Қазақтың өз футбол «Барселонасы» болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ» бөлімінде: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.

Қазақтың өз футбол «Барселонасы» болады

Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды»,- деп жазады. Кейінгі жарты ғасырға дейін Ұлы даладан тараған атқа мініп жарысу жүздеген жылдар бойы адамзат баласы үшін ең үлкен спорт болды. Оның түрлі тармақтары да көп. Уақыт өтіп, заманалар өзгерген тұста адамзат баласы үшін футболдың маңызы артты. Қазіргі кезеңде спорттың ішіндегі ең көп таралғаны, әрі ең қолжетімдісі - ол футбол. Футбол әлемдегі №1 спорт. Аудиториясы 3,5 миллиардқа жуық адам. Футбол ұйымы - ФИФА әлемдегі №1 халықаралық ұйым. Оның мүшелігінде 211 елдер мен ондаған ұйымдар бар. Қазақстанда футболды қарқынды таратуға жекелеген азаматтар үлес қосуда. Солардың қатарында Қазақстан-Португалия футбол Ассоциациясының тең төрағасы, «Арландар» футбол клубының президенті Фазылбек Әбсаттарұлы бар. Маусым айының аяғында Португалияда өтетін құрлықаралық балалар біріншілігіне оның командасы аттанып кетті. Біз Фазылбек Әбсаттарұлымен осы сапар алдында сұхбаттасқан болатынбыз.

Қазақстан-Португалия футбол Ассоциациясы мен «Арландар» футбол клубы бірлесе отырып, мектеп пәндерін футбол арқылы үйретудің кіріктірілген әдістемесін жасап шығыпты. Сіздер дайындаған осы зерттеу жұмысының көтерген мәселелері туралы біздің оқырман қауымға айтып өтсеңіз?
Қазіргі қоғамымыздағы көкейкесті мәселе адам жанының кереғарлығы. Депресия дертінің ушыға түсуі дер едім.Бұл дерт аспаннан түскен жоқ. Бастауын мектептен алады. Оған балалармен жұмыс істеу барысында көз жеткіздік. Кез келген заттың жасалатын зауыты, фабрикасы болса, Адамның әу бастан қалыптасатын орны ол - мектеп...
Дертке шалдыққан қоғамды емдеуге бас қатырып жүріп; сауатты, білімді, мәдениетті адамды қалыптастыруға үлес қосу мақсатында білім беру жүйесіне ұсыныс жасадық. Ол мектеп пәндерін футбол арқылы үйрету. Яғни баланың ойынға деген қызығушылығын пайдалана отырып, балаға максималды білім, тәрбие беру.
Бұл әдістеме әсіресе мектепке енді бара бастаған бастауыш сынып оқушылары үшін маңызды. Себебі ойын баласын бірден партаға отырғызып қою қиынға соғады. Бұлай ұзақ уақыт бір орында отырып үйренбеген балалар сол үшін мектепке барғысы келмейді, сабаққа қызығушылығы азаяды. Сол үшін балалар сабақты әрдайым жақсы көреді деп айта алмаймыз. Бірақ ойынды, оның ішінде футболды жақсы көреді. Балаларды сабаққа бейімдеу үшін, максималды білім беру үшін, оларға ойындарды пайдалана отырып қызықтыру керек.
Физикалық белсенділік кезінде, балалардың көңіл күйінің ең қатты көтерілетін сәті - ол футбол ойнағанда анық байқалады. Ол кезде балалардың есі шығып кете жаздайды. Көңіл күйі көтеріңкі болған соң стресс азайып, ақпаратты қабылдау қабілеті күшейеді және есте сақтау қабілеті, яғни жады артады. Осы сәтте ми максималды жұмыс істейді. Мидағы қан айналым ретке келген соң, оның иммунитеті артып түрлі ми ауруларынан сақтайды.
Әлемдегі ең мықты білім беру жүйесі Финляндия. Финн балалары мектепте көп отырмайды. Олар физикалық белсенділікке көп уақыт жұмсайды, яғни спортқа.
Біздің мақсатымыз, балаға максималды түрде жемісті білімді көбірек беру, бойындағы дарындылық әлемін ашу. Денсаулығы мықты, белсенді адам болып қалыптасуына қолғабыс ету. Бала физикалық белсенді болғанда, өмірде де белсенді болады.
Бұл әдістеме балалар арасында әдеттегідей «қиын сабақтан қашу» деген психологиялық әлсіздікті жояды. Біз балаларға білімді үстемдікпен үркітіп - қорқытып үйретпеуіміз керек. Бірге үйренуіміз керек. Керек болса біздің де балалардан үйренетініміз бар. Балалар оптимизм мен жақсы ойлардың бұлағы. Олардан біз армандауды, сенуді үйрене аламыз. Біз балаларға максимальды шығармашылық еркіндік бергенде, талантын ашқанда футболмен қатар сабақтың да түбін түсіретін болады. Біз балалардың қалаған, таңдап көздеген мақсаттарына олардың қызығушылығын арттыру арқылы ғана қол жеткізе аламыз.
Кіріктірілген оқу бағдарламаларын дамыту білім беру философиясында баланы «мән-мағына іздеуші жеке тұлға» ретінде танудан басталады. Бұл ұғым біздің елде жат нәрсе емес. Мысалы, Абайдың «толық адам» концепциясы әр баланы жеке тұлға ретінде қарастыруға негіз береді. Ал Совет Одағы тұсында педагогикада тұлғалық даму бағыты қарқынды дамыды. Алайда ол қайта құру кезеңіне тап келді де, соңына дейін тұжырымдалмады. Кіріктірілген оқу еркін үйрену дегенді білдіреді. Бұл жерде еркіндік деген не? Бағаға байланбай, еркін түрде білуге ұмтылған бала үйрену процесінде өз денесін, ойларын, сезімдерін, ішкі түйсіктерін түгелдей іске қосады. Мұнда үйрену де әдеттегі жабырқаңқы сипатта емес, эмоцияға толы болады. Екіншіден, әлемдік тәжірибеде баланың оқу кеңістігіне аса мән беріледі. Төрт қабырға сыныптың ішінде отырса да, ондағы әрбір бұрышты, әр партаны, әр сөрені баланың дамуына оңтайландыруға тырысады. Кеңестік түсініктегі қатар-қатар түзу, дыбыс шығармай отыру деген ұғым жоқ. Осының бәрін ескерсек, біздің елде оқу кеңістігіне әлі де жіті мән берілмей келеді. Ал футбол алаңы сол еркін оқу кеңістігінің керемет баламасы болар еді.
Балалар үйрену үшін селқос түрде күтіп отыратын tabula rasa, яғни таза тақта емес. Олардың міндетті түрде танып, одан әрі дамытуды қажет ететін өзіндік ішкі әлемі, физикалық, эмоционалдық, әлеуметтік әлеуеттері болады. Оқушыларды өмірдегі түрлі рөлдерге дайындау үшін, оқыту ортасы олардың жеке дағдыларын дамытуға бағытталуы тиіс. Сондықтан кіріктірілген оқу бағдарламалары ұстаз бен бала арасында есте қаларлық үйрену сәттерін қалыптастырады. Ал оқулықтар мен білім беру стандарттары ешқашан тәжірибе арқылы үйренудің орнын баса алмайды. Әйгілі американдық ғалым Дьюидың айтқандай, білім беру деген өмірге дайындау емес, білім берудің өмірдің өзі. Оқу бағдарламалары кіріктірілген кезде, танымдық мәліметтер айналамен, күнделікті өмірмен өзара байланыстырылып, оқушының үйрену процесін тиімдірек етеді. Мысалы, сынып қабырғасында табиғатты тану, оны зерттеу қиындықтар туындатады. Ал осындай тәжірибелерді футболмен байланыстырғанда, балалардың қызығушылығы арта түседі.
Енді нақты футбол әлеміне тоқталсақ. Еліміздегі кәсіби футбол клубтарының материалдық жағы мен қаржыландыруы туралы ақпаратты табу қиын. Бизнес футболға бармай жатыр. Ал, әлемде әр футбол клубының нақты құны бар. Сатылады, инвесторлар қаржы құяды дегендей. Мысалы Ресей чемпионатындағы "Краснодар" командасына тоқталсақ. Саудагер бизнесмен С. Галицкий супермаркеттер желісін сатып, "Краснодарың" 70% сатып алды. 300 млн. $ стадион салып берді. 60 млн.$ стадион айналасына демалыс саябағын жасады. Клубтың жылдық бюджеті 70 млн $. Табысы 62 млн. $ болса, Европа мен Чемпиондар лигасынан жақсы көрсеткіштері үшін 80 $ алған. Клубтың бүгінгі сатылым бағасы 112 млн.$. Жас футболшыларды дайындауға жыл сайын 90 млн. $ бөліп, Ресейде 30 балалар футбол клубын ашқан. Ол жерде бәрі тегін екен. Бір бизнесмен балаларға осыншама қуаныш сыйлап отыр.


- Рас айтасыз, әлем өзеруде. Аурухана салып ауру шақырғанша, спорт сарайларын салып ауырмаудың жолын іздегеніміз дұрыс.
Футбол ғажап сиқыры, адамдарды бір-біріне жақындастыратын №1 спорт. Бейбітшілік спорты. Қаншама соғыстар осы футболдың арқасында тоқтады. Соғысып жатқан елдер футбол матчтары кезінде соғысты тоқтатып қойып, бірге көретін болған. Әсіресе балалар арасында футболдың сиқыры күшті. Бір-бірін танымай, жатырқап тұрған балалардың қалай бірге футбол ойнап кеткендерін білмей қалады. Біраз уақыт бірге футбол ойнап жүріп аттарын кейіннен біледі. Уақыттың өзі дәлелдегеніндей, қазір футбол спорттың бір түрі ғана емес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға шейін, мемлекет президентінен балабақшадағы баланың да өмірінің бір бөлшегіне айналды. Сондай-ақ, футбол балаларға тағы не үшін керек? Футбол, әлемдік тәжірибе дәлеледегеніндей балалар арасындағы аурулардың азаюына; діни, экстремистік, теріс идеологиялық ағымдарға бой алдырмауына; терісқылықтар мен әдеттердің, бұзақылықтар мен қылмыстардың азаюына себепкер. Сондықтан біз футболды дамытуға мүдделіміз.
Бірақ, бірақ... Осы әлемдегі ең қол жетімді спорт түрі, Қазақстан балалары үшін қол жетімсіз болып тұр. Елордамызда балаларға арнап футбол алаңын салса да жырмыштап, үзіп - жұлып жарымжан әрі тар алаң салады. Оның өзі удай қымбат әрі жалдау ақысы қолжетімсіз. Жері тап - тар Жапонияның өзі мұндай тар, әрі сапасыз алаңдар салмайды. Токиода тұрған үш жылда соны көрдім. Әкімдіктің футбол мектебі, ол да қол жетімсіз. Мысалыға, 1 млн. тұрғыны бар Нұр - Сұлтанда біркелкі жастағы мектеп оқушылары бойынша жалғыз командаға 25-30 - дан артық бала қабылдай алмайды. Оның өзінде, қолында билігі барлардың бала-шағасы, ағайын туысынан артылмай қалады. Ал жалғыз астанамыздағы мыңдаған басқа балалар қайда баруы керек? Мені қатты ойландырып, таң қалдыратыны Астана-Арена секілді профессионал алаңдарға футбол үйреніп жүрген балалар есігінен сығалап, кіріп ойнауды армандап жүргенде, қаражаты көп ұлттық компаниялар қызметкерлері көңіл көтеру үшін доп теуіп жүретіні. Өте өкінішті жағдай. Міне, осындай футболдың мүшкіл жағдайынан кейін бұл спорт қалай дамиды? Ауруын жасырған өледі, деген ұстаныммен, футбол өліп қалмай тұрғанда дабыл қағайын деген ой, менікі.
- Қазақстан біраз спорт түрлерінен әлемдік биік нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Тек осы текті футбол жанкүйерлерін қуанта алмауда. Базбіреулер футбол біздің табиғатымызға жат спорт деген әңгімелерді шығарып жүр. Оған не дейсіз?..
- Қазақстан балалары футбол ойнай алмайды деген пікір мүлде қате. Еуропаның лигаларында қаншама Қазақстанның балалары футбол ойнап жүр. Футбол ойнай алатанына бұдан артық дәлелдің қажеті жоқ. «Не ексең, соны орасың». Бұл жемқорлық деген бәленің асқынғаны соншалық, Қазақстанның балалары қазір өз алаңында, өз командасында ойнай алмайтын жағдайға жеткізді. Сол үшін де легионерлер футболшылар шектен тыс көбейіп кетті. Яғни айлығы жоғары деген клубтардың негізгі құрамында, басым дерлігі шетелдік футболшылар. Дәлелмен айтар болсақ, Қазақстанның ең бай клубы «Астана» - ның негізгі құрамында, өзі дайындаған - яғни клубтың футбол орталығы дайындаған бірде бір түлегі жоқ. Барлығы сырттан келгендер. Сонда "Астана" футбол орталығының жылдар бойы дайындаған түлектері қайда, қайда кетіп жатыр? Егер де біз осы процесті тезарада тоқтатпасақ, легионер футболшылар нарығымызда одан сайын көбейе бермек. Осыған сәйкес легионерлер экономикамыздан жылына миллиондаған доллар қаржыны шетелге әкете бермек.
Қағаз жүзінде футболға млрд.тап қаржы бөлініп, қарқындап дамып жатқан шығар. Бірақ іс жүзінде Қазақстан футболы әлсіз күйде. Бір ғана қарапайым мысал, ФИФА-ның рейтингісінде 130-орынның айналасында жүрміз. Біздің алдымызда тұрғандардың көбі бюджеті бізден кемінде екі есе аз елдер. Бөлінген қаржыға футболды гүлдендіріп, дамытып жіберуге болар еді, бірақ сол қаржылар футболға жетпей жатыр. Бірде - бір рет Азия, Еуропа чемпионатының топтық кезеңінен ешқашан шыға алмауымыз, яғни ешқандай нәтижеге қол жеткізбеуіз, жаттықтырушылардың төмен деңгейі, сапасыз футбол алаңдары, осылардың бәрі қаржының бөлінбегеніне дәлел. Стадиондардың дені бұрынғы Кеңес одағынан қалған, қазір көбі жарамсыз стадиондар. Осы себепті Қазақстанда футболшы дайындаудың мүмкін еместігі үкіметтік деңгейде мойындалып, 2009 жылы футболшыларды Бразилияда дайындауды қолға алды. 8 жыл ішінде 78 футболшы Бразилияда дайындалды. 6 млн. доллар бюджеттің ақшасы «жұмсалды». Бірақ Мәдениет және спорт министрі Мәжіліс депутаттарының алдында бұл жобаның нәтижесіз болғанын мойындап, жобаны жауып тастады.
Мемлекет тарапынан барынша «қолдаулар мен мүмкіндіктер» жасалды. Бірақ нәтиже жоқ. Әлемдік футбол нарығында, экономикалық жағдайы төмен елдердің футболшылары көбейіп жатыр. Себебі футбол ол бірінші кезекте әлеуметтік жағдайды көтеруге себеп. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әйгілі футболшылардың көбі жағдайы төмен отбасылардан. Тіпті, Африка елдерінде өмірде тірі қалу үшін футболға келеді. Өмірдің осындай қиындықтарына төтеп беру үшін футбол ойнаған балалар, әрине футболдың отаны - Еуропаның футбол нарығын жаулап жатыр. Әлеуметтік жағдай соған итермелеп отыр.
Менің арманым, жоспарым футбол алаңдарын салып, барлық балаларға қол жетімді ету. Ол үшін алдымен Қазақстандағы ең талантты балалаларды Португалиядағы футбол академияларында дайындау. Еуропа футбол лигаларына шығару. Одан түскен қаржыға футбол инфраструктураларын салу. Шетелдік мамандарды әкеліп, Қазақстанда футболшылар дайындау.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай «инвестицияны мұнайға емес, адамға салу керек». Әлемнің барлық елдерінде, футбол мемлекеттік саясатқа айналған. Саясаттың бағытын, экономикалық, әскери күштерін футбол арқылы өлшейді. Тіпті, көп елдердің экономикасының басым бөлігін футбол құрайды. Футбол арқылы дамып жатқан елдер көп. Бір ғана Манчестер Юнайтед футбол клубының құны 3 млрд. евро екені біраз нәрсені аңғартса керек. Қазақстанның болашағы жарқын, саясаты түзу, денсаулығы мықты, экономикасы дамысын десек, Қазақстан футболын дамыту кезек күттірмейді.
Рахмет Фазылбек. Былтыр «Арландар» футбол клубы Португалиядан бесінші орынмен оралған еді. Бұл сапардан алтынмен оралыңыздер деп тілекші боламыз.

ФОТО: Португалияның әйгілі футбол жатықтырушысы, Криштиану Роналдоның ұстазы Августино Оливейрамен жобаларды талқылау сәті.