: Кейіпкердің жеке қорынан

АТЫРАУ. KAZINFORM — Қазақстанға күшпен жер аударылған шешен ұлтының өкілі Зелимхан Зубариев өзін бауырмал қазақтың бір баласындай сезінеді. Өйткені, оның кіндік қаны қазақ жерінде тамған. Әке-шешесі тарихы мекеніне оралғанымен, ол туған жерінен көшкен жоқ. Қазір ол Исатай ауданының орталығы — Аққыстау ауылында тұрады. Немерелерін домбыра үйірмесіне берген. 

«Менің Отаным – Қазақстан. Қазақ елі — баянды мекенім. Қазақ халқы бір кезде тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерін бауырына тартты. Мейірбандығы мен қамқорлығын танытты. Көңілі даладай дархан жергілікті халық өзге жұртқа жаса­ған жақсылығын ешқашан бұлдаған жоқ. Өйткені қазақтар қиналған жанға қол ұшын созып, көмектесуді парызы санайды. Осындай кеңпейілді халқы бар тәуелсіз Қазақстанымызда қоғамдық келісім мен татулық, ел бірлігі нығайып, толағай табысқа қол жеткізіп келеміз, - дейді Зелимхан Зубариев.

Оның айтуынша, Екінші дүниежү­зі­лік соғыстың өрті лаулап тұрған шақ­та, 1944 жылғы 23 ақпан – 9 наурыз ара­лығында чешендер мен ингуштарды атақонысынан айырып, күштеп жер аудару науқаны жүргізілген. Атақонысын қи­маса да талай отбасы еңірегенде етегі жасқа толып, солақай саясаттың құр­банына айналған. 

«Сол кезде тау бөктерінде жан бағып отырған әке-шешемді де ақпанның аязды күнінде жүк вагонына тиеп ала жөнелді. Қайда, неге бара жатыр? Оны өздері де түсіне алмаған. Шойын жол бойымен зырлаған пойыз­дың вагоны қақап тұрған. Талғажау етер тамақ та жоқ. Стансаларға тоқтаған­да ғана жергілікті тұрғындар ұсынған тағам­мен өзек жалғап отырған. Сөйтіп, он сегіз күн­нен кейін Алматыға жетіпті. Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасыларды әрі қарай машинамен Алатау баурайындағы «Алтынемел» деген ауылға апарған. Үйел­­мелі-сүйелмелі жеті баласымен кел­­ген әкем Асабали мен шешем Нананы қам­­қорлаған жергілікті қайырымды жан­дарға айтар алғысымыз шексіз», - дейді Зелимхан Зубариев.

1944 жылдың көктемінде қазақ хал­қының қамқорлығын көрген әкесінің отбасысы шағын баспанаға ие болған екен. Әкесі әуелі колхоздың өгіз арбасымен, кейін ат-арбамен су тасыған. Ал, анасы шаруашылық қоймасында жұмыс істеп, бидай тазартуға көмектескен. «Алты­немел» ауылындағы №3 бөлім­шеде жиырма жыл тұрған әке-шешесі 1964 жылы туған жеріне оралыпты.

«Өзімнің кіндік қаным қазақ жерінде тамған соң, осында қалуды жөн көрдім. Қазақтың балаларымен бірге ойнадым. Бірге өстім. Мектепте бірге білім алдым. Жүрек түкпірінде соларды қимастық сезімі тұтанды. Қазақ ауылында есейіп, 1969 жылдан немере ағайым Адаммен бірге Атырау облысындағы Индер ауданының «Путь Ильича» кеңшарында жұмыс істедім. Осында тұрмыстық, әлеу­меттік нысандар мен тұрғын үй салдық. Техника жөндедік. Сол кезде менің алдымнан ұдайы жақсы адамдар кезікті. Шаруашылықтағы Сатан Молдашев, Қуан Құлғалиев, Шәши Еділбаев, Зинел Өрбісінов, Мырзағали Егінбаев секілді ағаларымның қамқорлығын талай рет сезіндім», - деп өткен күндерді еске алды ол.

Кейін Алматы автомобиль жолдары инс­титутын бітірген. Сол кезде жаңадан бой түзей бастаған Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылына көшіп келген. Мұнда алғашқыда №89 жол құ­рылысы учаскесінде цех мастері болған. Кейін асфальтбетон зауытына, жол құрылысы учаскесіне басшылық еткен.

«Қазір Атырау өңірінде біздің отбасымызды білмейтіндер кемде-кем. Көршілерімді, әріптес болған жандарды – бәрі-бәрін туған ағайынымдай көре­мін. Басқаша айтқанда, өзімді бауыр­мал халықтың баласындай сезінемін. Сол себептен, жұбайым Әминат екеуміз балаларымыз мен немерелеріміздің ана тілімізбен бірге, қазақшаны да меңгергенін қаладық. Өйткені қазақ тілі – менің әке-шешемді өзге ұлт деп жатсынбай, жақынындай бауырына тартқан дархан көңілді қазақтың ана тілі, тәуелсіз Қазақстанымыздың мемлекеттік тілі. Шүкір, балаларым да, немерелерім де қазақша мақалдарды айтып, ойын еркін білдіреді. Бәрі де қазақтың салт-дәс­түріне жете қанық болып өсті. Шаңы­рағымызға бас сұққан әр адамға әйелім қазақтың ұлттық тағамдары – дастарқан жайып, қымыз бен шұбатты, бауырсақ пен қаймақты, жал-жая мен қазыны, ірімшік пен құрт-майды ұсынады. Міне, біз қазақ халқына деген алғысымызды осылай білдіріп келеміз», - дейді Зелимхан Зубариев.

Зубариевтер отбасының Аққыстау ауылын мекен еткеніне қырық жылдан асты. Содан бері жанына адал дос, сыйлас адамдарды жи­науға тырысып келеді. Әсіресе, қазақ­тың азаматтарын іштартып тұрады. Немерелерінің домбыра үйірмесіне барып, күй тартқанын қалайды. 

«Әкем өмірден өткенше «Сонау қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы ауыр жағдайды бастан өткеріп отырғанына қарамастан, күштеп жер аударылған бізге барынша қамқорлық көрсетті. Қазақтың бауырмалдығы мен мейіріміне жететін ештеңе жоқ» деп алғысын жаудырып отыратын еді. Қазақстанға келгеннен соң анам өкпесіне суық тигізіп алыпты. Шешем ауырып жатқанда жергілікті қазақ қариялары күн сайын қымызын әкеліп, тез сауығып кетуіне қол ұшын созыпты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, сол кездегі қазақтың қайырымдылығы ешқашан ұмытылмайды. Әрқашан дархан көңілді, мәрт мінезді қазақ халқына алғысымды білдіруді парызым деп санаймын», - деді ол. 

Соңғы жаңалықтар