Қазақтың ұлттық өнерін жалғастырған Қытайдағы шебер - шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу
Ер-тұрман жасау өнерін атадан жалғастырған шебер -CNR

Ер-тұрман – атқа мініп жүруге қажетті жабдықтардың жиынтық аты. Әдетте ер-тоқым, ер деп те аталады. Ер-тұрманға ерден басқа тоқым, ішпек, тебінгі, үзеңгі бау, үзеңгі, айыл, өмілдірік, құйысқан кіреді.
Қазіргі заманда ер-тұрман жасаушы шеберлер сирек кездеседі. Ал, Қытайдың Алтай қаласы, Әбитан қалашығы Қызылүйеңкі ауылының тұрғыны Сәмет Әзілұлы ер-тұрман жасау өнерін атасынан үйреніп, жалғастырып келеді, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.
Ол басында бұл өнерді үйренудегі мақсаты – атасының тілегін орындау үшін ғана болған. Болашақта кәсіп ретінде жалғастырып кетемін деп ойламапты.
Бүгінде шебер атасынан үйренген осы өнердің арқасында әжептәуір табыс тауып отыр.
Сәмет Әзілұлы жасаған ер-тұрмандар ағаш материалын таңдаудан жасалуына дейін тапсырыс берушінің өтінішіне қарай жобаланады. Шебер қандасымыздың бір ерекшелігі ер-тұрман жасағанда, ол арнайы машинаның көмегімен жасамайды. Ер-тұрманның қыры, кеңдігі және басқа да өлшемдерін әкесінен үйренген білімі мен жеке тәжірибесіне сүйеніп, өз қолымен жасап дайындайды. Ол әр жылы қыс маусымындағы бос уақытында 20 ер-тұрман жасап, 30 мың юань(шамамен 1 950 000 тг көлемінде – авт.) кіріс кіргізеді.
69 жастағы шебер Сәмет Әзілұлы ер-тұрман жасау өнерін өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастапты. Ол ақ қайың, ақ терек және жиде ағаштарын материал ретінде ер-тұрман жасауға пайдаланады. Шебердің айтуынша, жоғарыдағы ағаш түрлерінің ортақ ерекшелігі - өте мықты. Мұндай материалдан жасалған ер-тұрманды 40-50 жыл пайдалануға болады. Оған 90-шы жылдардың басында ер-тұрманды жасатқандар арада 30 жылдай уақыт өтсе де қазірге дейін сол қалпында пайдаланып жүрген көрінеді.
1 300 тоннадан астам қазақстандық арпа дәні пойызбен Хунаньға жеткізлді - «Халық» газеті

1 300 тоннадан астам қазақстандық арпа дәні тиелген арнайы пойыз Хунаньға келді. 4 сәуірде Қазақстаннан 50 контейнерге 1 300 тоннаға жуық арпа тиеп қайтқан арнайы пойыз Хунань өлкесінің Юэян қаласындағы Чэнлинжиге келді, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті ақпараттық порталы.
Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл - «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдер мен аймақтардан Юэянға астық импорттауға арналған биылғы бірінші халықаралық пойыз.
Айта кету керек, пойыз Қазақстаннан жолға шығып, Шыңжаңдағы «Алашанькоу» кеден бекеті арқылы Қытайға кіріп, 10 000 шақырымнан астам жол басып, Чэнлинзиге жеткен. Бұл арпалар соңында Юэянның экономикалық даму аймағына жем-шөп өңдеу үшін жіберілмек.
«Болашақта Юэйянның мал шаруашылығы кәсіпорындарының жем-шөп сұранысын қанағаттандыру үшін Қазақстанның арпа мен жүгері сияқты астық өнімдері де осы араға бірінен соң бірі келетін болады», деп жазады қытайдық БАҚ.
Қазақстан мен Моңғолия сот жүйесі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі - «Kaznews»

Қазақстан мен Моңғолия сот жүйесі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы осы аптада Моңғолияның»Kaznews» ақпараттық порталы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Аталған ақпарат көзінің дерегінше, 2023 жылғы 5 сәуір күні Ұланбатыр қаласында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолия Жоғарғы сотының Төрағасы Дамдины Ганзоригпен кездесті.
Кездесу кезінде тараптар өз елдерінде болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістермен өзара қысқаша таныстырып, екі мемлекетте жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар жөнінде пікір алмасқан.
Айта кетейік, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әрекеттестіктің түрлі салаларындағы байланыстарды тереңдету сұрақтарын талқылау барысында сұхбаттасушылар сот органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Қазақстанның Ұланбатырдағы дипломат өкілдігі мен Моңғолияның Жоғарғы соты арасында тұрақты жұмыс байланысын құруға уағдаласты.
Өзбекстан мен Қазақстан: сотталғандарға өз елінде жазасын өтеу мүмкіндігі беріледі- «ӨзА»

Сенаттың жалпы отырысында «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айырылған адамдарды жазасын өтеуді жалғастыру үшін беру туралы келісімді (Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 6 желтоқсан) ратификациялау туралы» Заңы қаралды.
Осы Келісімге Өзбекстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 6 желтоқсанда Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында қол қойылды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Өзбекстандық ақпараттық агенттіктің мәліметінше, келісімді ратификациялау арқылы оның күшіне енуі сотталғандарды беру саласындағы нормативтік құқықтық базаны қалыптастырады және екі елдің құзыретті органдарының осы саладағы өзара ынтымақтастығын одан әрі жетілдіруге қызмет етеді.
«Бұл келісім Өзбекстан мен Қазақстан азаматтарына сот тағайындаған жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік береді. Құжатқа сәйкес, сотталғандар тараптардың өтініштері негізінде заңда белгіленген тәртіппен ауыстырылады», де жазады «ӨзА».
Талқылау барысында сотталғандар өз елінде жазасын өтеуі, жақын туыстарымен үнемі кездесуге мүмкіндік беретіні, бұл отбасылық қарым-қатынасқа оң әсер етіп, сотталғандардың қоғамдық өмірге бейімделуіне ықпал ететіні айтылған.
Иран мен Қазақстан азаматтарына 14 күнге визасыз режим орнады - «Parstoday»

«Астана үкіметі Иран азаматтарына Қазақстанға сапарлауға 14 күнге визаны алып тастауға шешім қабылдағаннан кейін Теһран үкіметі Қазақстан азаматтарына да осындай мүмкіндік жасап берді», - деді Ирандағы Қазақстан елшісі.
Бұл туралы осы аптада ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.
Ирандағы Қазақстан елшісі Асқат Оразбай ISNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, Қазақстан Президенті 2022 жылы шілде айында Теһранға ресми сапармен келіп, Иран азаматтарына 14 күн визасыз Қазақстанға баруға рұқсат етілетінін жарияланған соң бұл шара сапардан бір ай өткен соң жүзеге асырылды, - деп мәлімдеген.
«Parstoday»-дің дерегінше, Иран үкіметі де қарымта әрекетте енді Қазақстан азаматтары да Иранға 14 күн визасыз сапарлай алатын болды.
Ирандағы Қазақстан елшісі сондай-ақ екі ел арасында тікелей әуе рейстерінің барына тоқталған.
Сонымен қатар, осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігінде «Қазақстандағы Иранның жаңа елшісінің сенім грамотасы осы елдің Сыртқы істер министрлігіне табысталды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген.
Қазақстандағы Иранның төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар ҚР СІМ-ге барып, өзінің сенім грамотасының көшірмесін осы ведомство басшысының орынбасары Қанат Тумышқа тапсырды. Әли Акбар Джоукар Қазақстанға келгеніне қуаныш білдіріп, ИИР-дың сыртқы саясатындағы Қазақстанның маңызды да айшықты орнына тоқталған.
Еске сала кетейік, 6 сәуір күні Иранның жаңа елшісі Қазақстан президентіне сенім грамотасын тапсырды. Бұл туралы осы аптада ирандық басылымда хабарланған болатын.
«Parstoday» ақпарат агенттігінің келтірген мәліметіне сүйенсек, Әли Акбар Джоукар бейсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде сенім грамотасын тапсырған. Қазақстан президенті Иранның осы елдегі жаңа елшісі қызметіне сәттілік тілеген еді.
Айта кетейік, Иранның Қазақстандағы жаңа елшісі бұл қызметке дейін Иран Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа екінші департаментінің басшысы болған.
Қазақстанға рекордтық деңгейде инвестиция - TRT

Қазақстан соңғы 10 жылда рекордтық деңгейде инвестиция тартты. 2022 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 28 миллиард долларға жетті. 2022 жылы инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,7%-ға өсті, деп хабарлады Түркия Радио Телевизия порталы.
Түркиялық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жасаған мәлімдемеде елге ең көп инвестиция 8,3 миллиард доллармен Нидерландыдан келгені білдірілді. Тізімде АҚШ 5,1 миллиард доллар инвестициямен екінші орында болса, Швейцария 2,8 миллиард доллармен үшінші орында тұр.
Әртүрлі елдерден келген шетелдік инвестициялар негізінен тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, сауда, білім және көлік салаларында тіркелді.
Айта кету керек, ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ең көп инвестиция Атырау облысына, сонымен қатар Алматы мен Астана қалаларына да құйылған.
«Қазақстан үкіметі 7 жылда кемінде 150 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. 2029 жылға дейін елде 800-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Жалпы құны 33 триллион теңгеден асатын инвестициялық жобалар елде шамамен 147 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», деп жазды Түркия Радио Телевизия порталы.