Қазақтың ұлттық тағамдары Малайзиядан келген төрешіні таңғалдырды
АСТАНА. KAZINFORM – Малайзиядан келген Silk Way Star мега жобасының төрешісі қазақтың ұлттық тағамдарын әңгімеге арқау етті. Дато Даниа Абдул Уахаб бұл туралы «JibekJoly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Шетелдік мейманға қазы-қарта мен жал-жая ұнаған. Ол сондай-ақ жылқының етінен алғаш рет жегенін жасырмады.
– Мен Қазақстанға, Астана қаласына алғаш рет келіп отырмын. Ерекше әрі әсем қала екен. Архитектурасы мүлдем бөлек. Басқа шаһарларға ұқсамайды. Содан кейін қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін таттым. Ерекше екен. Әсіресе, шұжықтары қатты ұнады, - дейді Дато Даниа Абдул Уахаб.

Бұдан бөлек ол қатысушыларға баға беру қиындық тудырып жатқанын айтты. Себебі, әр үміткер өз елінде жеңімпаз атанғандар. Сондықтан ешкімнің де сағын сындырғысы келмейтінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін мектеп асханасында тыйым салынатын тағам тізімі жаңарғанын жазған едік.