«Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей жобасы ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

nbsp;АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақ халқының мақтаныш етер асыл мұра, рухани жәдігерлерінің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен көл-көсір - ән қазынасы ерекше орын алады.«Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй», - деп ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы жазбақшы, адамның жүрегіне ерекше әсер етіп, қуаныш, мұң, тәтті арман, сағыныш пен іңкәрлік сезімдерді ұялатып, қалың ой құшағына
None
None

бөлейтін - ән, күй мен жырларға қазақ баласы қашан да ішкі жандүниесінен ерекше орын беріп, оны биікке қойған.
Қазанның 1-і күні кешқұрым Астанада жаңадан бой көтерген «Қазақстан» Орталық концерт залында Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында дүниеге келген, қазақтың баға жетпес асыл қазынасына айналған дәстүрлі ән үлгілері - ғұрыптық әндер, халық әндері мен кәсіби халық композиторларының әндерін бір арнаға жинаған - «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясының тұсауы кесілді. Кешке ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, зиялы қауым мен ән сүйер халық қатысты.

Ән мұрасы - қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері. Қазақтың жаны мен бітім болмысынан жаралған әндерінің әлемдік мәдениетке қосар үлесі шексіз екені сөзсіз. Осының түбегейлі көрінісін ҚР Мәдениет министрлігінің бүкіл қазақ жұртына тарту еткен аталмыш антологиядан айқын көруге болады.

«Абай бастаған ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жобада Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстанның дәстүрлі ән мектептерімен қатар, Қытай мен Моңғолияда тұратын қандастарымыздың шығармашылығының көрініс тапқаны антологияда халқымыздың дәстүрлі ән өнерінің мейлінше мол қамтылғанының белгісі деп білемін.

Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей жобасы ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға деп бағалаймын», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев антологияға қатысты білдірген пікірінде.

Жинаққа енген халық әндерін К.Байсейітова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, Е.Серкебаев, Р.Бағланова мен Б.Төлегенова сияқты саңлақ әншілеріміз орындаған және орындап келеді. Президент, ол әндерді кейінгі буын топжарғандар Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Б.Тілеухан, Р.Стамғазиев пен А.Қосановалардың орындауы - жобаның құнын да, маңызын да арттырып отырғандығын айтады.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, менің де көңіл күйдің ауанына қарай кейбір сәттерде домбыраға қол соғып, ән айтатын, кейде көкейге келген келісті ойды көркем сөзбен қағазға түсіретін кездерім бар. «Ел іші - өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындата береді деп сенемін!», - дейді Н.Назарбаев.

Антологияға қазақтың тұрмыс-салтына негізделген ғұрыптық әндердің (бесік жыры, сыңсу, аужарлар, тойбастарлар, жарапазандар, дауыс-жоқтаулар) түр-түрі енгізілді. Сонымен бірге, онда қазақтың көпшілік жиналған жерде, думан, тойларда, дастархан басында аспап сүйемелінсіз кез-келген әншілік дайындығы жоқ қарапайым адам орындай беретін қара өлеңдер, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, уақыт өте келе, авторлары ұмытылып, бүгінгі күнге халық әндері санатында жеткен рухани жәдігерлер бар. Жинаққа еліміздің әрбір өңір ерекшелігіне бейімделген 500-ге жуық халық әндері енді. Антологияда домбыра, үш шекті домбыра, қобыз, сырнай, күйсандықтың сүйемелімен орындалған әндерді тыңдауға болады.

Антологияда әншілік өнердің кең өріс алған кезінде пайда болған кәсіби халық композиторларының әндеріне де ерекше мән берілген. Қазақтың кәсіби ән өнері, әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өз дамуының шырқау биігіне жетті. Қазақ өнерінде сал-серілердің пайда болуы кәсіби ән өнерінің шарықтап дамуымен тығыз байланысты құбылыс. Қазақ даласының әр қиырынан Біржан, Ақан, Мұхит, Кенен сынды сал-сері тұлғалардың шығуы әншілік дәстүрлер мен өңірлік мектептердің қалыптасуына зор ықпал етті.

Кешті ашқан ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, өткен ғасырдың басында 1925 жылы профессор Александр Затаевич бүкіл қазақтың даласын шарлап, әніміздің інжу-маржандарын жинап «Қазақтың 1000 әні» атты кітап шығарғанын және кітапта «1000 ән» деп аталғаны болмаса, қазақтың әндері де күйлері де болғанын атап өтті. Соның ішінде 46 әннің мәтіні берілді.

«Ән-жобасы дүниеге келген кезде орыс композиторы С.Аксаков айтқан екен: «Мұндай мәдени мұра тудырған халық шын мәнінде бақытты халық», деп. Екінші бір орыстың жазушысы М.Горький «1000 ән» жобасын қарап шығып: «Бұл болашақ Бетховендер, Моцарттар, Шопендер, Мусоргскийлер үшін баға жетпес қазына ғой», деп бағалаған. Шындығында солай болып шықты. Брусиловскийдің төрт бірдей операсы - «Қыз Жібек», «Ертарғын», «Жалбыр» мен «Дударайы» «Қазақтың 1000 әні» жинағынан алынған әндерден тұрады. Тек қана «Қыз Жібек» операсында 30-ға жуық қазақтың әндері мен күйлері пайдаланған», деді министр.

Бір кездері Шоқанның жан досы қазақтың даласын емін-еркін аралаған Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады», деп айтқан екен. Тағы бір зерттеуші төңкеріске дейін шыққан 89 томды үлкен орыс энциклопедиясының 29-шы томында қазақтарға арналған мақаласында мынандай бір сирек кездесетін аңызды келтіреді. «Баяғыда бақыт құсы сияқты аспанда ән құсы ұшқан екен. Ол биік таудың баурайында, әсем табиғаттың аясында, тас бұлақтың жағасында табиғатпен емін-еркін араласқан қазақтардың ән салған сән дәуірін көрген кезде жер бауырлап ұшқан дейді. Ән құсы жер бауырлап ұшқан жерде тұратын қазақтардың бәрі ән мен күйге бөленген. Сөйтіп, қазақтар жер бетіндегі әнді, жырды ең сүйетін халық болып шыққан».

Жоғарыда айтылғандай, бірегей жинаққа Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр, Шығыс өңірлерінің әндері енді. Осы өңірлерде дүниеге келіп, сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өресін кеңейтіп, өресін биіктеткен күміс көмей, жез таңдай әншілерімізді жеке-жеке атап өтетін болсақ, Арқа әншілік дәстүрін Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты әнші-композиторлар қазақ әнін бұрын болмаған биік өреге көтерді. Кейінгі ұрпаққа Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Игібай Әліпбаев, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықовтар арқылы жеткен осынау мол қазына, асыл аманатты Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндікова, Қайрат Байбосынов сынды майталмандар, дәстүрлі әннің қазіргі буын орындаушыларына сынын бұзбай тапсырды.

Батыс Қазақстан әншілік дәстүрін тілге тиек ететін болсақ, Батыс өлкенің кәсіби ән мектебі эпикалық дәстүр негізінде дамыған. А.Жұбановтың: «Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде, әнінің дамуында жыршылар үлкен рөл ойнайды» деген пікірі ән мен жыр егіз ұғым саналатын осы өлкеге қатысты. Батыс өңірдегі жыраулық-жыршылық өнердің жергілікті әншілік мектептің қалыптасуы мен өркендеуінде зор әсері болғаны анық. Батыс кәсіби ән мектебінің жарқын тұлғасы Мұхит Мералыұлының орны бөлек. Мұхиттың әндері - қазақ ән өнерін мазмұнының тереңдігімен байытқан аса бағалы мұра. Сонымен қатар жинаққа Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Ауқат, Сары, Қызыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек, Ажар және тағы басқа әнші-композиторлардың бүгінгі күнге жеткен туындылары енгізілді.

Күйтаспада батыс мектебінің жарқын өкілі, Мұхит дәстүрін қаз қалпында жеткізуші Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығымен сусындауға болады.

Антологияда Маңғыстау әндеріне де ерекше көңіл бөлінген. Досат, Өскенбай, Тұрсын, Әділ, Жылгелді, Тастемір, Шолтаман сынды әнші-композиторлардың шығармалары негізге алынған.

Жетісу әншілік дәстүріне тоқтала келе, бұл өңірде ежелден ерекше дамыған ақындық-жыршылық дәстүр туралы айтуға болады. Жетісу өңірінде мейлінше көп айтылатын қара өлеңдер мен халық әндері кәсіби әншілік мектептің қалыптасуына негіз болды. Оған ұйытқы болған Кенен Әзірбаев, Қапез Байғабылұлы, Пішән Жәлменденұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Сауытбек Ұсаұлы, Дәнеш Рақышев, Бармақ Үмбетәлі, Шалтабай, Қарға, Көдек, Әсімхан, Қырбай, Көбейбай, Бұлша, Қымбат сынды дара тұлғалар.

Ал Сыр өңірінің әншілік өнері антологияда халық әндері «Көкшетау» мен «Долана» сондай-ақ, Андағұл Балқы Дайрабай, Нартай, Ешнияз сал, Күмісай, Тоғжан, Рүстембек жырау, Әбілдә Жүргенбаевтардың туындыларымен көрініс тапты.

Сонымен бірге жинаққа Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтарының дәстүрлі әндері, бұрын-соңды естілмеген, ұмыт қалған ескі әндер, А.Затаевичтың, Б.Ерзаковичтың, Ә.Бафинаның, Т.Бекхожинның, Р.Темірбаевтың жинақтарынан көптеген әндер енгізілді.

ҚР Мәдениет министрлігі еліміздің тарихы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін сарқылмас мол мұра - ән өнерін, ұлттық сарындағы бірегей туындыларды дүниеге әкеліп, кейінгі ұрпаққа жеткізген дара тұлғаларды халық арасында кеңінен насихаттау, болашаққа аманат ету мақсатында қазақтың «мың әнін» күйтаспаға түсіріп, тыңдармандарға ұсынбақ ниетте.

Соңғы жаңалықтар