Қазақтың бесігі Кавказға қалай барды? - баспасөзге шолу

***
Өткен ғасырдың ортасынан аса орыс пен батыстың тәрбиесіне еліктеп кеткеніміз болмаса, неше ғасырдан бері қазақ баласын бесікке бөлеп асырап келген. Қазір қаланың қазағы бұл бұйымды мүлде ұмытып та бара жатқандай көрінеді. Дегенмен, қазақ барда өлмейтін дәстүрдің бірі - баланы бесікке салу салты болмақ. Бүгін «Айқын» республикалық газеті осы бесіктің қазақта ғана емес, қыпшақтың ізі қалған қалалар мен далаларда да кездесетінін жазады. «Ел арасында «Қазақ пен бесік бір туған» деген сөз бар. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов те: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Рас, біздің бүкіл тіршілігіміз бесіктен басталады. Содан болар, бесік пен қазақ бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым секілді. Алайда, қазақтың бесігі басқа ұлттардың да тұрмысында барын байқап жүрміз. Түркі халықтарының көбінде бесік бар. Ауғанстан мен Тәжікстанда, тіпті Армения мен Грузияда бесік бар екен. Шешенстан, Дағыстан секілді Қап тауының халықтары да тұрмыста бесікті қолданып келеді»,-деп жазады басылым. Ендеше, біздің бесік Кавказға, батысқа қалай барғаны туралы деректер білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Қазақтың бесігі Кавказға қалай барды?» деген мақаланы оқыңыз.
«Айқын» басылымы бүгін сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, өзге де мемлекет басшыларының қандай аспен ауқаттанатыны туралы жазады. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев - отандық өнімнің басты қолдаушысы»,-деп жазады басылым. «Ол тек отандық костюм-шалбарларды ғана өз үлгісімен дәріптеп жүрген жоқ, сондай-ақ қазақтың классикалық асын тұтынып, соңғы жылдары фуаграға әуестеніп кеткен кейбір шенді-шекпенділерді тәубесіне түсіруге тырысып жүрген сияқты. Қазақстандық арналардың бірінде көрсетілген «Назарбаев. Live» фильмінде президенттік асхананың бас аспазшысы Игорь Кубряков Елбасының кеспе мен балық тағамдарын ұнататынын жеткізген еді. Қияр-қызанақпен басқа да көкөністер осы жерде өсіріліп, Президенттің ас мәзіріне кіреді екен. Кубряковтің айтуынша, Елбасының ең сүйікті асы - ет. Бұл жерде қазақтың ұлттық асын бас аспазшы өзіндік ерекше рецептімен дайындайтын көрінеді. Ақ орданың өзінде ет асылып, кеспе кесіліп жатқанда, қайдағы фуагра дерсіз?! Бұл арада жақында Президенттің бір жағынан, қалжыңдап, екінші жағынан, астарлы ой айтып, халықты «фуагра мен Ленд Крузерлерден бас тартуға» шақырғанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Елбасының басты ойы - біздің елімізде өмір сүруге қажетті нәрсенің бәрі бар, шетелден әкелінетін фуагра, киім-кешектер мен автокөліктерсіз-ақ бірқалыпты тіршілік етуге болады деген үлкен мәселе еді». Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті үлкен Джордж Буш брокколиді жек көрсе, Ресей Президенті Владимир Путин өте қарапайым аспен ауқаттанатын көрінеді. «Айқын» газетінде шыққан «Президенттердің сүйікті асы» атты мақаладан осы және өзге де қызықты мәліметтерді оқи аласыздар.
***
«Егемен Қазақстан» газеті астан бөлек, отандық өнімнің тағы бір түрі - Ақтөбедегі бағдаршам өндірісі туралы жазады. «Біз өзі кейде күнделікті қарбалас тіршілікпен жүріп көп нәрсеге көңіл аудара бермейміз. Жақында Ақтөбеде өткен «Қазақстанның үздік тауары-2015» аймақтық конкурсында көшеде жол жүруді реттеп тұратын бағдаршамның өз шаһарымызда шығарылатынын көріп, таңғалғанбыз. Конкурсқа инновациялық бағыттағы өз өнімдерін ұсынған 20 кәсіпорынның арасынан «Светоком» ЖШС бағдаршамдарына деген қызығушылық басым болғанын айту керек. Бұл кәсіпорын елімізде өз нарығын тапқан, «Қазақстанда жасалған» деген маркалы жарық-диодты сапалы бағдаршамдарды көптеп шығаруды жолға қоя бастапты»,-делінген басылым бетінде. Бұл туралы «Егеменнің» бүгінгі санында жарық көрген «Бағдаршам Ақтөбеде шығарылады» деген мақаладан оқи аласыздар.
Еліміздің бас басылымы сондай-ақ Кентауқаласының тыныс-тіршілігі туралы шаһар басшысының көлемді мақаласын ұсынған. « Бүгінде құрылғанына алпыс жыл толып отырған қарт Қаратаудың перзенті іспетті кеншілер қаласы сонау сексенінші жылдардың соңына дейін жұртты өзінің сұлу да көркем табиғатымен, еңбек даңқымен таңдандырып, тамсандырып келді. Көркіне көз тоймайтын көшелерімен қыдырыстаған қонақтар жасыл желекті аллеялар мен архитектуралық әсем ғимараттарға қарап, Кентауды «кіші Алматыға», тіпті «кіші Париж», «кіші Швейцарияға» теңеп те жүрді. Ал, кемеңгер Мұхтар Әуезов Кентауға келген сапарында табиғатына тамсанып «Кентауды Қаратау тәжі» деп атасақ, бұл қаланың көршілері ренжімес», деген болатын.Сол тұстары жанқиярлық еңбекпен келген шағын шаһардың даңқы тек Қазақстанға ғана емес, Кеңес Одағына, тіпті, алыс-жақын шетелдерге де тарап жатты. Ол кезде қала тікелей Мәскеу арқылы басқарылатын. Өнеркәсiбi дамыған қала ретінде өндiрiс орындарының шоғырлануы жағынан Шымкент қаласымен дәрежесi тең едi»,-деп жазады газет. Кентау қаласының тоқырау жылдарынан кейінгі дамуы мен болашаққа көздеп отырған жоспарлары туралы «Кентау-Қаратау тәжі» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
Ал «Казахстанская правда» басылымы Ақмола облысында тұратын үшем баласы бар отбасы туралы жазады. 2014 жылы шілдеде өмірге үшем әкелген ана Надежда Рогожина отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты «Нұр Отан» партиясына облыстық қабылдау бөліміне барған екен. «Жас отбасы үшем дүниеге келгенде қатты қуанған. Алайда, осы жылдың наурызында Надежданың жолдасы ауыр сырқаттан көз жұмады. Жас ана қоғамдық қабылдау бөліміне көмек сұрай келген екен»,-деп жазады басылым. «Нұр Отан» партиясының қандай көмек бергені туралы газетте жарық көрген «Нуротановцы помогли матери тройняшек» деген мақаладан оқи аласыздар.