Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары 2012 жылы сатып алған тауар, жұмыс және қызметтердегі қазақстандық мазмұнның үлесі 60 пайыздан жоғары болды
АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының еншілес және оның үлесі бар өзге де кәсіпорындарда 2012 жылы уран өндіру 11,9 мың тоннаға, ал бериллий - 2526, тантал - 213, ниобий - 43 тоннаға жетті. Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұдан бөлек Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы тұрғындары үшін 3 875 463 мың кВт/сағат электр энергиясы, 3 058 535 ГКал жылу энергиясы, 38 518 мың текше метр су, соның ішінде 10 802 мың текше метр ауыз су өндірілді.
Уранның ресурстық базасын ұлғайтуға бағытталған Қазақстан аумағындағы іздестіру-барлау жұмыстарында 2 мыңнан астам барлау ұңғымалары бұрғыланды немесе 1 миллион 10 мың метрден астам барлау бұрғылау жұмыстары атқарылды. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауыты өндірістік қуатымен жұмыс істеп, 98 мың тонна күкірт қышқылын өндірді. Қараша айында «Summit Atom Rare Earth Company» (SARECO) қазақстан-жапон бірлескен кәсіпорны құрған сирек металдардың ұжымдық концентраттарының жаңа өнеркәсіптік кешені іске қосылды. «KAZ PV Қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлі модульдер өндірісін құру» жобасы белсенді дамыды. Жыл бойы Алматы облысындағы Үштөбе кентінде кварц өндіру жолға қойылып, металлургиялық кварц өндірісі қайта жаңғырды. Желтоқсанда Астана қаласында мемлекет басшысының қатысуымен фотовольтаикалық модульдер шығаратын зауыт ашылды. Ал ядролық отын циклында конверсиялық бизнеске кіру жобасын іске асыру аясында Қазатомөнеркәсіп пен канадалық Cameco Corporation компаниясы 2012 жылғы қыркүйекте «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ы базасында Cameco технологиясы бойынша уранды қайта өңдеуге тиісті бірлескен қуаттарды қарастыратын «Уағдаластық туралы меморандумға» қол қойды. Қарашада «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ы мен «ТВЭЛ» ААҚ «Уран байыту орталығы» жобасының балама нұсқасын іске асыру үшін қажетті заңдық-міндеттеуші құжаттарға қол жеткізді. Жобаның нақты іске асуы 2013 жылдың бірінші жартыжылдығына межеленіп отыр. KPMG компаниясы өткізген корпоративті басқаруды диагностикалау нәтижелері бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ рейтингі 70,4 пайызды құрады. Бұл «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялар бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Желтоқсанда Қазатомөнеркәсіп «Инновациялық серпін» санатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ 2012 жылдың қорытындысы бойынша «Инновация көшбасшысы» атанды.