«Қазақтың Страдивариі кім?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 шілде, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қазақтың Страдивариі кім?» - баспасөзге шолу

***

Тәжірибелі мал маманы, кезінде Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Күзембай Ерғалиевпен «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің сұхбаты мал шаруашылығының дамуын мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламаларының қазіргі жайы және оны жетілдіру жолдары туралы өрбіген.  Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген оның айтуынша, еліміздің мал шаруашылығының дамуын мемлекеттік қолдау  субсидиялау жүйесі негізінен тікелей үш бағыт бойынша іске асырылып отыр. Олар  асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру, сондай-ақ, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу. «Сонымен қатар, күні бүгінге асыл тұқымдық өнім өндірісіне, ел экономикасына қосатын түк үлесі жоқ, бірақ миллиондаған бюджет қаржысынан мемлекеттік қаржылай қолдау алып отырған асыл тұқымды өнімдер де бар. Қазір өнім өндірісін, оның сапасын ысырып қойып, тек алған субсидия қаржысымен күнкөріс жасап отырғандар да табылып қалады. Оған мысалды қажетінше келтіре беруге болады. Бірақ, түсінікті болу үшін, мысалға мал шаруашылығындағы асыл тұқымды қаракөл қой шаруашылықтарын алайық. Мен осы саланың кәсіби маманымын, сондықтан өзге салаға тиіспей отырмын. Кемшілігін айтсам, таяқтың бір ұшы өзіме де тиеді. Мүмкін, осы сұхбатты оқып, әріптестерім маған ренжір, бірақ мысалға алмасқа амалым жоқ», - дейді ол. Сұхбат «Субсидия түпкі нәтижеге төленгені тиімді» деген тақырыппен берілген.

«Түбі бір түркі халықтарының ішінде ұлттық аспаптарына балық аулайтын арзанқол «леска» қармақ жіп тағып, ата-бабаларымыздың ежелгі қолөнер дәстүрінен қол үзе жаздаған қазаққа енді тез арада мұны қолға алмай болмайды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті жұма күнгі санындағы «Қазақтың Страдивариі кім?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Э.Романенконың домбыраға «леска» тағуы алғашқы кезде қазаққа керемет жаңалық болып көрінгенмен, екінші жағынан киелі аспаптың қоңыр үнін жоғалтып алған жайымыз бар. Енді оны жасайтын қазір адам қалмады. Төл аспаптарына отандық ішегі жоқ және оны өзі жасап шығара алмай отырған жалғыз халық, ол  біз екенбіз. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақ қырғыз ағайынның өзі қомузына «лесканы» тақпайтын сыңайлы. Олар Қытайдан жібек алдыртып, иіріп, өңдеп барып қана пайдаланатын көрінеді. «Мінеки, төл өнерге деген жанашырлық. Түбі түркінің кіндігінен 40-тан астам нәсіл тараса, солардың ішінде ішексіз отырған біздің домбырашылардың осыншалық қорлық көретіндей басына не күн туды? Және мұны үлкен кемшілік, орны толмас олқылық санап жүрген жанды көрмейтініміз тағы бар-ау. Бұл  қазақы үннің түп-тамырынан ажырап қалумен тең жағдай. Домбыраның акустикалық жүйелері туралы ғылыми диссертация қорғаған ғалым Жұмагелді Нәжімеденов қазақтың қасиетті қара домбырасының қоңыр үні жоғалды деп өмірден өтті», - дейді мақала авторы.

***

Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет ететін туристік операторлар 2016 жылдың ең үздік ұсыныстарын ел азаматтарына жарыса жеткізіп жатыр. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақстанда демалу неге қымбат?» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Мақалада еліміздің бірқатар демалыс аймақтарындағы бағалар көрсетілген. Мәселен, Алакөлде екі адамдық бөлмелерге бір күнге  4000-5000 теңгеден басталады, ал шын мәнінде демалып жатуға боларлық бөлмелердің бағасы 7000-8000 теңгеден кем түспейді. Жергілікті тұрғындар өз үйлерін арзан бағаға жалға береді. Бір күнге жалдау ақысы  3500 теңгеден бастау алады. Ал Бурабайдағы қонақүйлердің бағасы жаздық бөлмелер  5000-6000 теңгеден тұрады. Стандарт нөмірлер күніне  12000-13000 теңгеден басталса, жартылай люкс нөмірлер  18000 теңгеден, ал люкс бөлмелер 22000-25000 теңгеден басталады. Балқаштағы демалу орындары бір жатын орнына 3000 теңгеден басталып, люкс нөмірлер 12000 теңгеге дейін жетеді. Тамақтану үшін бөлек шығынданасыз. «Кейбір туроператорлар ішкі туризм бағытында топтық турлармен айналысады. Әдетте мұндай турлар бірнеше күнге созылады. Биылғы ұсыныстарды шолып көрсек, Алтынемелде 2 күнге демалу  99000 теңгеге, Көлсайда 3 күнге  134000 теңгеге, Астанада 3 күнге  65000 теңгеге, Алматыда 4 күнге келіп демалу  79000 теңгеге, ал Жетісу өңірін 6 күн аралау 271000 теңгеге шығады. Әдетте мұндай турларды шетелдік туристер көбірек пайдаланады», - деп жазады автор.

 

«Тамыз айында Рио де Жанейрода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарына қатысатын дзюдошылар толықтай белгілі болды», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Қазақ дзюдошыларын не күтіп тұр?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Бразилиядағы додада бар-жоғы үш жігітіміз ғана бақ сынау құрметіне ие болды. Олар  Елдос Сметов (60 келі), Жансай Смағұлов (66 келі) және Максим Раков (100 келі). «Әсіресе, біз 60 және 66 келі салмақ дәрежелерінде белдесіп жүрген балуандарға ерекше риза болдық. Елдостан (60 келі) бөлек, Рустам Ыбыраев пен Айбек Имашев бар. Жансайдан (66 келі) бөлек, Азамат Мұқанов пен Елдос Жұмаханов бар. Бір-біріне қарсылас болуға лайық бұл өрендердің өнері көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамыз. Ал 73, 81, 90 және +100 келі салмақтарда бәсекелестік жоқтың қасы. Соның салдарынан осы салмақта күш сынасып жүрген жерлестеріміз жолдамадан қағылды. Тіптен, тәжiрибесі толысып, бұған дейін де бірқатар байрақты бәсекелерде олжа салған отандастарымыз бұл жолы өз несібелерінен қағылды», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың елордамыз Астана жайындағы көлемді мақаласы жарық көрді Онда «ақылды қалалар» тұжырымдамасы рухына сай келетін елордалық жобалар турасында сөз  қозғалған. Мәселен, Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, «Smart-емхана» жобасы ішкі және сыртқы бизнес процесстерді автоматтандыру есебінен медициналдық қызметтер сапасын арттыруға бағытталған. Үлкі жоба елорданың № 4 қалалық емханасына енгізілген. Жоба аясында 136 мыңнан астам емделушіге қызмет көрсетілген. Ағымдағы жылы бұл жобаны қаланың тағы да 5 емханасына енгізу жоспарланып отыр. Мақала «Астана - флагман «зеленого» будущего Казахстана» деген тақырыппен берілген.