«Қазақтың оюлары ұлттық брендіміз болу керек» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 наурыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны Наурыз мейрамы мен 20 наурызда өткен сайлаудың қорытындысына арналып отыр. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Наурыз мерекесіне қатысты. Елбасы әдеттегідей бұл күні сән-салтанаты келісіп, сап түзеген ақшаңқан киіз үйлері көз тартқан этноауылды аралап көрді.
Әрине, бұл күн өнерпаз біткен сәнді киініп, ұлттық нақышқа малынды. Ауылдың айналасы қызыл-сары гүлге бөленіп, жерді де жасыл жапқан. Астананың әлі де болса көктемге бой алдыра қоймаған қара суығы да бұл күні, дәл осы этноауылда сап тыйылғандай. Күн жадырап, аспанда ән қалықтап, айналаны шаттық кернеді.
Елбасы Наурыз тойланып жатқан этноауылда Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Әз-Наурыз барша халқымызға құтты болсын! Осы жерге жиналған халыққа, барлық қазақстандықтарға шын жүрегіммен бақ-береке тілеймін. Осынау ізгі мереке Парламент сайлауын өткізу шарасымен қатар келді. Қазақстандықтар бір үйдің баласындай тұтастығын көрсетті. Халқымыздың осы бірлігі мызғымайтын болсын. Біздің жасап жатқанымыздың бәрі қазақстандықтардың кейінгі ұрпағына мұра болып қалады.Біздің болашаққа апаратын жолымыз зор жетістіктер мен Тәуелсіздігіміздің игіліктері арқылы жарқырап тұратын болсын. Барша табиғат жаңарған Наурыз мерекесінде адамдар әрдайым бір-біріне деген өкпе-ренішін кешірген, мұқтаждарға көмектескен, бақыт тілеп, ағаш отырғызған және бұлақ көзін ашқан. Халық бұл күні тілеген тілектер міндетті түрде орындалатынын айтады. Мен әрбір шаңыраққа бақыт, шаттық шуағын және бар жақсылықты тілеймін», - деді Қазақстан Президенті.Бұл мақала «Ұлысты шаттыққа бөлеген ұлық мейрам» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Алматылықтар ағаш отырғызу акциясын бастады» атты материал басылды. Жасы үлкені бар, кішісі бар дегендей, Алматының түрлі ұлттан құралған тұрғындары, әр салада қызмет етіп жүрген қалалықтар биыл да жиналып, алма және басқа да ағаш көшеттерін отырғызуды жалғастыратын болды. Бастамашы топтың «Alma Qala» акциясын ұйымдастырғанына үш жылдан асты.
Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, осы сауапты іс қолға алынған 2014 жылы акцияға 5 мыңдай адам қатысып, 9500 ағаш көшетін отырғызған болатын. Ал өткен жылы 15 мың түп дарақ отырғызылды. Бұл бастаманың жақсы бір жері, қаланың әрбір тұрғыны осы іске үлесін қоса алады. Ағаш отырғызуды қалаған жандар жағдайына қарай, бір түп көшет сатып алып, өзі отырғызса да болады. Ағаш көшетін қаланың кез келген базарынан, арнайы өсімдік-ағаш дүкендерінен немесе тәлімбақтардан алуға болады. Ал акция ұйымдастыру комитеті бірқатар тәлімбақпен келісімге келген - олар акция науқанында көшеттерді төмен бағамен сатады.
Ал енді ағашты да көрінген жерге отырғыза салуға болмайтыны белгілі. Сондықтан бастамашы топ көшетті аулада отырғызарда көршілерімен, баласы оқитын мектепте мұғалімдерімен, кеңсе маңында басшылармен ақылдасып алуға кеңес береді. Сонымен «Алма-Qala-16» акциясы 2016 жылдың 12 наурызынан басталып, 24 сәуірге дейін созылады. Іс-шара жалпы Алматы қаласы бойынша өтеді.
Өткен жылы аталмыш акцияны Астана, Шымкент, Көкшетау қаласының тұрғындары қолдаған болатын.
***
«Ұлыстың ұлы күніне баланатын Наурыз - жыл басы, көктем мерекесі, жаңару мен тазару күні, алыс-жақын туыстармен көрісу, көрші-қолаң, ағайынмен қауышып, жақындасу мейрамы.Шыны керек, ұлт зиялылары осы күнге дейін Наурыздың тойлануына көңілдерінің толмайтынын айтып, оның науқандық сипатта өтіп, киіз үй тігіліп, шапан киіліп, көже ішумен шектелетін қойылымға айналғанын баспасөз беттерінде талай сынап жүрді. Десе де, елімізде соңғы жылдары кең көлемде тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Тәуелсіздіктің тұғырының биіктей түсуі Наурыздың да терең мазмұндық сипатқа ие болып, тек қазақ халқын емес, жалпы, қазақстандықтардың басын біріктіретін, өзара жақындастырып, елдік рухты әлемге паш ететін деңгейге жеткенін ел азаматтары қуанышпен мойындап отыр»,-деп жазады «Айқын» газеті «Наурызды тойлаудың мазмұны тереңдеп жатыр» атты мақаласында.
Наурыз Қазақстанда тұратын қазақ ұлты мен түркітілдес, бауырлас халықтар үшін төл мерекесі болса, өзге этнос өкілдеріне әу бастан сәл таңсықтау мейрам болғаны мәлім. Десе де, Наурыздың 1988 жылдан бері тұрақты түрде әрі кең көлемде аталып өтуі барша қазақстандықтардың басын біріктіруге оң ықпал етуде. Бүгінде елімізде тұратын орыстар мен немістер, украиндар мен кәрістер де наурызды асыға күтетінін жеткізеді. Наурыз үш күн бойы демалатын мереке сипатынан шығып, үш күн бойы ел аралап, көрші-қолаңды құттықтап, өзара жақындасудың мейрамына, былайша айтсақ, ұлтты ұйыстыратын айтулы күндердің біріне айналып отыр.
Осы басылымда «Тең де толымды бәсеке болды» деген мақала жарияланды.Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте үкіметтік емес ұйым мүшелері де Парламент Мәжілісінің сайлауына жоғары баға берді.
Олар сайлау барысын толық қадағалағандарын, ешқандай заңбұзушылық болмағанын, ең бастысы, халықтың сайлауға белсенді түрде қатысқанын атап өтті.
***
«Ана тілі»газетінің соңғы санында белгілі суретші, дизайнер Ерлан Жанахметұлы Қожабаевпен болған сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Бірқатар баспаларда көркемдеуші редактор қызметін атқарып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Республикалық және халықаралық байқаулардың дипломдарымен марапатталған. Ол жуырда ғана оқырман қауымға жол тартқан «Қазақ оюлары» кітабының авторы. Автор соңғы жылдары қазақтың оюларын терең зерттеумен айналысуда. Кәсіби суретшімен өрбіткен сұхбат та осы төңіректегі мәселелер жөнінде болмақ.
«Қазақтың ұлттық ою-өрнегі көптеген ғалымдардың - өнертанушылар мен этнографтардың зерттеу нысанына айналып, бірқатар ғылыми еңбектің өзегі болғаны белгілі. Бұл тақырып Ә.Х.Марғұланның, Қ.Мұратаев пен Б.Ибраевтың, сондай-ақ А.Қажығалиұлының кітаптарында кеңінен көрініс тапқан. Ұлттық өрнектің түрлері мен құрамдас бөліктерін жіті зерттеген мамандардың пікіріне сүйенсек, ою - ұлттық дүниетанымның негізгі тұжырымдарын өн бойына жинақтаған бейнелеу өнерінің бірегей түрі. Әйтсе де, қазақ оюларының кейбір аспектілері, өрнектерде көрініс тапқан ата-бабаларымыздың космогоникалық, астральді, діни және философиялық танымы әлі терең зерттелмеген. Қазақ ою-өрнегінің қазақпен ежелден қоңсы тұрған көрші халықтардың дүниетанымымен байланысы да ғалымдар назарынан тыс қалып келеді. Менің бұл жұмыспен айналысқаныма 8 жылдай уақыт болды»,-дейді Е. Қожабаев. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Қазақтың оюлары ұлттық брендіміз болу керек» деген сұхбатты қарап шығыңыз.