Қазақтың ою-өрнектері қара өлең іспетті – Нұрила Қызыханқызы

АТЫ. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ғалымдар ою өнері қазақ жерін мекендеген көшпелі тайпалар арасында ежелгі заманда-ақ (ж.с.д. 8-1ғ.) дамығанын анықтап отыр.

Қазақтың ою-өрнектері қара өлең іспетті – Нұрила Қызыханқызы

Әдетте көпшілік қауым ою-өрнектерді әртүрлі заттарды, сәулет ғимараттарын әшекейлеуге арналған жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыш деп санайды. Сондықтан оның пәлсапалық мағынасына көп жағдайда терең бойлай бермейді. Біз осыған орай Қытай елінде тұратын белгілі этнограф, жазушы Нұрила Қызыханқызын әңгімеге тартқан едік.

- Нұрила апай, ою-өрнектің дүниетанымдық рөлін сөз етпес бұрын осы екі сөздің мағынасын түсіндіріп берсеңіз?

-Қазақтың ою және өрнек деген екі сөзінің арасында мағыналық жақындық да бар, айырма да бар. Әдетте ою деп негізінен белгілі бір заттан ойып алынған нәрселерді айтады. Ұғымда да солай. Ағаш ою, киіз ою деген сияқты іс-әрекеттер халықтың тұрмыс-cалтында көп қолданылған. Ал өрнектің мағынасы одан кең, шексіз деуге болады. Шығу тегі солай болғанмен қазақтың өнерінде ою әдеттегі бір нәрсенің натурал пішіні емес. Мұнда қазақтың жасампаздығы қияли ойлау дүниесі бар. Ол барынша абстрактыланған бейне. Онда романтикалық қиялдау қуаты жатыр. Оюда біздің ақыл-парасатымыз бен дүниетанымымыз көрініс тапқан. Мәселен, Голливуд фильмдері планеталар соғысы сияқты сырттағы өнерді қиялдаса, біздің ою табиғаттың нақты көрінісімен астасып жатыр. Оюда жасампаздық бар. Құтты қазақтың қара өлең ұйқасы іспетті. Ұйқастыра білсең болды. Оюды бастапқы кезде жекелеген адамдар туындатқанымен олар бірте-бірте халықтық сипат алған. Нақтылы қарасаң мұнда 5-6 түр бар. Бұл қисынды түсінген адам оның қандай стилдік түрленуден өткенін де айыра алады. Өйткені әр шебер өзінің стилін жаратады. Атап айтқанда серке мүйізді қарасақ ол серкенің натурал мүйізі емес. Ол жерде қиялдау қуаты жатыр.

- Осы арада ою түрлеріне кеңірек тоқталып өтсеңіз?

- Қазақтың барлық оюларында санаулы ғана түр бар. Біріншісі, серке немесе сүйір мүйіз. Өзара қолтықтасып келетін оюды қошқар немесе имек мүйіз деп атаймыз. Ортасынан қыстырылатынын төбел дейді. Кішкенесін тана мүйіз деп атайды. Бұдан басқа қос мүйіз деген деген тағы бір түрі болады. Олар әр шебердің қолына барғанда өзінше өзгеріп, түрленеді. Оған қазір сызушылардан гөрі қараушылар ат қойып жатыр. Кейбіреулері мынау қызға, мынау ер адамға арналған деп жатады. Ол бекер сөз. Ою кеңістік арқылы түрленеді және көлемге ғана бағынады. Қандай да бір ою жеке дара көркемдік шығармайды. Олар бірнеше мүйізбен қабаттасып келгенде ғана көркем сипатқа ие болады. Көркемдік стилдік өзгеріске енеді де кеңістікке бағынады. Кеңістік тұмар, шаршы, ромбы және тағы басқа да үлгілерде болады.

- Қазақ ою-өрнектерінің мәдениет пен өнерге ықпалын қалай бағалауға болады?

- Мәденет пен өнердің сабақтастығы деген бар. Қырғыз, моңғол, сосын қытайдың ішкі өлкесіндегі мияуғы деген сияқты кейбір ұлт пен ұлыстарында осындай оюлар бар. Оны кейбір корей фильмдерінде де байқап қалдым. Олар мәдениеттің кейінгі таралуынан алып жүр ме, жоқ онда ертеден келе жатқан сабақтастық бар ма, мен оны білмеймін.

Шыңжаңдағы Ясин Құмар деген азаматымыз «Алыстағы атамұра» деген кітап шығарды. Қазақтың ою-өрнегінің алғашқы нұсқалары сақ дәуірінен де арғы кезеңге апарды. Ол Қытайдың Хуанхы дариясының бойында 3300 жыл бұрын өмір сүрген Шаң мәдениеті дәуіріндегі бір қола даңғараның суретіне салынған даңғарадан табылып отыр. Бұл Қытайдың кейінгі мәдениетінде сақталмаған. Ол бүгінгі қазақ оюының алғашқы нұсқаларының 2-3 мың жылдан арғы дәуірлерден басталатын көрсетеді. Содан бері дала мәдениеті бірқанша ұлттарға тараған. Бірақ оны толығымен жалғастырып келе жатқан біздің қазақ халқы ғана. Жаһандану үрдісіне байланысты өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап мәдени ықпалдастық жылдам жүруде. Бұл әрқандай құрылыс нысандары мен күнделікті-тұрмыстық мәдениетте айқын аңғарылуда. Сондықтан ою-өрнек жөнінде ғалымдарымыз жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өкінішке орай қазір зерттеушілер өрнекке атты көп тағады. Онысы меніңше болғанда дұрыс емес. Ол тек стилдің түрленуі.

Біз қолөнерге сүйенген халықпыз. Әр отбасы өнердің отбасы болған. Оларды дала мәдениеті солай жаратқан. Өзінің қажетіне орай әр отбасы өзіне керекті бұйымын өз қолымен жаратып алған. Егер шебер болса олардың жасаған затттары көркем боп шықан.

- Ою-өрнектің күнделікті өмірде ең көп қолданылатын саласы тігін бұйымдары десек қателеспейтін шығармыз. Күнделікті тұрмыста пайдаланылатын киім-кешектерде ол көбінесе тігіс арқылы жүзеге асырылады. Ғаламтордағы мәліметтерге қарағанда, Қытай еліндегі мерзімді басылымдарда жарық көрген бір мақалаңызда қазақ халқында инемен орындалатын тігістің 20-дан астамтүрі бар деген екенсіз?

- Халқымызда тек иненің көмегімен орындалатын шашақ ою, тепшу, жөрмеу, көктеу, қосбасу, шалып тігу, түймелеп торлау, іліп торлау деген сияқты бірқанша тігіс түрлері бар. Осы тігіс түрлерін кейбіреулер сексен нешеге апарады. Мен оған тағы келісе алмаймын. Олар инемен тігу әдісіне бүрмелеу, әдіптеу дегенді қосып тігіс түрлерін сексенге апарып жүр. Ал нақтылы ине ұстаған адамдар оның дұрыс емес екенін жақсы біледі. Біздің қазақта жиырма неше ине ұстау өнері бар. Өкінішке орай оны қазір 40-қа дейінгі қыз-келіншектердің бәрі бірдей біле бермейді. Соңғы кезде тіпті тігіс тұрмақ олардың арасынан күнделікті киім-кешегінің үзілген бірлі -жарым түймесін тігіншіге барып қадатып алушылар шығып жатыр ғой.

-Көршілес Иран мен Түрікмен халықтары әлемге өздерінің кілемдерімен аты шықты. Бізде де өзгелерді өзіндік ерекшелігімен қайран қалдыратын осындай ою-өрнекті қолөнер бұйымдары бар ма?

-Біз ананың моделін, мынаның моделін сызып ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Тек өзіміздің ою-өрнектеріміздегі табиғи қасиет пен қиялдау қуатымыздың көркемдігін сызу арқылы ғана өзгелерден ерекшелене аламыз. Жалпы қазақтың ою-өрнегі дүние ою-өрнегінен қалмайды. Бірақ біздің зерттемеміз оған әлі жете қойған жоқ. Ерекшелік не дегенге нақты жауап іздеген адам аз. Ерте ме, кеш пе қазақ ою-өрнегі де өзі бағасын алуға тиісті. Қазір біздің зерттеуіміз ою-өрнектерге серке мүйіз, қошқар мүйіз, пәленбай-түгенбай дегенмен ғана келе жатыр. Нақтырақ айтқанда ат қоюмен шектелуде. Біздің өзіміздің түс әлі қазақша, натуралды бейнеде емес.

- Қазақ ою-өрнегінің абстрактылы сипатта болуы ислам дінінің әсерінен емес пе?

-Олай да зерттеп көрсе болады зертеушілер. Сөзіңнің қисыны бар екен. Менің ойымша, қазақ ою-өрнегі бұдан ұтпаса ұтылған жоқ. Оны кейінгі тума өнерпаздар дамытып жаңа биіктерге көтерді. Табиғаттағы әрқандай нәрсені натуралды түрде сала бермей романтикалық немесе абстрактылық тұрғыдан көрсетуген ден қоюымыз қазір өзіндік ерекшелікке айналып отыр. Мен оны өзгеден төмен санамаймын. Қазақ ою-өрнегінің қасиеті қайда дегенде біз осы нәрсеге көбірек мән беруіміз қажет сияқты. Өйткені халқымыздың қиялдау қуатының жоғары екені одан айқын көрінеді. Біз натуралды пішінді бейнелеуде ою-өрнекте ең жоғары деңгейге жете алдық. Роза гүлі, шырмауықтың иірі қандай деген сияқты бейнелеу нысандарында өзгеше көркемдік шешімдер таба алдық. Қазақ ою-өрнегінің шырайы осыны жаратқанымызда.

- Қазақтың ою-өрнегін көркемөнер сабағына көбірек енгізуге мүмкіндік бар ма?

- Әлбетте. Онда әрқандай оқушы өз қиялын дамыта алады. Оюдың заңдылықтарын үйретсе болды. Әрқандай адам өзінің сызғалы отырған көлем кеңістігіне қарай өлең құрастырғандай өзінің шығармашылық қуатын пайдаланып, өзіндік жеке туындысын жасай алады. Өлең ұйқасын тапқан сияқты онда көркемдікке жетуде ешқандай шек жоқ. Бұл қазақ ою-өрнегінің әлеуетін толық көрсете алады.

- Жұмысыңыздың тығыздығына қарамастан сұхбаттасуға уақыт тапқанғызға рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын.