Қазақтың сом білекті Солтыкен балуаны

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат  /Бақытжол Кәкеш/ - Балуан шолақ пен Қажымұқандай арыстарды тудырған қазақ бүгінгі күні де әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғайтын батыр ұлдардан кенде емес. Ондай азаматтар қазақ елінен де, басқа шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың ортасынан да көптеп табылады.
None
None

Солардың бірі Қытайдағы қазаққа ғана емес, миллиардтар еліне кеңінен таныс, кезіндегі аламан жарыстың бәйге бермес арыстаны атанған, 130 келі салмақтағы түйебалуан Солтыкен Көкішұлы. Дегенмен, дүниенің қай түкпірінде жүрсе де қазақ деген ұлттың атын шығарып жүрген сол өнер иелерін біріміз танысақ, енді біріміз танымай жататынымыз жасырын емес. Сол себепті де біз Солтыкен Көкішұлына арнайы тоқталғанды жөн көрдік.  

Ұлтымызды дүниежүзілік спорт аламандарында алғаш биік тұғырға көтерген де қазақтың осы байырғы спорт түрі - балуандық өнер.  Балуандық өнердің өзі халқымызбен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан ел мұрасы есептеледі.  Қазақтың ауызша тарихын шежіре етіп шертетін қарттардың әңгімесіне құлақ түрсек, «түйе балуан», «аюмен күрескен», «өгіз көтерген», «атан жілігін сындырған» деген сияқты балуандық теңеулерімен қоса айтылатын, жойқын күш иелерінің образын көп естиміз. Айталық, Алтайдың күншығыс бетінде ел ауызында бүгінге дейін айтылатын, түйенің тобығын жұтқан, түйені құдықтан шығарған Бұланбай, аюмен алысқан Қойлыбай қатарлы сан адамдардың күш-қайраты туралы әңгімелерге қанығасыз. Тіптен, көзкөрген қариялар қазақтың қайсар ұлдарының бірі, Мұстафа Өзтүріктің нағашы жұрты болып келетін Қайысбай балуан жайында: «Ол кісі өгізді бұзауша көтереді, бойы екі метрден артық, салмағы мөлшермен 140 келіден жоғары», - деп әңгіме шертетінін ауылда жүргенде жиі естуші едік. Ал Байқозы балуанның асау жылқыларды артқы сирағынан қойды ұстағандай ұстайтындығын айтқанда, таңданбай тұра алмайсыз.

Әрине, кезінде Алты Алашқа сауын айтқан ас пен тойдың көпшілікке көрсететін үлкен сыйы да балуандардың белдесуі болғандығы белгілі. Ал одан мүлде бөлек жаңа қоғам тұсында аталарының жолын қуған Солтыкен Көкішұлының балуандық шежіресі басқаша сүрлеумен өрбитіндігі белгілі.

Солтыкен Көкішұлы 1952 жылы Қытайдың Алтай аймағы Қыран өзенінің бойында дүниеге  келген. Осылайша аламан жарыста жүлдесіз оралмайтын балуан, қолына қалам алса, шумақтап жыр түзетін ақын,  Қысқасы, қазақтың балуан білекті, ақын жүректі бір ұлы ортамызға қосылды.

Солтыкен - өзінің толағай денесіне дара біткен күш қайратымен әлемдік бәсекеде Қажымұқандай қарым танытып, ұлттың рухын ұлағаттап, намысын арқалап жүрген балуандарымыздың бірі. Балуанның жастық шағы  Қытайдағы аты шулы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келгендіктен, күрестегі жолы кешігіп басталады. Алғаш, 1977 жылы Қытай Шынжаң балуандар командасына шақырылғаннан бастап, бойындағы тасқын күшті күрестің санқырлы әдіс-айласымен жетілдіріп, аз уақыттың ішінде өз деңгейін әйгілей білді. Балуан боз кілеммен қоштасқан соңғы сәттеріне дейін сан алыптың қабырғасын қайыстырып, тізесін бүктіріп,  алтын, күміс, қоласы бар 22 жүлде салған екен.

Ағамыз өзі жайлы толғауында:

         Тіршілік бар тіріде кешті күнде,

         Көріп жүрміз өмірден көшті күнде.

         Сан арысты адуын бүктеп басып,

         Орда бұзып кетіп ем бесті күнде, - деп жырлайды.

Алпауыт Қытайдың күрес майданында немесе әлемдік бәсеке сындарында болсын, «белдескеннің белін идіріп, қарсы келгенін шаң қаптырып кетпесем, маған серт» дейтін Солтыкеңнің барған жерінде бағындырған биіктері аз болған жоқ. Сондай-ақ қайда жүрсе де өз ұлтының ұлылығын әйгілеп, намысын алып қалуға тырысып бақты. Сол жеңісті белдесулерінің алғашқысы 1978 жылғы еркін күрес түрі бойынша Үрімжіде өткен Қытайдың мемлекеттік шешуші жарысы еді. Онда екінші орынды қанағат тұтты. Ал одан кейінгі 1979 жылы Шұйжуда, 1981 жылы Шаңхайда, 1982 жылы Тайванда, 1986 жылы Ланжуда өткізілген Қытайдың мемлекеттік шешуші жарыстарында қатарынан бірнеше жыл бойы қазақтың батыр ұлымен белдесуге  шыдастық беретін миллиардтар елінен ешбір жан табылмапты.  Балуанның қанжығасына ылғи да бас жүлде байланып тұрды. Солтыкеңнің 1984 жылғы Иранның астанасы Тегранда өткізілген «Такти» атты халықаралық бәсекеде осыған дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Кубаның әлем таныған атақты балуанын жер иіскетіп, тәубесіне келтіргені, сол кездегі Қытай ақпарат құралдарының жарыса жариялаған өзекті жаңалығына айналған болатын.

Солтыкен Көкішұлының бұл сияқты түрлі деңгейлердегі белдесулеріннің  әрбірін таратып айтар болсақ, бір емес, бірнеше кітапқа жүк болатын дүние жатыр. Қытай жерінде осыған дейін Cолтыкен ағамыздың арыс майданындағы айшықты өнер іздерін талай-талай қаламгерлер қағазға түсіріп, повесть, поэма, очерк, драма да жазылған. Тіптен арнау өлеңдері де өз алдына бір төбе. Сондықтан да біз әңгіме ауанын балуанның тағы бір ерекше қыры - ақындық өнері жайына бұруды жөн көрдік.

Әлем елдерінде, басқа ұлттарда бір адамның алып күш иесі болумен қатар, ақын да болуы таңданыс тудыратын дүние болуы мүмкін. Ал қазақ үшін бұл ежелден қанда бар қасиет. Себебі Балуан шолақ пен Қажымұқандай сом білекті балуан аталарымыздың кезінде ақындық қырымен де көріне білгені баршамызға мәлім. Оған Балуан шолақтың «Ғалия» әні дәлел. Солтыкен Көкішұлы да сол қара күш пен ақындық бір бойынан табылған қазақтың азаматы. Белгілі айтыс ақыны Құрманбек Зейтінқазыұлының Солтыкен Көкішұлына  арнауында:

       Ер дегенде ой, Соке, ер екенсің,

       Өнеріңнің ел көрсін берекесін.

       Балуан шолақ өлді деп естуші едік,

       Тірі жүрген рухы сен екенсің, - деп жырлауы да бекер болмаса керек.

Солтыкен жастайынан «Бойда - қайрат, ойда - көз, болмаған соң айтпа сөз»  дейтін Абай ғақлияларын санасына мықтап сіңіріп өсті. Алғашында жиын-тойда тосыннан өлең құрап, қарсыласын састырған түрлі шағын айтыстарымен көзге түссе, кейін қағаз бетіне қалам ойнақтата өмір өрнегін салған шымыр өлеңдерімен де қоғамнан өз оқырманын таба білді. Шығармашылық жолын 1988 жылы «Болат қалам» атты алғашғы туындысымен бастаған ол  бүгінде 500-ден астам өлеңнің авторы, Шынжаң автономиялы өлкесінің және Алтай аймақтық жазушылар одағының мүшесі. Сонымен бірге, Қытай мемлекеттік спорт комитетінің «Күрес майоры», «Аға жаттықтырушы» атақтарын алған. Бір қарағанда арасы бір-бірінен алшақ жатқан қос өнердің басын бір арнада біріктірген оғлан ұлдың туған халқына арнаған сыйы басқалардан өзгеше әрі тым қымбат бағалануға да тиісті. Өйткені  жойқын күш, өр тұлға, мығым қайрат арқау болған, серпін берген шабытты өлеңдердің алар асуы да биіктей бермек.  Солтыкеннің 2003 жылы жарық көрген «Көк сүңгі» аталатын жыр жинағы бұл сөздерімізге куә болары анық.

Соңғы жаңалықтар