Қазақы қалып

Территориялық аумағымыздың алыптығын айтып, қашанғы мақтана береміз? Тарихи, әдеби, қоғамдық зерттеулер жасалса, Қазақстанға тиесілі үлестің қаншалықты болмағын да болжап, бағамдақ отырсақ, қане?
Иә, өткенді зерделесек те, бүгінімізге үңілсек те өзгерген тұсымыз көп. Әлемдік ауқымдағы мозаиканы былай қойып, елішілік келбетіміздің мозаикасын құрастыруды ойласақ, қандай картина көз алдымызға келер екен!.. Алыстағыны айта бермей, соңғы онжылдықтың белесіне көз жіберсек, әлемді өзгерткен техникалық жетістіктер, технологиялық жаңашылдық бізді де айналып өтпегеніне куә боламыз. Бұл өзгерулер бізді қаншалықты есейтіп, біз одан қандай сабақ ала алдық, міне, осы басты мәселе ғой. Әйтпегенде қазақтың жан бұлқынысы төңірегінде айта жөнелер мысалдар да жеткілікті. Осы күнгі үлкендердің сөзіне сенсер болсақ, тіпті кейбіреулері түнеріп тіл қатып:: «Қазіргі балалар қойдың өкпе-бауырын жемейді, ішек-қарнына тіпті жоламайды, бүйте берсе, бір күні ет жеуді мүлдем қойып кетеді ғой. Ет жемеген қазақ қазақ па?», - дейді. Осылайша қазақтың өзгерген жанын тәбет тартымынан да іздейді. Бәлкім дұрыс та шығар, бұрыс та болар, төрелігін уақыт көрсетеді ғой. Тәбет демекші, қазақтың өзгерген жанының мозаикасын бір-бірлеп құрастырсақ, ішімдікке құмарлық дейтін бөлшегінің әлдеқайда ұлғайып келе жатқанын байқар едік. Бұл қазақтың кейбірінің тәбетінің тартқаны сонша, ақпараттық ленталардан күніге біреудің «түйені түгімен жұтқанын», ал енді біреудің ашқұрсақ күйі тіршіліктің күйбеңін күйттегенін де көріп-білер едік... Бүгінгі қалпымыздың, яғни құрастырмақ мозаикамыздың өзіміз үшін жаңашыл, қызғылықты, кіршіксіз таза және қорқыныш-күдіктен ада болмағы да басты мәселе емес пе еді? Сол елішілік келбетті көрсететін мозаиканың көп бөлшегі жалпы сенімсіздік көріністерінен құралғандай. Шындығында, біздің қоғамдағы ең түйткілді мәселенің бірі - өзара сенімнің жоғалуы ма деген қорқыныш бойыңды мұздатады. Бізде қазір ешкім ешкімге сенбеу керек деген бір ұғым пайда болған. Көршің - саған сенбейді, сен - көршіңе, туысың да айналадан жау іздеп отырғаны, жақын достың да сенімнен кеткені қашан? Оны қойшы, дәл қазір біз үлкен мінберлерден айтылар сөздерге де сенбейтін болғанбыз. Осы факторлардың барлығы мемлекеттік орындардың, қаржылық институттардың, банкілердің жұмысына сенімсіздікпен қарауға итермелеуге әкеп соғады. Сайып келгенде бұл бүкіл мемлекеттің тұтастығына, мемлекеттің ішкі бүтіндігіне, дамуына үлкен кедергі, өркендеуіне тұсау емес не? Дәл осы сенімнің жоғалуы ұлтты есейтпей, мінезін өзгерте бастаған тұсымыз секілді көрініп кететін кездер де бар. Бұл мозаикадағы келбетімізден құндылықтарымыздың да өзгергенін байқар едік. Адамгершілік, адалдық, тазалық, әділдік секілді құндылықтардың орнына шенге ұмтылушылық, мансаптыға бас ұру мінезінің өршіп бара жатқанын көретіндейміз. Бұл да біз құрастырар мозаиканың сұрқын қашырып, әлемді сұрландырып тұрғандай. Мозайиканы құрастырып отырып, қоғамда жаппай жауапсыздық белең ала бастағанын байқауға болатындай. Ұлттың ұяты саналатын тұлғалар мұндай бей-берекетсіздікті сыртынан ғана бақылап, қадағалап қана отырған жоқ па екен осы? Әйтеуір қоғамның ішкі реттеуші механизмдері (ар-ұят, жауапкершілік, парыз) әлсіреп кеткендей. Оның бір себебі бүгінгі әлемнің өзінде қоғамдық құндылықтар үлкен өзгерістерге ұшырауда. Батыс ғалымы Эрих Фромм тұжырымдағандай, қоғамдағы нормалар сол қоғам мүшелерінің әлеуметтік мінезін қалыптастырады. Сыбайлас жемқорлықты көріп отырған адамдарға олай жасамаңдар деп құр ақыл айтудың әсер етпейтіні де осыдан. Жас ұрпақ кітаптағы идеалды үлгілерге емес, көзімен көргеніне сенеді. Олар әлеуметтік әділетсіздікке өте сезімтал. Шетінен максималистер. Сыртқы позицияларға оңай ауысып кете береді. Оларда да қоғам әділетсіз, жауапсыз болса, мен неге әділеттілік, жауапкершілік нормаларын ұстануым керек деген түсінік қалыптасқан. Цинизмнің (арсыздықтың) кең етек жаюы, имандылықтың азаюы да осыдан болса керек. Біз жасайтын мозаикадан қазақ атаулының бар мінезі хабар беріп тұрғандай. Рас осы күні уақытпен есептесе алатын, жұмысқа белсенді, өз кәсібіне адал жастардың қатары көбейіп келеді. Мұндай жақсы мінездерді көргенде мозаикамыздың әсерлі бояуларына ұзақ уақыт сүйсіне қарайтындайсың. Алайда, өзінен бұрын өзге елдің таңсығына еліктегісі келіп тұратындардың үлесі барын да мойындамасқа амал жоқ. Сондықтан болар, осы күнгі қазақ басқа ұлттың арманын орындағысы келеді. Сол үшін өзге елдің арманына қол созады. Ендеше, өзіміздің ұлттық арманымызды ойластыруға не кедергі? Біз өз мозаикамызды құрастырғанда, өзге елдің армандары мен мақсаттарына қызет еткісі келген адамдардың келбетін көріп қалып шошып жүрмейміз бе? Бұл мозаикадан әйнегі көзді шағылыстыратын биік-биік үйлердің жым-жылас, жым-жырт, қамсыз тұрғындары да жаныңды жылмия жабырқатады, сол алып ғимараттардың көлеңкесінде қалып қойған қиқы-жиқы үйлердің ішіндегі қилы тағдырлар өз жырларын естірте жырлай алмай жатқандай... Ал біз бүгінгі қалыбымызды айта отырып, елішілік мозаикамен қатар жалпыаймақтық көлемде де ұлттық келбетіміз «боршаланып» жатқанын да естен шығармасақ керек...
Қ.СІМӘДІЛ.