Қазақтың зиялылары бір-біріне жазған хатында төте жазуды қолданған – Дихан Қамзабекұлы
АСТАНА. KAZINFORM – Кезінде қазақтың зиялы қауым өкілдері бір-біріне жазған хатында төте жазу қарпін қолданған. Бұл ойды бүгін Шерхан Мұртазаның бірегей шығармашылық мұраларын Ұлттық архивке табыс ету рәсімінде алаштанушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы айтты.
Архив қорына жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттері, жеке хаттары, жазба дәптерлері және тарихи-мәдени маңызы зор өзге де құжаттар өткізілді. Солардың ішінде жазушының төте жазумен жазылған қойын дәптері де бар. Бұл мұраның сыры туралы Дихан Қамзабекұлы тарқатып айтып берді.
– Қазақтың зиялылары сол кезде бір-біріне жазған хатында төте жазуды қолданған. Бұл – Алаш қайраткерлерімен өздерін сабақтас, сол дәстүрдің жалғасы ретінде көрсеткені. Екіншіден, көп адам бұл жазуды білмегендіктен, өзара құпия хат алмасқан деп ойлаймын. 70–80 жылдары болуы керек, Шерағаң да төте жазуды үйренген секілді. Қойын дәптерінде төте жазумен жазған ақын-жазушылардың, өзімен жақын араласқан азаматтардың аттары бар. Кейбір ой-толғамдарын да төте жазумен түсіріп отырған, - дейді ол.


Айта кетейік, құнды қор ретінде тапсырылған материалдардың қатарында жазушының әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы зерттеу жазбалары, сондай-ақ кеңестік билікке қарсы шыққан қазақ зиялыларының күресін суреттейтін «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасының және басқа да шығармаларының қолжазбалары бар.