Қазан қаласында Абайға бюст орнатылады

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Қазан қаласында Абайдың бюсті орнатылады. Бұл жайында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингісінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста 423 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Олардың 13-і республикалық, 410-ы жергілікті маңызы бар ескерткіштер.

Былтырдан бері 35 ауланы абаттандыру бағытында жоспарлы жұмыс басталды. Биыл тағы 70 аула аумағын, сондай-ақ 15 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланды.

Олардың бірінде татар ақыны Мұса Жәлелге бюст орнатуды көздеп отырмыз. Сонымен бірге Қазан қаласында Абайға арнап ескерткіш (бюст) орнату жоспарланған», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Сондай-ақ әкім қаланы көгалдандыру бағдарламасы қоғамдық демалыс орындарын ретке келтіруден басталатынын атап өтті.

«Жасыл желектерді күту үшін жергілікті суару жүйесінің бірыңғай схемасы жасалады. 60 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, оның аясында тротуарлар да жабдықталады.

Сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін реттеуге, оның архитектуралық бірегейлігін қалпына келтіруге, неғұрлым біртекті тартымды қалалық ортаны құруға мүмкіндік беретін бірыңғай дизайн код құру жоспарлануда. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр аспалы көпірдің оң жағалауындағы көпірасты кеңістігін пайдалануға бердік.

Бүгінде ол балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, жиналатын сүйікті орнына айналды. Бір аптадан соң, маусым айының 15-і күні, дәл осындай кеңістік сол жағалауда ашылады», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, Бейбітшілік аралын абаттандыру жалғасады.

«Кезінде бұл жерде «балалар теміржолы» болған. Бала кезімізде сол жерге барып, серуендеп қайтатынбыз. Өкінішке қарай, қазір ол жоқ. Сол себепті, біз, аралда «Балалар теміржолын» саламыз. Бұл жер, сөзсіз, балаларымыздың, таза табиғат аясындағы, ең сүйікті демалыс орындарының бірі болады деп сенемін.

Тағы бір жоба – Ертіс жағалауынан аралға апарар жаяу жүргіншілер көпірі. Ол қаламызға көрік берумен қатар, семейліктердің аралға барып, табиғат аясында серуен құруына қолайлы жағдай жасайды», - деді Нұрлан Ұранхаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram